БАЛА МЕКТЕПТЕН ҚАЛМАСЫН ДЕСЕК

352
1

Бiз кешегi Кеңестiк кезеңдегi өмiрiмiзге сын көзбен қарауға әбден төсiлiп алдық. Күнгейiнен гөрi, көлеңкесiн көбiрек қаужаймыз. Дегенмен, шындыққа жүгiнсек, жетiстiктер де айтарлықтай бар едi. Соның бiрi – экономикаға, оның iшiнде ауыл шаруашылығына қатысты жәйттер. Ол кезде тракторлар топырақты төбеге көтерiп, шаңдатып ауылда толып жүретiн. Мақта егетiн, арасын баптайтын, арық-атыз тартатын, су айдайтын, химиялық дәрiлермен өсiмдiк өңдейтiн, жүк таситын, күзде жер жыртатын, көктемде оны өңдейтiн, т.б. толып жатқан түрлерi болатын едi. Молдығы соншалық ауыл-аймақта шашылып жататын.

Бұл күндерi мұндай көрiнiс жұрттың түсiне кiретiн болды. Барлық техника жекешеленiп кеткен, толықтырылуы өте баяу болғандықтан, барының техникалық денсаулығы сын көтермейдi.

Судың да сұрауы бар демекшi, өмiрде түрлi өлшемдер пайда болды. Бiр шұқып, екi рет қарайтын уақыт жеттi. Әлемде дамыған елдердi анықтайтын көптеген халықаралық өлшемдер бар. Бұл өлшемдер сол елдердiң экономикалық, әлеуметтiк, рухани салаларын толық қамтиды десек, сiрә, қателесе қоймаспыз.

Соның бiр саласы дамыған елдердегi ауыл шаруашылығының техникалары. Ауыл шаруашылығының мехаликаландыру және машина жасау салаларының дамуы әр 1000 гектар егiстiк жерге шаққандағы техника санымен бағамдалады. Ескеретiн бiр жағдай жерге қызмет ететiн трактор саны бөлек, өнiм жинақтайтын комбайндар саны бөлек алынады екен. Сонымен әр 1000 гектар егiстiкке бөлгенде Германияда – 124, Голландияда – 91, Ұлыбританияда – 86, Францияда – 85, Бельгияда – 82, Италияда – 70, Данияда – 58, АҚШ-та – 35 трактордан келсе, бұл көрсеткiш ТМД аймағында, Өзбекстанда – 26, Беларусте – 19, Украинада – 12, Ресейде – 4 дананы құрайды.

Ал астық жинау комбайндары әр 1000 гектарға Швецияда – 32, Германия, Голландияда – 22, Данияда – 21, Бельгияда – 20, Францияда, АҚШ-та – 19, Англия, Италияда – 14-тен келсе, ТМД-дағы Беларусьте – 11, Украинада – 8, Өздекстанда – 7, Ресейде – 5 данадан келетiн болып шықты.

Осындай цифрлар әлемiмен танысып шыққан соң, бiздегi, оның iшiнде Қазақстандағы бiрден-бiр аса құнды техникалық дақыл мақта өсiретiн аудан Мақтааралдағы ахуал қандай екен деген ойға қалдық. Осы ой бiздi аудан әкiмшiлiгiнiң ауыл шаруашылық бөлiмiне жетелеп әкелдi. Бөлiм бастығының орынбасары Ә.Тәпиев өз iсiне мұқият, жинақы, iскер қызметкер екенiн аңғартты, бiздiң өтiнiшiмiздi тыңдап, түсiнiп алды да, компьютердiң жинақ қалтасынан суырып алып, толық мәлiметтi қолымызға ұстата қойды.

Сонымен, ауданда 1385 әртүрлi маркадағы трактор бар болып шықты. Аудан бойынша егiстiк жер көлемi 136000 гектарды құрайды, сонда әр 1000 гектарға 10,1 трактордан келiп тұр.

2012 шаруашылық жылында 95000 гектар жерге мақта егiлген екен, ал мақта теретiн комбайн саны –  178. Әр 1000 гектар жерге 1,8-ден ғана келетiнiн көрiп отырмыз.

