ОРЫН ТАПШЫЛЫҒЫ МӘСЕЛЕСІ ШЕШІМІН ТАУЫП КЕЛЕДІ
Үшінші мегаполисте орын тапшылығын шешу мақсатында жаңа мектептер салынуда. Сонымен қатар білім ордаларының жанынан қосымша оқу ғимараттары да бой көтеруде. Олардың қатарында №45 мектеп-гимназиясы жанындағы салынып жатқан қосымша оқу ғимараты да бар.
Ауданы 1,2909 га жерді қамтитын құрылыс Ш. Қалдаяқов көшесінің бойындағы білім ошағының жанынан салынуда. Аталмыш құрылыстың жоспарына сәйкес ғимаратта 25 оқушы оқитын 12 сынып болады. Сондай-ақ, жаттығу және гимнастикалық сабақтарға арналған спорт залы да қарастырылған. Жалпы қосымша ғимарат құрылысы осы жылдың көктемде басталған болатын. Сыйымдылығы 300 адам болатын нысанның құрылысы келесі жылдың тамыз айында пайдалануға беріледі деп күтілуде. Жалпы соңғы жылдары салада үлкен серпіліс болғаны да жасырын емес. Ұстаздар қауымының жалақысы өсіп, біліктіліктерінің артуына да үлкен мүмкіндік жасалуда. Тозығы жеткен білім ордаларының ғимараттары да күрделі жөндеуден өтуде. Десе де мәселе мұнымен толық шешілді дегеннен аулақпыз. Бүгінде орын тапшылығы мәселесі бар. Әйтсе еліміздің әр өңірінде аталған түйткілдің түйінін ағыту мақсатында қырауар іс қолға алынуда. Мәселен, Шымкент қаласында күні бүгінге дейін бірнеше жекеменшік мектептер ашылды. Нәтижесінде бірнеше ауысыммен оқитын білім ордаларының саны азайып келеді. Ал жаңадан бой көтерген білім ордаларына шаһар басшысы Мұрат Әйтеновтың өзі арнайы барып, білім мекемесінің мүмкіндіктерімен кеңінен танысуда. Жуырда қала әкімі үшінші мегаполистегі Тұран шағынауданында ашылған «Зияткер Тұран» мектебіне барды. Білім ошағы 816 орынға лайықталып, 3 қабатты типтік үлгіде салынған. Қазір мұнда 340 оқушы 1 ауысымда оқуда. Мектепті аралау барысында Мұрат Дүйсенбекұлы «Кәсіпкерлердің білім саласындағы инвестициялары бұл салада бәсекелестіктің дамуына септігін тигізеді. Ал бәсекенің сапаны арттырары анық. Сапалы біліммен ғана саналы шәкірт тәрбиелей аламыз» деп атап өтті. Аталған білім ордасы Қаратау ауданы, Тассай тұрғын алабы, 301/3 ғимаратта орналасқан. Жалпы бүгінгі таңда жан басына қаржыландыру жүйесімен Шымкентте 31 225 оқушы 87 жекеменшік мектепте дәріс алуда. Ал мемлекеттік 151 білім ұясында оқитын оқушылар саны биыл 216 735-ке жетті.