ЕЛТАЙДАҒЫ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕ НАЗАРДАН ТЫС ҚАЛМАЙДЫ

90
0

Шымкент қаласына қарасты аудандардың әкімдері тұрғындармен жүйелі түрде кездесіп, мәселелерін тыңдап келеді. Мәселен, жуырда Еңбекші ауданының əкімі Досбол Есілбек «Елтай» тұрғын алабын аралап, тұрғындармен кездесті. Кездесу барысында туындаған жәйттер мекенжай басында талқыланып, әсіресе тұрғындар көтерген су мәселесінің шешу жолдары айтылды.

Атап айтсақ, 60-тан астам тұрғын үйлерге беріліп отырған судың қысымы өте аз. Оған жекеменшік есебінен тартылған құбырдың су жеткізу қуаттылығы төмендігі себеп болып отыр. Осы олқылықтардың орнын толтыру үшін тұрғын үйлерге арналып жаңадан орталықтандырылған ауыз су құбырын тарту «Су ресурстар-Маркетинг» ЖШС-нің инвестициялық бағдарламасы аясында қарастырылуда.Сондай-ақ, алабтағы орналасқан 4 тұрғын үйге көлік қатынайтын жол ашу қажеттігі де айтылды. Жер телімдері бұрынырақ Төлеби ауданы әкімдігі тарапынан берілген болатын. Жол түсуі тиіс жер телімі «Сарем» ӨК-нің теңгерімінде. Бұл мәселені де оңтайлы шешу үшін тиісті шаралар қабылданатын болды. Сонымен бірге, тұрғындар осы елді-мекендегі «Ынтымақ» кафесі жанына бейнебақылау орнатуды сұрастырды. Аталған жерге бейне бақылау орнату бойынша құзырлы мекемелерге өтінімдер жолданғаны да атап өтілді. «Елтай» тұрғын алабының тұрғындарымен кездесудің қорытындысы бойынша айтылып, көрсетілген мәселелер аудан әкімінің тұрақты бақылауында болатын болды. Айта кету керек, Еңбекші ауданында 27 ірі және орта кәсіпорындар жұмыс істейді. Оның ішінде 3 өндірістік аймақта (Оңтүстік индустриалды аймағы, Ордабасы индустриалды аймағы, Оңтүстік арнайы экономикалық аймағы) 123 жоба іске қосылған. Бұл жылы аймақтарда 713 жұмыс орнымен 12 жоба жүзеге аспақ. Мемлекет басшысының 2025 жылға қарай өңдеу өнеркәсібінің экспортын 1,5 есеге көбейту туралы тапсырмасына сәйкес, жаңадан «Жұлдыз» индустриалды аймағы ашылуда. Қазіргі таңда инженерлік инфрақұрылыммен қамту жұмыстары жүруде.