АНАЛАР КЕҢЕСІНІҢ БАСҚОСУЫ ӨТТІ

87
0

Шымкентте «Достық үйі» ғимаратында қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің «Аналар – шаңырақ шуағы» атты басқосу өтті.

Аталған жиынды Аналар кеңесінің төрайымы Балқия Көмекбаева ашып, қазіргі қоғамдағы отбасылық тәрбиедегі орын алып отырған біршама мәселелерді қозғады. «Аналар кеңесі – отбасылық құндылықтарды дәріптеу, Қазақстан халқы Ассамблеясы мақсаттарын іске асыруға жәрдемдесу мақсатында құрылған. Бүгінде Шымкент қаласында 13 аналар кеңесі жұмыс істейді, оған 113 ана мүше. Қазіргі қоғамда бала тәрбиесін ұстаздарға артып қою жағдайлары орын алып жүр. Дегенмен ұлт болашағының тәрбиесі аналардың қолында. «Бесігіңді түземей, ұлт түзелмейді» деген. Аналар кеңесі жыл басынан бері 50-ге жуық іс-шара өткізді. Білім мекемелерінде кездесулер ұйымдастырып, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жүр. Осындай игі шараларға өз еңбектерін қосып жүрген аналар кеңесінің мүшелеріне алғысымды білдіремін» деді Балқия Әбдіманапқызы. Сонымен қатар, жиынға «Сенімен болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігінің Шымкент қалалық филиалының төрағасы Асқар Копеев, «ЕуроАзиялық медиация орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Лаура Ақшегірова қатысып, сөз сөйледі. Жиын соңында белсенділік танытқан кеңес мүшелері алғыс хатпен марапатталды. Айта кету керек, бүгінгі таңда үшінші мегаполисте дағдарыс жағдайында тұрған шаңырақтарға психологиялық, құқықтық көмек көрсететін әлеуметтік орталықтардың белсенділігі артқан. Мәселен, жыл басына бері «Бақытты жанұя» орталығына 28 мыңға жуық отбасы жүгінген. Яғни бұл – бір күннің ішінде орташа есеппен 750-ге жуық азамат аталған орталықтың қызметіне жүгінеді деген сөз. Орталық өз қызметтерін ұсынғанымен материалдық тұрғыда ешқандай көмек көрсетпейді, «балық» емес, «қармақ» ұсынады. 9 айдың көрсеткіші бойынша 550 ана тігіншілік, кондитерлік, компьютерлік сауаттылыққа үйрету, шаштараз, SMM курстары, балаларға арналған массаж, маникюр-педикюр, дефектолог-логопед тіл кемістігі бар балалардың аналарына тыныс алу және артикуляциялық жаттығу курстарын тәмамдап, сертификат алды.