ӨРТ ҚАУІПСІЗДІГІ САҚТАЛҒАН ҮЛГІЛІ ҮЙ

Түркістан қаласы, «Отырар» мөлтек ауданы, Сырдария тұрғын үй кешініндегі №17 үйге осындай баға берілді.

Жылыту маусымы кезінде тұрмыстағы өрттің алдын алу үшін Түркістан қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының инспекторлары, қалалық «Газ инспекциясы» қызметкерлері, өрт сөндірушілер, әкімдік өкілдерімен бірге тұрғындарға өрт қауіпсіздігі туралы түсіндірулер жүргізуде. Еріктілер де қатысқан бұл шарада пәтер иелеріне газ жүйелерін дұрыс пайдалану ережелері жан жақты түсіндірілуде.

Түсіндіру жұмысына жұмылған топ өкілдері  «Отырар» мөлтек ауданы, Сырдария тұрғын үй кешініндегі №17 үй тұрғындарының барлығы қауіпсіздік ережелерін сақтағанына көз жеткізіп, аталған үйге «Үлгілі үй» деген баға берді. Бұл үйде газ жүйелері дұрыс орнатылған. Тұрғындардың бәрі газ плиталарын мақсатты қолданып келеді. Сонымен қатар үйдегі барлық пәтер тұрғындары өздерінің және өзгелердің де қауіпсіздігі үшін ауадағы улы газды анықтайтын дабылқаққыш (газосигнализатор) орнатқан.