ӨНЕРКӘСІП ӨҢІР ТІРЕГІ

69
0

Шымкент қаласындағы «Тассай» индустриялық аймағына «Эко-Фарм» серіктестігі медициналық бұйымдарды шығаруда, деп хабарлайды Uakit.kz.
Шымкентте «Эко-Фарм» компаниясы зауытта медициналық жабдықтар мен жеке қорғаныш құралдарын, атап айтқанда арнайы киімдер мен бетперде және обаға қарсы жиынтықтар шығарады. «Тассай» индустриялық аймағынан кәсіпкерлерге қолдау көрсету мақсатында мемлекет тарапынан  жоба құрылысын жүргізу үшін толыққанды инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген жер учаскелері берілді.
Кәсіпорын мемлекеттік бағадарламасы яғни «Қарапайым заттар экономикасы» шеңбері аясында «Даму» қоры арқылы субсидия алған.  Ашылғанына 10 жылға жуық болған зауыт Оңтүстік Корея, Германия және Австрияның жоғары заманауи технологияларымен жабдықталған. Кәсіпорын арнайы  медициналық киімдер, вакуумдық түтіктер, ине мен оны сақтайтын түтікшелер, дәрі-дәрмекке арналған қобдишалар және медициналық дәкелер шығарады.
«Эко-Фарм» зауытының бас директоры Гүлия Жүзенованың айтуынша, жаңа цехты іске қосқаннан кейін кәсіпорын жыл сайын 600 мың дана қорғаныш киім жиынтығын шығару мүмкіндігіне ие болған. Бұдан бөлек, бүгінде 500 мың дана медициналық киім-кешектер, 40 мың медициналық қорғаныш көзілдірігі және 20 млн бетперде мен респираторлар өндіріледі. Жаңа кәсіпорын жергілікті еңбек нарығы үшін 150 тұрақты жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берді.
Айта кету керек, Шымкентте жалпы шағын және орта кәсіпкерлікті мемлекеттік бағдарламалар аясында қолдау мақсатында 2022 жылға 15,7 млрд. теңге қаржы бөлінген, оның ішінде республикалық бюджеттен – 12,2 млрд. теңге, жергілікті бюджеттен – 3,5 млрд. теңге. Жалпы жыл басынан 11,1 млрд. теңгеге 3 028 жобаға қолдау көрсетілген. Сондай-ақ, өнеркәсіп өнімінің көлемі 2022 жылғы қаңтар-қыркүйек айларында 666,4 млрд.теңгені немесе өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда нақты көлем индексі (НКИ) 106,7 пайызды құрады.