ШЫМКЕНТТЕ ЖАСТАР АРАСЫНДА «ТЕҢДІК УАҚЫТЫ» АТТЫ СЕМИНАР-ТРЕНИНГ ӨТТІ

79
0
Шымкентте  АИТВ/ЖИТС-тің алдын алу мақсатында жастармен қала тұрғындарына түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, қала аумағында бір қатар іс-шаралар ұйымдастырылды, деп хабарлайды Uakit.kz.
Шымкент қаласы «Жастар ресурстық орталығы» КММ-і мен ЖИТС-тің алдын алу және онымен күресу орталығының ұйымдастыруымен «Теңдік уақыты» атты АИТВ/ЖИТС-тың алдын алуға арналған семинар-тренинг өтті.
Мақсаты: жастар мен жасөспірімдердің денсаулығын сақтау, нығайту саясатын іске асыру. Сондай-ақ жастарды салауатты өмір салтын ұстануға, АИТВ-инфекциясын алдын-алуға және өз денсаулығына ортақ жауапкершілікпен қарауға шақыру болып табылады.
Іс-шараға ЖИТС-тің алдын алу және онымен күресу орталығының маманы- Назира Жургенбаева, Жастар ресурстық орталығының инспекторы Айжарқын Қалмурзаева және Мирас колледжінің студенттері қатысты. Аталған жиын барысында денсаулық сақтау және ЖИТС-тің алдын алу орталығының маманы адам ағзасында қауіпті және қауіпсіз биологиялық сұйықтықтың жұғу жолдары және АИВ/ЖИТС-тің алдын алу шаралары туралы айтып өтті.
Бұдан бөлек, АИТВ/ЖИТС-тің алдын алу бағытында Жол-көлік колледжінің студенттеріне де үгіт-насихат жұмыстары жүргізілді. Дәріс барысында АИТВ-ның әлем және Қазақстан бойынша таралуы, эпидемиологиялық жағдай. АИТВ, ЖИТС туралы түсінік. АИТВ-ны алдын-алу жолдары. Анти Ретровирусты терапияның мақсаты. АИТВ жұқтырған немесе ЖИТС-пен ауыратын адамдарды әлеуметтік қорғау тақырыптары төңірегінде айтып, жастарды жаман әдеттерден аулақ болуға шақырды.
Сонымен қатар, Дүниежүзілік ЖИТС-ке қарсы күрес күніне орай ақ халаттылар да арнайы семинар өткізді. Қалалық «ЖИТС-тің алдын алу және оған күрес жөніндегі» орталығында дәрігерлер саладағы озық жетістіктер мен атқарылып жатқан жұмыстардың барысын баяндады.
Жиында орталықтың бас дәрігерінің орынбасары Қожахмет Маширов Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының 2022 жылға арналған «Теңдік уақыты» тақырыбында баяндама жасады. Баняндама барысында қала тұрғындарын тексеруден өту керектігін, сондай-ақ вируспен күресте тек медицина саласының мамандары ғана емес, қоғам болып жұмылғанда ғана көзделген нәтижеге қол жеткізуге шақырды.
Бүгінде ЖИТС орталығында қазір АИТВ-мен өмір сүретін 1520 адам антиретровирустық терапияны қабылдауда. Дәрігерлер күніне 1 таблетка қағидасы негізінде емдеу ісін жүргізіп жатыр. Емделушілерге барлық дәрі-дәрмектер тегін, олардың аты-жөндері құпия сақталады.
2021 жылы орталық зертханасы халықаралық аккеридациядан өтіп, қажетті құрылғылармен толығыпты. Нәтижесінде вирусті анықтауда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған 4-буын зертханалық талдауы іске қосылып, АИТВ жұқтырған жүкті әйелден балаға жұғу қауіпі 97 пайызға төмендеген. Мұндай талдау арқылы адамның иммун тапшылығы вирусын қан арқылы ғана емес, сілекей сұйықтығынан анықтауға мүмкіндік береді.