ҚЫРЫҚБАЕВТЫ ОРЫНСЫЗ АЙЫПТАЙ БЕРУ ДҰРЫС ЕМЕС

428
8

Бүкiл Қазақстан бойынша ең көп мерзiмдi баспасөздердiң шығатын жерi – Оңтүстiк Қазақстан облысы. Әлбетте, басылымдар көп болған соң, олардың бiр бағыттағы тақырыпты көтермейтiндерi әмбеге аян. Осыған орай, бiздiң облыстан шығатын газеттердiң әрқайсысының көтерер салмағы мен алған бағыттары әртүрлi. Сөз еркiндiгiне рұқсат берiлген мынандай заманда бар шындық пен ақиқатты ашып жазатын газеттердiң болғаны да жөн шығар.

Дегенмен, соңғы кездерi бiздегi басылымдар әлдебiреулерге үстемдiк жасауға немесе төрелiк айтуға құмар болып жатқан сияқты. Тiптi кейбiр газет редакторлары «әкiмдер мен түрлi саланың басшылары менен үркiп жүрсiн» дегендей, олардың үстiнен әртүрлi пиғылдағы мақалаларды жиi басады. Бiз бүгiн бiреудiң атын атап, түсiн түстеуден аулақпыз, алайда облыс көлемiнде жұрт санасында пәлелi нәрселердi көп қуатын газет деген атты иемденген бiрнеше үнқағаздар бар. Ондай үнқағаздар кейде өз кейiпкерлерiн оңды-солды сынап, бiраз келеңсiз мәселелердiң басын шалады. Осы сөзiмiздiң айғағы ретiнде бiздiң облысымыздан шығатын бiр басылымда  Оңтүстiк Қазақстан облыстық туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасының бастығы Болат Қырықбаев туралы жазылған жөнсiз мақала басылған. Ол газет Болат Қырықбаевты бiр емес, екi рет сынап жазған. Көтерген мәселелерi бiреу-ақ. Жуырда Лондонда аяқталған олимпиадаға қатысқан бiздiң спортшыларымыздың жетiстiкке жете алмағанына басқарма бастығы Б.Қырықбаевты кiнәлап, оған  жөн-жосықсыз тиiскен. Ол газеттiң басты айтпағы – жыл сайын облыстық спорт басқармасына бөлiнiп жатқан миллиондаған қаржының қайда кеткендiгiне сот судьясы тәрiздi талдау жасап, өздерiнше баға бермекшi болған. Осыған қатысты менiң бiр айтарым, әлгi газет басқарма iшiндегi сан-салалы жұмыстарды түсiнбейтiндiктен, мұндай пiкiрдi көлденең тартып отыр-ау.

Жұрттың бәрiне белгiлi, облыстағы спортшылардың көптiгiне орай, әр облыстағы басқармаға тиiсiнше ақша бөлiнедi. Әлгi газет Қарағанды мен Оңтүстiк Қазақстан облыстарының спорт басқармаларына бөлiнген ақшаларды есептей отырып, спортшылардың Лондон олимпиадасында жеткен жетiстiктерiн тiзбелейдi. Спортта «Бақ шаба ма, бап шаба ма?» деген сөз бар. Осы қағидаға жүгiнсек, жарыстарда, мәселен, олимпиадада спортшылардың кейде жолы болып, кейде жолы болмай жатады. Бұл – бiр ғана бiздiң облыстың спортшыларына ғана тән емес, бүкiл әлемнiң спорт майталмандарына қатысты нәрсе. Сондықтан да, республикада мемлекет тарапынан ең ақша көп бөлiнетiн Оңтүстiк Қазақстан облысының спорт басқармасына қарасты спортшыларды дүбiрлi жарыста үлкен жетiстiкке жете алмады деп кiнәлау орынсыз.

Бiр айта кететiн жәйт, республика бойынша әлгi газет сөз еткен Лондон олимпиадасына бiздiң облыстан 13 спортшы қатысып, бұл тұрғыда алдыңғы орыннан көрiндi. Ендi оларды «Сендер көп ақша аласыңдар, бiрақ тындырғандарың шамалы» деп кiнәлай отырып, басты айыпкер ретiнде басқарма бастығы Болат Қырықбаевты шегелеп көрсету – тағы да жөнсiздiк.

