Мен қылмыскер емеспiн!

328
0

12191071_1105385146138163_885156376940053048_n

Құрметті бұқаралық ақпарат құралдарындағы әріптестерім!

Менің жанайқайымды билік басындағылар мен Елбасының назарына жеткізе алса, тек БАҚ жеткізе алады деген үмітте, осы хатымды түрмеден Өздеріңізге арнап жазып отырмын. Түрме досың түгілі жауыңа тілегің келмейтін, адамды аяусыз өлтірген қаныбезерлер, героин есірткісін килограмдап өткізетін жанкештілер, нашақорлар, салықтан жалтарған жалған кәсіпкерлер, қалтаға түсуден бастап жылқыны үйірімен айдайтын баукеспе ұрылар, психикасы зақымдалған сан алуан зорлағыштар, аңқауларды сан соқтырған алаяқтар, әртүрлі көше бұзақылары сияқты небір сұмдықтардың шоғырланған жері.

Осы қапаста дәл сол қылмыскерлердей, жүрсем қолдарымды арқама айқастырып, отырсам желкеме айқастырып, тұрсам тек дуалға қарап, мен де отырмын. Бірақ мен жазықсыз отырмын, мен қылмыскер емеспін! Мен, 5 бала-шаға тәрбиелеп отырған әке, экономистік және заңгерлік 2 жоғары білімі бар, аудандық, облыстық, республикалық газеттерде құқықтық тақырыптағы жауапкершілік жүгі ауыр 70-ке жуық мақалалары жарияланған, ҚР Журналистер одағының мүшесі, нәтижелі істерімен аудан халқына танылған «Сарыағаш – Әділет» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, «Нұр Отан» партиясының 8 жылдан бергі мүшесі, мемлекетіміздің саясаты мен заңын құрметтеп, қолдайтын, ал заңбұзушылыққа ешқашан бейжайлық танытпайтын, егемен елімнің азаматымын деп санайтынмын өзімді. Заңбұзушылықтарды БАҚ арқылы негізді сынға алған мақалаларымның арқасында ауданымыздың бюджетіне заңсыз жаратылған 15 миллион теңге қаржының қайтарылғанын мақтанышпен айта аламын. Біздің заң органдарымызға сенімімнің мүлдем жоғалуына байланысты, егер Елбасы көңіл бөлсе, бюджетіміз тағы 90 миллион теңгеге толығатынына кепілдік бере аламын. Ол туралы ғаламтордағы youtube.com сайтының іздеушісіне сарыагаш-информ деп теріп, менің 2014 жылғы аудан әкімінің бір жылдық есебіндегі баяндамамды көріп, көз жеткізуге болады. Міне, осындай ашық сындарым заңбұзушы жемқор лауазым иелеріне түрпідей тие бастады.
Ал, енді менің табан астында, апай-топай түрмеге, сот залынан қолыма кісен салынып, бірден қамалғаныма келейін. Соңғы жылдары біздің облыстық, аудандық заңдылықты қадағалауы тиіс орган басшыларының билік атынан сөйлеу құзіреттерін пайдаланып, бір-бірімен жең ұшынан жалғаса, жазасыздықтарына кәміл сенгендіктен заңды өздерінің бұзып, заңсыз шешім қабылдап отыра беруі белең алып кетті. Жазықсыз бейшаралар сотталып кетіп жатады, ал енді тамыр-танысы бар, не қалталылар қылмысы қанша дәлелденіп тұрса да, «қылмыс құрамы анықталмады» деген негізбен сотқа жетпей құтылып кетіп жатады. Сыбайластықпен күресіп жатырмыз деген көзбояушылықпен 2000-3000 теңге парамен ұстап алып соттап жатады да, ал түйені түгімен жұтатындарды не тергеуге жетпей, не тергеу барысында, не сот үстінде босатып жатады. Жазасыздық қылмыстың міндетті түрде қайталануына әкеліп соғатынына байланысты, бізде қылмыс тек өршуде! Енді осы туралы жазсаң, алдымен белгісіз нөмірмен қоңырау шалу арқылы немесе басқаша тәсілдермен баспасөз арқылы теріске шығаруды ескертеді. Егер көнбесең, сот залында қолыңа кісен салдырып, ешнәрсеге қаратпай, қатаң бақылаумен тез апарып түрмеге тығады. Біздегі сөз бостандығының сиқы осы.