Мектептерде 1 қыркүйекте жаппай сабақ басталып кеттi. Сонымен қатар мақта жинау науқаны басталып та кеттi. Бiз қалайық, қаламайық оқушылар мақта теруге сөзсiз тартылады. Оны бiз комбайнмен қамтылу деңгейiнен-ақ көрiп, түсiнiп отырмыз. Ауылдық жерлердегi мектеп басшыларының «шырылы» биыл да қайталанғалы тұр. Шырылдамай қайтсiн-ай… Бiлiм туралы заңның баптары бiр жағынан, билiктiң талаптары екiншi жағынан, ала-жаздай күткен өнiмiн жинап алуға балаларын алып кеткен ата-аналардың қылықтары үшiншi жағынан өкпелерiн қысып берсе…

Мұндай қиын-қыстаудан шығар жол бар ма? Әрине бар, ол бiр-ақ жол. Трактор мен комбайндарды қалай да көбейту керек. Кезiнде «Күн көсем – Ленин», «Шiркiн, 100000 трактор болса, социализм толық орнар едi»,- деп армандаған екен.

Сол сияқты жергiлiктi билiк техника паркiн тездетiп, толықтыру саясатын қолға алғаны жөн. Рас, диқандар там-тұмдап болса да лизинг жолымен жаңа техникаларға қол жеткiзiп жатыр. Мұны статмәлiмет етiп айтуға келмейдi.

Осы орайда көптеген диқандар қытайдың микротракторларын армандайды. Әрi арзан, әрi шағын көлемдi жерлерi барларға қолайлы. Өзбектерде де қымбат емес сияқты. Бұл мәселенi бiз жергiлiктi билiктiң пайымдауына қалдырып, өз қажетiн береке бiрлiктерiнiң арқасында өздерi шешiп отырғандар туралы айтуды жөн көрдiк.

Қарақай ауылдық округi бойынша түрлi маркiдегi тракторлар саны – 54 болса, соның 35-i Кетебай өндiрiстiк кооперативтiкi, ал мақта жинайтын комбайн округ бойынша 35 болса, оның 25-i соңғының еншiсiнде. Шетелдiк атақты «Ломбарджини»маркалы трактор округ бойынша бiреу-ақ, ол да Кетебай өндiрiстiк кооперативтiкi.

Округ бойынша 7,8 мың га егiстiк бар, осының iшiнде аталған ұжымда 1,1 мың-ға жер бар. Техниканың арасалмағын жоғарыда келтiрдiк. Өзiңiз салыстырып көре берiңiз. Басқасын былай қойғанда 1000 гектар мақталыққа 25 комбайн терiмге лап қойғанда, қол терiмге ештеңе де қалмайтынын көз көрiп жүр.

Осы жерде Кетебайлықтардың комбайн саны аудандық көрсеткiштен де, тiптi көршi мемлекет Өзбекстаннан да әлдеқайда жоғары тұр.

Кетебай өндiрiстiк кооперативiнiң басшысы Сәду Бекеновпен әңгiме барысында бұлардан өзге оларда сапалы тұқым шығаратын зауыт, арнайы станоктармен жабдықталған гараж, орталық жөндеу шеберханасы, жылжымалы техникалық көмек көрсететiн автомашина, жүктиегiш автокран, эксковатор, т.б. әртүрлi мақсаттарға арналған құрал-жабдықтар жеткiлiктi екен.

Олар мұндай жетiстiктерге оп-оңай жете қойған жоқ. Әңгiмемiздiң басында айтқан кеңестiк кезеңнен қалған мол техниканы шашау шығармай бiр жерге жинақтап, жекеленген шаруа қожалықтары бөлiнiп-жарылмай, бiр ұжымға мүше болып бiрiктi. Ұжымды басқаруға бiлiктi маман сабырлы да салмақты, бастысы қанағатшыл Сәду Бекенов келдi.

Бұл ұжым туралы қалай айтсақ та, жазсақ та жарасады. Бiздiң мақсатымыз бұл жолы ол туралы емес. Мақтаралдықтарда өзге де тәжiрибелер жетiп жатыр. Қазiргi таңда бiрiгудiң өзге де формалары өмiрге келдi. Бастысы, тракторды көбейту керек. Трактор тырылдаса, экономика өрге зырылдайды демекпiз.

 Сайлау ҚҰЛЖАНОВ.