ТАБИҒИ ГАЗДЫ ТҰТЫНУДА ҚАНДАЙ ЗАҢ ТАЛАПТАРЫ САҚТАЛУЫ КЕРЕК?
«Түркістан қаласы Газ инспекциясы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі табиғи газды тұтыну кезінде тұрғындардың заң талаптарын сақтауын ескертеді,-деп хабарлайды uakit.kz.
Қазақстан Республикасы «Газ және газбен жабдықтау туралы» Заңының 19-бабында газ тұтыну жүйелерінің және газ жабдығының иелері олардың тиісті техникалық жай-күйін және қауіпсіздігін қамтамасыз етуге міндетті екенін көрсетілген. Сонымен қатар өнеркәсіптік тұтынушылар, өнеркәсіптік тұтынушы-инвесторлар және электр станцияларының тізбесіне енгізілген тұтынушылар өздеріне тиесілі газ тұтыну жүйелеріне техникалық қызмет көрсету үшін білікті персонал, сондай-ақ газ тұтыну жүйелерінің қауіпсіз жұмысына жауапты адам ұстауға не газ тұтыну жүйелеріне техникалық қызмет көрсетуді жүзеге асыратын, Қазақстан Республикасының өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы заңнамасына сәйкес өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы жұмыстарды жүргізу құқығына аттестатталған мамандандырылған ұйыммен өздеріне тиесілі газ тұтыну жүйелеріне техникалық қызмет көрсетуге арналған шарт жасасуға міндетті екені шегеленген. Бұл тұста тұрғындарды ішкі газ жүйелеріне қызмет көрсетуге мамандандырылған (ВДГО) және ішкі түтін шығару жүйесін тексеретін (ВДС) мекемелермен келісім шарт түзуі керектігі ескертілген.
Одан өзге коммуналдық-тұрмыстық және тұрмыстық тұтынушылар тауарлық немесе сұйытылған мұнай газын беруді жүзеге асыратын газ тарату ұйымымен немесе топтық резервуарлық қондырғылардың иесімен не Қазақстан Республикасының өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы заңнамасына сәйкес өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы жұмыстарды жүргізу құқығына аттестатталған, газ тұтыну жүйелеріне техникалық қызмет көрсетуді жүзеге асыратын мамандандырылған тәуелсіз ұйыммен өздеріне тиесілі газ тұтыну жүйелеріне техникалық қызмет көрсетуге арналған шарт жасасуға міндетті делінген.
Тұрмыстық баллондардағы сұйытылған мұнай газын пайдаланатын коммуналдық-тұрмыстық және тұрмыстық тұтынушылар тұрмыстық баллондардағы сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізуді жүзеге асыратын газ толтыру пунктінің иесімен өздеріне тиесілі газ жабдығына техникалық қызмет көрсетуге арналған шарт жасасу қажет.
Коммуналдық-тұрмыстық және тұрмыстық тұтынушылардың газ тұтыну жүйелеріне және газ жабдығына техникалық қызмет көрсетуге арналған шарт жасаспай, оларды пайдалануға тыйым салынатыны ескертілген.
Коммуналдық-тұрмыстық және тұрмыстық тұтынушылардың газ тұтыну жүйелеріне, газ жабдығына техникалық қызмет көрсетуді жүзеге асыратын ұйым олардың техникалық жарамды күйде болуын қамтамасыз етуге міндетті.