«БIЛIКТI КАДРСЫЗ ЕШТЕҢЕ ШЕШIЛМЕЙДI»

358
0

ҒАЛЫМЖАН АЙНАБЕК, ДӘРIГЕР-ДЕПУТАТ:

Шымкент қалалық жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрiгерi, Шымкент қалалық мәслихатының депутаты Айнабек Ғалымжан Асанұлымен сұхбаттасудың сәтi түсiп, ашық әңгiмемiз жарасымын тапқандай болды.

— Ғалымжан Асанұлы, өзiңiзден дәрiгер ретiнде халыққа көрсетiлiп жатқан медициналық көмек, жалпы бүгiнгi ел денсаулығы туралы бiлсек деп едiк.

— Бүгiнде халқымыз денсаулыққа зор мән берген, «әуелгi байлық – денсаулық, кейiнгi байлық – он саулық» деп тегiн айтпаған. Себебi, екеуi бiр-бiрiмен өте тығыз байланысты ұғымдар. Елбасымыз Н.Назарбаев Жолдауында медицина саласына ерекше көңiл бөлдi. Ол кiсiнiң тапсырмасымен 2 ай iшiнде Қазақстанда онкологиялық жәрдемдi дамыту бағдарламасы шұғыл әзiрлендi. Астанада ұлттық медициналық холдинг құрамында «Ұлттық  ғылыми онкологиялық орталығы» өз жұмысын жаңа арнаға салды. Бұл мәселелер бiздiң облыста да қолға алынып отыр. Халықтың орташа өмiр сүру деңгейi артты. Елiмiзде 68 жас, облысымызда 69,4 жасты құрайды. Бұл көрсеткiш әлi де арта түсетiн болады. Мұның барлығы халыққа көрсетiлiп жатқан медициналық көмек пен салауатты өмiр салтын қалыптастыра бiлуiмiзден екендiгi даусыз.

— Сiз басқарып отырған аурухана жұқпалы ауруларды емдеуге арналған. Осы сала бойынша қаладағы, облыстағы ахуалға тоқталсаңыз.

— Бiздiң облыс атақты Жiбек жолы бойына орналасқан, мұнда халықтың келуi, кетуi тым жиi болады. Ташкент сияқты үлкен қаланың облысқа жақын орналасуының да әсерi зор. Сондықтан сырқатты емдеуден гөрi алдын алудың маңызы зор. Бiзде оған мол мүмкiндiктер жасалған, аудандардағы осындай ауруханаларға әдiстемелiк тұрғыда жәрдем берiп отырмыз. Қазiргi таңда жұқпалы аурулар деңгейi қанағаттанарлық дәрежеде деуге болады. Анау айтқандай, дабыл қағарлық төтенше жағдайлар тiркелген жоқ. Ғимаратымыз 1986 жылы салынған, араға 26 жыл салып, жақында күрделi жөндеуден өткiзiп алдық. Дәл әрi жылдам диагноз қоюға арналған соңғы үлгiдегi техникалармен жарақтандық. Аурухана 410 орынға арналған. Қазiр 320-380 аралығындағы сырқаттар ем қабылдап жатыр. Ауруханаға күн сайын 60, 70 адам түседi. Клиникалық және бактериялық 2 үлкен зертханамыз бар.

— Iс тетiгiн шешетiн кадрлар десек, сiздерде бұл жағы қалай шешiлген, осы жөнiнде де айта отырсаңыз.

— Рас айтасыз, сапалы кадрсiз ештеңе шешiлмейдi. Бiзде тәжiрибелi, мықты мамандар бар, олар зейнет жасына жетсе де, бiз олардың еңбегiн, тәжiрибесiн пайдаланып отырмыз. Амангелдi Шотбаев ағамыздың еңбек кiтапшасында «инфекционист дәрiгер етiп қабылданды» деген бiр ғана жазу тұр. Бар саналы ғұмырын осы салаға арнаған. Қиын кездерде, жұқпалы аурудың белгiлi түрлерi белең алып, мемлекет бақылауына алынған шақтарда бiздi қиындықтан алып шыға бiлген жан. Сондай-ақ, Тәшен Астанұлы Хусейнов те бiлiктi маман. Ол кiсi бруцеллез ауруларының нағыз тамыршысы. Бұл ауру ветеринариямен тығыз байланысты. Осы аурудың алдын алу, емдеу деңгейi бойынша Жамбыл облысынан кейiнгi екiншi орындамыз.