Егер Болат Қырықбаевтың жеке басына келсек, ол – өзiнiң спорттық ғұмырында талай жетiстiктерге жеткен озық майталман. Болат Қырықбаев бiр кездерi, нақтылап айтқанда, Б.Сапарбаев облыс әкiмi болып тұрған уақытта да осы басқарманы басқарған. Сол кезде, Сиднейде олимпиада өткен. Сонда жиырма жасар бағланымыз Б.Саттарханов олимпиада чемпионы атанған. Сонымен қатар Шалыгина, Довгун, Юсупова тағы да сол сияқты спортшыларымыз биiк-биiк белестерге жеткен. Бұдан кейiнде Б.Қырықбаев тәрбиелеген талай жастар республика, әлем деңгейiндегi жарыстарға қатысып, үлкен тұғырға көтерiлген. Мақтаныш тұтатын ондай жүлдегерлерiмiз бен майталмандарымыз облысымызда әлi де аз емес. Осының барлығы басқарманың тiзгiнiн ұстап отырған Болат Қырықбаевтың еңбегi емей, немене?!

Мен әңгiме етiп отырған газет Б.Қырықбаевтың журналисттерге берген сұхбатындағы «Бiр лицензия ала алмаған облыстар бар. 13 лицензияны иеленiп, ел намысын қорғадық» деген сөзiн келтiрiп, оны даттағаны ма, мақтағаны ма, белгiсiз, әйтеуiр биылғы олимпиадада жетiстiкке жете алмаған спортшыларымыздың жолы болмағандығына Қырықбаевты кiнәлағандай, екiұштылау пiкiр айтыпты. Соған керiсiнше, мақаланың бiр тұсында «… Қалған спортшыларымыздың барлығы дерлiк алғашқы жекпе-жектерiнде ұтылып қалды. Рас, мұнда төрешiлер тарапынан әдiлетсiз шешiмдердiң жиi жiберiлгенiн, осының салдарынан, әсiресе, бокс пен дзюдодағы үмiттерiмiздiң ақталмағанын мойындауымыз керек…» осылай айтып келедi де, спорт басқармасына қатысты «бiрақ бұл спорт. Бiрдi-екiлi спортшы болмаса, бүтiн құраманың сәтсiздiгiн осыған жаба салу қисынсыз» деген сөз айтады. Жалпы, мақаладағы айтылып жатқан ой-пiкiрлердiң көпшiлiгi бiр-бiрiне қарама-қайшы. Сонымен бiрге олимпиада аренасында Б.Қырықбаевтың өзi сайысқа қатысқандай немесе мүлт кетiп, аңдаусыз құлаған үмiткердей «Қай жерден мүлт кеттiңiз, Қырықбаев мырза?» деп мақалаға тақырып қояды.

Бiздiң елден бұл айтулы жарысқа 116 спортшы қатысты. Негiзiнде осы 116-ның жүлдеге iлiкпесе де, 13-i бiздiң облыстан барғандығы үлкен мақтаныш емес пе?! Осы спортшылардың көпшiлiгi бұрындары әлемдiк рейтингi ең жоғары олимпиада ойындарына қатыспаған. Осының өзi де спортшыларға көп әсерiн тигiзедi. Аталған мақаланы жазып отырған автор әлемдiк деңгейдегi жарысқа қатыспақ түгiлi ауыл арасындағы майда-шүйде спорттық турнирлерге қатысып көрсе ғой. Сонда көрер едi, жекпе-жек пен тайталас жарыстарға түсудiң қандай қиын екенiн. Ия, кiмге болса да сыртан ақыл айту мен пiкiр қосу оңай. Ал жұмыс барысы, жарыс жолы тiптi қиын. Осыны түсiнбеген жоғарыдағы басылым, оқырмандарды пiкiрталасқа шақырыпты. Бұл тiрлiктерiмен аталмыш газеттiң ненi көксеп отырғаны беймәлiм. Бәлкiм ол басылым басқармаға бөлiнген ақшаны бастық өз қалтасына тығып жатыр деген ойды қозғаған ба… еш түсiнбедiк. Мен бұл мақаламда бiреудi кiнәлап, бiреудi ақтағым келiп отырған жоқ. Спорт саласындағы жұмысты жақсы түсiнетiн адам ретiнде төрелiк сөз айтып отырмын. Бiр жолғы әлемдiк үлкен жарыста спортшыларымыз айтарлықтай нәтижеге қол жеткiзе алмады деген желеумен басқарма бастығына көпе-көрнеу сөз айтып, сыртынан тон пiше салу – азаматтыққа жатпайды. Мен бiлетiн Болат Қырақбаев – даңқты спортшы, бiлiктi бапкер, сондай-ақ iскер басшы. Оның ұйымдастырушылық қабiлетi де жоғары. Сондықтан да оны орынсыз айыптай беру дұрыс емес деп бiлемiн.

