ЭЛЕКТР ЖЕЛІСІНЕ ШАМАДАН ТЫС ЖҮК ТҮСІРУ МАҒЫНАСЫЗ МАТЕРИАЛДЫҚ ШЫҒЫН ӘКЕЛЕДІ

Түркістан қаласы №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің құтқарушылары электр құрылғыларын бір мезетте бір желіге қоспауды ескертеді,-деп хабарлайды uakit. kz.

Ұғынықты болу үшін қарапайым тілмен түсіндіре кетейік.  Электр желісіне шамадан тыс жүк түсіру дегеніміз не? Бұл бір розеткаға  бір уақытта компьютерді, кір жуғыш машинаны, шәйнекті, теледидарды және үтікті қосу деген сөз. Мұндай әрекет салдарынан желі шамадан тыс жүктеліп, құрылғылар күйіп кетеді. Мағынасыз материалдық шығыннан бөлек, ең қауіптісі  өрт оқиғасы орын алуы әбден мүмкін.

Гаджеттерге арналған зарядтағыштар сияқты шағын электр құрылғыларына ақша үнемдеуге болмайды. Арзан құрылғылар сапасыздықтан тез істен шығады. Бұл қысқа тұйықталуға әкелуі мүмкін.

Энергия тиімділігі жоғары сыныпты (A+++, A++, A+, A) құрылғыларды сатып алыңыз. Бұл электр энергиясын үнемдеуге ғана емес, сонымен қатар желідегі жүктемені азайтуға мүмкіндік береді. Жоғарыдағы ескертуден бөлек өрт сөндірушілер электр құрылғыларын ванна бөлмесінен аулақ ұстауға кеңес береді. Кір жуғыш машинаны қолданғаннан кейін желіден ажыратуды, сондай-ақ, ваннадағы розеткаларға бөлек дифавтоматты орнатуды ескертеді.