Бұл кiсiлер тек өз қызметiмен шектелмей, жас мамандарды тәрбиелейдi. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға»,- демекшi, бiлiм – бiлiктiлiктерiн жас дәрiгерлерге көрсетiп, сапалы мамандар қалыптастыруда.

Сондай-ақ, Ж.Жайықбаева, Б.Рыстаева, Ж.Әбсаттаров, М.Әуелбеков, Е.Әкiмжанова сияқты дәрiгерлерiмiз өз iсiнiң майталмандары, бұл кiсiлер менiң көмекшiлерiм әрi әрiптестерiм. Бәрiмiз жұдырықтай жұмылып, халық денсаулығын қорғау сапында жемiстi еңбек етiп жатырмыз.

— Жұқпалы аурулар туралы әңгiме қозғалса, жұрт алдымен сары ауруды «гепатит-С» дегендi есiне түсiредi? Неге?

— Неге десеңiз, бұл кеселдiң адамзатқа алып келген апаты жойқын болған, сонан болар, Дүниежүзiлiк денсаулық сақтау ұйымының бастамасымен жыл сайын 28-шiлде «Дүниежүзiлiк гепатитпен (сары ауру) күрес күнi» ретiнде аталып өтiледi.

Бұл кеселмен күрес Қазақстанда әлемдiк талаптарға сай жүргiзiлiп отыр. Денсаулық сақтау Министрлiгi тарапынан көптеген нормативтiк құжаттар дайындалып, қабылданды. 2012 жылы 17 ақпанда «Гепатит ауруымен ауырғандарды қарау мен емдеудiң ережелерiн бекiту туралы» денсаулық сақтау Министрлiгiнiң №92 бұйрығы шықты. Бұл бұйрық бойынша диагнозы бекiтiлген науқастардың барлығы тегiн емделедi.

Осы кеселге диагноз қою мен емдеудiң  Еуропалық, Америкалық Ассоциациялары дайындаған және ұсынған талаптар жиынтығын емдеудiң «Алтын стандарттары» деп атайды. Тап осы «Алтын стандарттар» талабы бiзде толық орындалғанын мақтанышпен айтамын. Бұл кеселдi емдеу мемлекет үшiн аса қымбатқа түседi. Әлемнiң әртүрлi елдерiнде 18-25 мың долларды құрайтынын ескерiңiздер. Бiзде тегiн. Сақ болған жөн.

— Ендi депутат ретiнде әңгiме ауанын әлеуметтiк мәселелерге, сайлаушылардың мұң–мұқтажарына, тiлектерiне қарай бұрсақ…

— Мен «Нұр Отан» ХДП-ның 10 жылдан берi мүшесiмiн, бастауыш ұйымның төрағасымын. Содан болар, осы партияның атынан сайлауға түсуге бел будым. «Қазығұрт» мөлтекауданының халқы менi жылы қабылдап, үлкен сенiм бiлдiрдi. Бұл аймақта ауызсу, балабақша, мектеп, жарық, газ мәселелерi ушығып тұр екен. Халық өте тығыз орналасқан, үй салуға жер телiмiн бергенде көптеген архитектуралық қателiктер кеткен. Мәселен, көше ортасына көлденең үй түскен, оны айналып өтсеңiз, қайтадан тар көшеге тап боласыз. Бұл су, жарық, газ жүргiзуге үлкен кедергi. Осы мәселелердi шешуге қалалық мәслихатта мәселе көтердiм. Бюджеттi нақтылау сессиясында №7 сайлау округi бойынша 11 көшедегi 694 үйдi газдандыруға қаржы бөлiндi.  Сайлаушылармен жиi кездесiп тұрамыз. Шақыру түсiп жатса, мiндеттi түрде барамын. Айына 2 рет әкiмшiлiкте болып, сайлаушылармен қабылдау өткiземiн.