Мен алдағы уақытта Оңтүстiк Қазақстан облысының туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасының бастығы Болат Қырықбаев туралы оқырмандардан пiкiр бөлiсудi сұранамын. Ол кiсi жайлы өз пiкiрiмдi жоғарыдағы газетке емес, «Уақыт» газетiне жолдауды жөн көрдiм. Пiкiрталас әрмен қарай жалғаса беретiн болса, тағы да айтарым бар екенiн ескертiп өтемiн.

 

Ұ.ҚАЛЖАНОВ,

Еңбек ардагерi.

Шымкент қаласы.

 

Сiз не дейсiз?

Рахым ТӘҢIРБЕРГЕНОВ, ОҚО мәслихатының депутаты:

-Мен соңғы кездерi Оңтүстiк спортына айтылып жүрген кейбiр cын пiкiрлерге қосылмаймын. Спорт деген — өте әзiк нәрсе. 2000 жылы Болат Қырықбаев өңiрдiң спортын басқарып тұрған шақта Сиднейде бокстан марқұм Бекзат Саттарханов олимпиада чемпионы атанып, өңiрiмiздiң  мерейiн асырып жiбердi. Б.Қырықбаевтан кейiн аталмыш саланы әртiс те, дәрiгер де басқарып, спортты әбден құлдилатып алды. Өзiңiз бiлесiз, осы кiсiнiң арқасында Оңтүстiкте қаншама чемпиондар дайындалды. Лондон олимпиадасында Қазақстан құрамасы үлкен нәтижеге қол жеткiздi. Олимпиада сайын тек оңтүстiкқазақстандықтар жүлде алсын деген қағида жоқ қой. Оңтүстiктiң спортшылары бұл жолы жеңiске жете алмаса, келесi жолы жетедi, басқа облыстар да алсын. Жеңiс барлық қазаққа ортақ. Сол себептен Болат Қырықбаевты өзiм бiлiктi маман ретiнде қатты құрмет тұтамын, оның талабы өте жоғары. Оңтүстiктiң спортында өзiнiң қолтаңбасы қалыптасқан азамат деп бiлемiн.

 

 

 

Сiз не дейсiз?

Әлия ЮСУПОВА, жаттықтырушы:

— Үш жылдан берi халықаралық турнир өткiзiп жатырмыз. Шынын айтайын, мұндай турнир елiмiздiң басқа облыстарында өтпеген. Астана мен Алматыда аталған турнирге қаржы қаралмайды. Шетелден келетiн спортшыларды шақырып, турнирдiң жоғары деңгейде өткiзiлуiне ұйытқы болған ОҚО туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасының бастығы Болат Нарызбайұлына алғысым шексiз. Кезiнде өзi де спортпен айналысып, iрi жеңiстерге жеткендiктен, спорты түсiнедi, оны жүрегiмен ұғына алады. Мұндай жандар спорт саласын басқарып тұрғанда, Оңтүстiктiң спорты биiк белестерден көрiнетiнiне сенiмдiмiн.

 

 

 

 

Сiз не дейсiз?

Мырзағали АЙТЖАНОВ, Бокстан ҚР Ұлттық құрамасының бас бапкерi:

-Болат Қырықбаев көптеген спартакиадаларда жеңiске жетiп жүрдi. Ол өзiнiң бүгiнгi орнына лайық азамат. Биылғы Лондон олимпиадасында Қазақстан спортшылары үлкен жетiстiктерге жеттi. Осы олимпиадада оңтүстiкқазақстандықтардың жолы болмағаны, бәрiмiзге де батады. Әттең Бiржан Жақыпов жеңiске жеткенде, Оңтүстiк өзiнiң алдыңғы жетiстiгiн жалғаған болар едi. Бiр ғана олимпиаданың көрсеткiшiне бола, Қырықбаевты қызметiне лайық емес деп пiкiр айтуға болмайды. Ол — өзiнiң жұмысын  жақсы бiлетiн, бiлiктi спорт маманы.