МҰРЖАНЫ АРНАЙЫ МАМАНДАРҒА ТАЗАРТЫҢЫЗ
«Түркістан қаласы газ инспекциясы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі жылыту маусымы кезінде пеш жағудың ережесін мұқият ескеруді сұрайды,-деп хабарлайды uakit.kz.
Қазіргі таңда Түркістан қаласында жылыту маусымына байланысты тұрғындарға өрт қауіпсіздігін сақтау бойынша түсіндіру жұмыстары жүруде. Профилактикалық шараға Түркістан қаласы Төтенше жағдайларды қорғау басқармасының инспекторлары, өрт сөндірушілер, қалалық әкімдік пен «Түркістан қаласы газ инспекциясы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің өкілдері бар. Түсіндіру жұмыстары кезінде кейбір үйлерде пештердің мұржалары дұрыс жүргізілмегені жиі анықталады. Осыған байланысты «Түркістан қаласы газ инспекциясы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі тұрғындарға төмендегі нұсқаулықты қаперден шығармауды ескертеді.
Пеш жағатын тұрғындар пештің мұржасы төбе жабындысынан өтерде жанып кететін материалдарға тимеуі тиістігін ескеруі тиіс. Жылыту маусымы жайлы өтсін десеңіз пешіңіздің мұржасын ыстан тазалаған абзал. Кейбір ақпарат көздерінде пештегі ыстарды отынмен, кепкен картоппен, жаңғақтың қабығымен тазалауға болады деген мәліметтер бар. Мұның қаншалықты шынайы екенін тексеру үшін оны тәжірибеде қолданып өміріңізді қатерге тікпегеніңіз абзал. Ең дұрысы, арнайы мамандарды шақырып, жылыту маусымынан алдын және жылыту маусымы аяқталған соң тазалап, өзге де саңылауы болса бітеп, сылап қою керек. Егер үлгермесеңіз тап қазір бастаған дұрыс. Сонымен қатар пештің алдына міндетті түрде көлемі 50х70 см құрайтын қаңылтыр қағып қою қажет. Және пештегі отты жеңіл тұтанатын сұйықтықтармен тұтандырмаңыз. Жағылған пешті қараусыз қалдырмаңыз. Пешті шамадан тыс қыздыру қауіпті екенін ұмытпаңыз. Сонымен қатар пеш маңайына киім, ал түбіне аяқ киім кептіруге болмайтынын біле жүріңіз. Және пештерді бақылауды, оларға отын немес көмір салуды кішкентай балаларға тапсыру өкінішті жағдайларға әкеп соқтыруы мүмкін екенін қаперде ұстаңыз.