— Шымқалаға сiздердiң келiсiмдерiңiзбен жаңа басшы тағайындалды. Қайрат Молдасейiтовпен депутат ретiнде қандай да бiр iскерлiк байланыстарыңыз болды ма?

— Ол кiсi туралы депутаттар арасында оң пiкiр қалыптасып үлгердi. Сөзден гөрi iстiң адамы екенiн бiртiндеп дәлелдеп келедi. Халықтың қалың ортасында болғанды ұнатады екен. Өздерiңiз көргендей, көктемде қатты жауған жаңбырдан 16 үй суға шайылды. Әкiмдi сол жерден таптық. Өз көзiмен көрiп тұрып, iстi шебер ұйымдастыра бiлдi.

«Құрсай» мөлтекауданында халықпен жүздесуде қасында болдым. Сол жерде ол мектеп құрылысы мәселесiн шешiп бердi. Дәлiрек айтқанда, қосымша қаржы көзiн тауып, жаңа мектеп салынатынын айтты. Айтса айтқандай, 147 млн. теңге бөлiнiп, 900 орындық жаңа мектеп құрылысы басталды.

— Рухани өмiрiмiзге байланысты, яғни тiлiмiздiң қазiргi ахуалы, болашағы туралы қандай ойдасыз?

— Бәрi өзiмiзге байланысты. Қазақ бар жерде тiл жойылады дегенге мен иланбаймын. Тарихи жағдайларға орай тарыдай шашылып кеттiк. Маңғолиядан келгендермен бiрге оқыдық. Шетте жүрсе де, олар тiлге, әдет-ғұрыпқа бiзден гөрi жетiк болып шықты. Орыс тiлiнiң елiмiзде үстем болуы түрлi себептерге байланысты. Қазiргi мемлекеттiк тiлге барынша жағдайлар жасалып жатыр. Ғылымның барлық саласы мемлекеттiк тiлге көшiрiлiп, жаңа оқулықтар дайындалуда. Бiздiң медицина да ана тiлiмiзде сөйлеп жатыр. Осыларға қарап, өзiмiздiң де, өзгелердiң де мемлекеттiк тiлге деген ықыластары жоғары екенiн аңғарамыз.

— Сөз соңында, өзiңiздi депутат-дәрiгер ретiнде бiлетiндiктен, алдағы кездегi жоспарларыңыз, денсаулықты сақтау, нығайту туралы ойларыңызды бiлсек деп едiк.

— Аллаһтың берген жасын ұзарту – адамның тiкелей қимыл-қозғалысына, тамақтануына, салауатты өмiр салтын сақтауына тiкелей тәуелдi. Қимыл-қозғалыс дегенiмiз – денешынықтыру мен спорт. Елбасымыз Н.Назарбаевтың спортшы екенiн бiлесiз, нақты тапсырмалар беруi тектен-тек емес, бұл бiр. Екiншiден, тамақтану туралы кеңестер көп айтылады, оны бәрiмiз бiлемiз. Бiрақ, сол қағидаларды сақтаймыз ба, әңгiме осында. Мен әрбiр жанды жүйелi де, дұрыс тамақтануға шақырар едiм. Үшiншi, салауатты өмiр салтын ұстану. Дұрысын айтқанда, iшiмдiк, темекi, наша, т.б. адам өмiрiне тiкелей қатер төндiретiн жат әдеттерден бойды аулақ салу болып табылады.

— Салиқалы әңгiмеңiзге алғысымызды айта отырып, ел игiлiгi үшiн абыройлы еңбек  етуiңiзге тiлектеспiз!

— Рахмет!

Сайлау ҚҰЛЖАНОВ.