«АВТОБУС» ІС-ШАРАСЫНДА ЖОЛДАҒЫ ҚАУІПТІ АЛДЫН АЛУ ЕСКЕРТІЛЕДІ
Көліктік авариялар – техногенді апат болып табылады. Оны алдын алу үшін Түркістан қаласында «Автобус» жедел-профилактикалық іс-шарасы басталды,-деп хабарлайды uakit.kz Түркістан қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Аталған іс-шара барысында полиция қызметкерлері Түркістан қаласы бойынша жолаушылар тасымалымен айналысатын қоғамдық көліктердің жүргізушілері арасында жолда жүру ережелерін қатаң сақтау мақсатында түсіндірме жұмыстарын жүргізеді. Сонымен қатар, жолға шыққанға дейінгі автокөліктердің техникалық жай-күйін және жүргізушілердің медициналық тексеруден өтуі мен олардың уақытылы демалып, жұмыс режимін сақтауы тексеріледі.
Әдетте діттеген жеріне автобуспен баратын жолаушылардың жолдағы қауіпсіздігі қоғамдық көлік жүргізушілеріне көп байланысты. Осы ретте оларға бірнеше талаптар қойылған. Атап айтқанда, қоғамдық көлік жүргізушілері жұмыс ауысымының барлық кезеңінде аялдама жасау пункттері арасындағы қозғалыс уақытын сақтауы тиіс. Әрбiр аялдаманың және одан кейін болатындардың атауын хабарлауға, ал маршрут өзгерген жағдайда бұл туралы әрбiр аялдамада хабарлауға мiндеттi. Жолаушыларды маршруттың аялдамаларында ғана мiнгiзуге және түсiруге, аялдамаға баяу келуге, көлiк толық тоқтағанда ғана есiктердi ашуға тиiстi. Көлiк бұзылғанда немесе техникалық жағынан жарамсыз болып қалған жағдайда жүргізуші жұмысты тоқтатуға және жолаушыларды таяудағы аялдамада түсiруге мiндеттi. Жол үстiндегi қозғалыс кезiнде басқа адамдармен сөйлеспеуi тиiс. Жүргізуші көлік қозғалысының маршрутын өз бетінше өзгертуге құқығы жоқ.Қоғамдық көлік жүргізушісі мен кондуктор жолаушылармен мәдениетті болуы тиіс.
«Автобус» жедел-профилактикалық іс-шарасы кезінде осы талаптардың орындалуы да ескертілуде.
Аптаның алғашқы күні басталған жедел-профилактикалық «Автобус» іс-шарасы 11-желтоқсанға дейін жалғасатын болады.