«Әділет ұлттық апталық» газетінің 10.04.2015 жылғы №14 (217) санында, Бекнур Умаров, Ердаулет Пердеш деген екі баланың жазықсыз жазаланып, тағдыры қалай тәлкек болып жатқаны туралы, «Заңнан да, Құдайдан да… немесе жазықсыздардың жанайқайы Бас Прокуратураға жете ме?» атты мақалам жарияланды. Сол мақалада әлгі бейшараны айыптап, сотқа жолдаған прокурор Нұрлан Сапаров туралы былай: «Тағы бір таң қалатыным, 2012 жылы нарықтық құны 1 миллион АҚШ долларына жете қабыл ғимаратқа қатысты прокурор Н.Сапаров «қылмыс құрамы жоқ» деп архивке жолдап жіберген бір іс-құжат бойынша, 2014 жылдың күзінде қылмыстық іс қозғалған болатын. Бірақ 2 жыл бұрын қылмысты жасырған прокурор Н.Сапаровқа түк те болған жоқ!» – деп жазған болатынмын. Мақаланың «қылмысты жасырған» деген жерін бөліп алып, Нұрлан Сапаров «тілші Батырбеков маған жала жапты» деп, мені түрмеге қаматуды сұрап, сотқа прокурор ретінде емес, ҚР ҚПК-нің талаптарын өзі бұзып, жеке тұлға ретінде жекеше айыптау шағымымен жүгінеді. Нұрлан Сапаровтың заңға қайшы шағымы, сотталып қамалған адамды «бұрын сотты болмаған» деп бір үкім шығарғаны үшін былтыр оны да БАҚ арқылы мен сынға алған Нұргүл Лесова деген судьяның өндірісіне түсіп, маған қылмыстық іс қозғалады. Сот 4 айға созылып, судьялар ауысып, сот тергеуі кезінде заң талаптары өрескел бұзылып, нәтижесінде мен 1 жыл 6 айға бас бостандығымнан айырылып, қамалдым. Сот залынан бірден түрмеге жөнелтілуіме байланысты, менің қорғаушым болу үшін рұқсат алуға аудандық сотқа барған жұбайыма жолыққан, мені қамауға үкім шығарған судья Берік Қаипов, сондай үкім шығарғанына өте «қатты өкінетінін» айтыпты. Бұл сонда жоғарыдан қысым жасалғаны ма?! Міне, бізде сөз бостандығы қалай тұншықтырылатыны!
Құрметті БАҚ-тардағы әріптестерім! Мақаладағы «қылмысты жасырған прокурор…» деген мәліметті газет арқылы теріске шығарсам, Нұрлан Сапаровтың жекеше айыптау шағымының кері алынатыны жөнінде 4 айдың ішінде бірнеше рет маған әртүрлі тәсілдермен ескертілді. Алайда, мен сотталатынымды, сотталғанда да қамалатынымды сезсем де, екіжүзділікке бара алмадым. Өйткені, ол жерде прокурор Нұрлан Сапаровтың қылмысты тек жасырып қана қойғаны емес, сол сыбайластық қылмысқа, прокурор бола тұра, өзі белсене атсалысқанын да құжат жүзінде толық дәлелдей аламын. Бірақ, біздің облыстық деңгейде емес. Себебі, сол нарықтық құны 1 миллион АҚШ долларына жете қабыл «Ай-Ғасыр» қонақ үйіне қатысты заңды бұзғандары үшін мен БАҚ арқылы сынағанмын. Сыным негізді екен, күні кеше менің түрмеге қамалып қатыса алмағаныма қарамастан, 27-ші қазан күні, «Ай-Ғасыр» қонақ үйіне қатысты шешімдерді бұзып, менің арызымды қанағаттандырып қаулы қабылданды деген ҚР Жоғарғы Сотынан хабар келді. Мені түрмеге қамауға негіз болған, осы «Ай-Ғасыр» қонақ үйінің, прокурордың санкциясымен аудандық әділет басқармасында тоқтамға (арестке) қойылғанына қарамастан заңсыз шешіліп, тез арада сатылып кеткеніне байланысты былтыр қозғалған №14510001100090 санды сыбайластық сипаттағы қылмыстық іс, бұлтартпас дәлелдердің жеткіліктілігіне қарамастан аудандық прокурор Нұрғали Асқанбеков орынбасары Нұрлан Сапаровтармен заңсыз тоқтатылып отыр. Егер осы қылмыстық іске билік басындағылар мен Елбасының назарын аудара алатындай мүмкіндік болса, біздегі қой терісін жамылған қасқырлардың бет пердесі ашылып, өздеріне лайықты жазаларын алып, мен абыроймен ақталар едім! Отанымның, отбасымның, оқырмандарымның алдында жүзім жарқын болар еді!

Құрметпен Амангелді БАТЫРБЕКОВ,
ОҚО, Шымкент қаласындағы ИЧ 167/11мекемесінің №106 камерасынан.