ЖАҢА ЖОБА ЖЕМІСТІ ЖҮЗЕГЕ АСУДА
Бюджетті жоспарлауда ашықтықты қамтамасыз ету үшін Шымкент қаласы әкімдігі тарапынан «Халық қатысатын бюджет» жобасы енгізілген болатын. Бүгінде қаланың кез келген тұрғыны «электрондық үкіметтің» веб-порталына кіріп, өз ұсыныстарын қалдырып, кері жауап алу мүмкіндігі жасалған. Бұл бағытта жүзеге асқан жұмыстар да көп. Тарқатайық…
Қазіргі таңда тұрғындар тарапынан ұсыныс-пікірлер жиі айтылатын болды. Мұның өзі ашықтықты қамтамасыз етуді көздейтін жобаның нәтижесін көрсетеді. Жалпы Абай ауданында 2021 жылмен салыстырғанда 2022 жылы халық қатысатын бюджет үлесі 5,1 есеге артқан. Ауданды өткен жылы 7 үйдің ауласы абаттандырылған болса, биыл 32 жобаға қаржы бөлінді. 1-кезеңде 5 үйдің ауласы, 27 елді мекен жоспарға енген, ал 2-кезеңде 5 үйдің ауласы абаттанады. Бұл жұмыстарды тұрғындар дауыс беру арқылы таңдаған болатын. Жоба аясында аумақты көгалдандыру, тротуарларды жайластыру, пандустар қою, арықтар салу және жөндеу, қоқыс тастайтын жерлерді жою, ортақ пайдалану орындарын құру, жөндеу және жарықтандыру, ойын және жаттығу алаңдарын құру, онда жабдықтар орнату секілді жұмыстар жасалады. Абай ауданындағы сапалы интернетпен қамту мәселесі де жүйелі түрде кезең-кезеңімен жүзеге асып келе жатыр. Былтыр мобильді интернетпен қамту көрсеткіші 91 пайызды құраған болатын. Биыл бұл көрсеткіш 95 пайызға жетпек. Былтыр интернет сапасы төмен Ынтымақ-2, Құрсай, Солтүстік-Батыс, А-2 жолы, Самал-3 елді мекеніне базалық станция орнатылды. Биыл 30 мың тұрғыны бар Ақниет, Қызылжар, Жаңаталап, Игілік, Агрофирма-Қарасу тұрғын алаптарына базалық станциялар орнатылады. Қаладан шалғай орналасқан Самал-3, Қазығұрт, Құрсай, Ақниет, Жайлау, Ынтымақ, Қызылжарға талшықты оптика желісі жүргізіледі. Бастамалар жүзеге асса, тұрғындардың түйткілді мәселесіне айналған сапалы интернет мәселесі де шешімін таппақ. Былтырдан бері қалада мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында орталық және әлеуметтік нысан орналасқан көшелерді жарықтандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Соның бірі Абай ауданында былтыр 30 көше жарықтандырылды. Биыл осы жоба аясында 29 көше жарықтандырылар болса, аудандағы жалпы 140 көшеде түнгі жарықшам болады дегенді аңғартады. Сонымен бірге жол қауіпсіздігін сақтау мақсатында 2021 жылы 519 бейнебақылау камерасы қойылды. Осы жылы тағы қосымша 250 камера қойылмақ.