АҚЖАЙЫҚ: 22 КӨШЕГЕ АСФАЛЬТ ТӨСЕЛЕДІ

76
0

Үшінші мегаполисте ағымдағы жылдың басынан бастап ауқымды бастамалар қолға алынып, жүзеге асырылып келе жатыр. Бүгінде үшінші мегаполистің шағынаудандары мен тұрғын алаптарының инфрақұрылымын толық қамту бойынша ішкі орам көшелерінде жүйелі жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Солардың бірі – Қаратау ауданына қарасты Ақжайық шағын ауданы.

Ақжайық шағын ауданының Көкиірім көшесінде 20-ға жуық үй орналасқан. Ішкі орам көшенің ұзындығы 500 метр, ені 5 метрді құрайды. Қазіргі уақытта асфальтбетон қабатының бірінші қабаты толықтай төселіп бітті. Сонымен қатар Шымкент қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы Қаратау ауданына қарасты Ақжайық шағын ауданы бойынша тағы 22 көшеге асфальт төселетінін жеткізді. Бұдан бөлек, шағынауданда кәріз жүйесінің де құрылысы жүріп жатыр. Сметалық жобаға сәйкес, ұзындығы 22,1 шақырым кәріз жүйесі салынып, ол үшін бюджеттен 686,1 млн теңге қаралып отыр. Құрылысы биыл басталған нысанда қазір қарқынды жұмыс жүргізілуде. Жұмысты аяқтау мерзімі 2023 жылдың тамызына жоспарланған. Пайдалануға берілгенде шағынаудандағы 4200 үй кәріз жүйесіне қосылады. Жаңа кәріз жүйесін шағынаудан халқымен бірге кәсіпорындар, мектеп пен балабақшалар да пайдаланады. Ақжайық шағынауданында 35 көпқабатты тұрғын үй бар. Ауыз су, электр жарығы және табиғи газбен толық қамтылған. Қазір онда 3 мектеп пен 12 балабақша бар. Өткен жылы 8 балалар ойын алаңшасы мен 2 спорт алаңшасы салынып, пайдалануға берілген. Биыл 10 спорт алаңшасының құрылысы жүргізілуде. Сондай-ақ бүгінге дейін Ақжайықта 8 көше жарықтандырылған. Биыл Балқарағай, Асфендияров көшесі жарықтанса, 2023 жылы Байсбаев пен Қарасай, 2024 жылы Спанов пен Уали ата көшелеріне кешкі шам орнатылады. Нәтижесінде өңірдегі өзекті мәселелер толық шешілмек.