ҚҰТҚАРУШЫЛАР БАЛЫҚ АУЛАУ ҚАУІПСІЗДІГІН САҚТАУҒА ШАҚЫРАДЫ

Түркістан қаласы Төтенше жағдайлар басқармасы қыс айларында балық аулауда қауіпсіздік ережелерін сақтауды ескертеді,-деп хабарлайды uakit.kz.

Балық аулауға әуес азаматтар Түркістан қаласында көп-ақ. Оның үстіне қаланың Сырдария өзенінің арнасына жақын орналасуы да балық аулаушылар үшін ыңғайлы. Төтеншеліктер жыл басынан бері ел аумағында балық аулау кезінде қауіпсіздік шараларын ұстамағаны үшін  14 адамның суға кеткенін айтып дабыл қағып, оқыс оқиғалардың құрбаны болмас үшін келесідей қауіпсіздік шараларын сақтауды ескертеді.

– Шағын көлемді кемелер және қайықтармен балық аулау кезінде өздеріңізбен бірге міндетті түрде медициналық қобдиша, қолшам, жергілікті жердің картасы және орналасқан орны туралы хабарлағыш құралдарды ала жүру;

– Балықты мас күйде аулаумау;

– Қайыққа мінбес бұрын оның жарамдылығына көз жеткізу;

– Қайыққа мінерде оның  құтқару жилеті барын тексеру.

Осы ретте қодданыстағы заңда әуесқойлық балық аулау тәртібі туралы талаптарды да айта кетейік.

– Әуесқойлық (спорттық) балық аулау — бір-бірлеп аулауға ғана (кәсіпшілік емес аулау құралдары) мүмкіндік беретін аулау құралдарымен жүзеге асырылатын, спорттық және эстетикалық қажеттіліктерді қанағаттандыру, спорттық жарыстарды өткізу мақсатында, сондай-ақ аулап алынған өнімді жеке тұтыну үшін балық ресурстарын және басқа да су жануарларын аулау.

– Әуесқойлық (спорттық) балық аулау бір балық аулаушыға бес данадан аспайтын ілмектері бар қармақтардың барлық жүйелерімен және атауларымен, су асты аңшылығына арналған қарумен, сондай-ақ бір балық аулаушыға үш данадан аспайтын шаяндар мен басқа да су жануарларын аулауға арналған арнайы аспаптармен, қақпандармен және секреттермен жүргізіледі.

– Арнайы құрылатын аспаптар мен су асты аңшылығына арналған қару халық демалатын аймақтан тысқары арнайы бөлінген жерлерде, сонымен қатар жануарлар дүниесін пайдаланушымен белгіленген арнайы орындарда, бекітіліп берілген балық шаруашылығы су айдындарында және (немесе) учаскелерінде рекреациялық балық аулау үшін пайдаланылады.

– Балық шаруашылығы су айдындарының және (немесе) учаскелерінің резервтік қорында әуесқойлық (спорттық) балық аулау бір балықшыға бір шыққанда бес килограммға дейін ақысыз қандай да бір рұқсатсыз жүзеге асырылады.

– Балық шаруашылығы су айдындарының және (немесе) учаскелерінің резервтік қорында әуесқойлық (спорттық) балық аулау бір балықшыға бір шыққанда бес килограммнан астам ақылы түрде жергілікті атқарушы органдарымен берілген рұқсат бойынша жүзеге асырылады.

– Бекітіліп берілген балық шаруашылығы су айдындарында және (немесе) учаскелерінде әуесқойлық (спорттық) балық аулау жеке адамдарға жануарлар дүниесін пайдаланушымен берілген жолдамасына сәйкес олардың ауызша және жазбаша өтініштері бойынша жүзеге асырылады.

– Балық аулаушы әуесқойлық (спорттық) балық аулауды жүзеге асыру кезінде өзімен бірге:

– жолдама (бекітіліп берілген балық шаруашылығы су айдындарында және (немесе) учаскелерінде);

– рұқсат (балық шаруашылығы су айдындарының және (немесе) учаскелерінің резервтік қорында бес килограммнан астам балық және басқа да су жануарларын аулау кезінде);

– жеке басты куәландыратын құжат болуы қажет.

Балық аулау кезінде қандай да бір төтенше жағдайлар болған жағдайда «101» немесе «112» нөміріне хабарласу қажет.