БАЛА ДЕНСАУЛЫҒЫНА ҚАТЫСТЫ ТОП-10 СҰРАҚТЫҢ ЖАУАБЫ

216
0

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының  qoldau 24/7 мобильді қосымшасы, @saqtandyrybot телеграм-боты және 1406 байланыс орталығы балаларға медициналық көмек көрсету тәртібі туралы жүздеген сұрақтар алады. Соның ішінде ең жиі қойылатын ТОП-10 сұраққа Шымкенттегі №1 клиникалық ауруханасының бас дәрігері Абылай Донбай (суретте) және «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Шымкент қаласы бойынша филиалының директоры Сәбит Құралбек нақты жауап береді. 

– Елімізде 18 жасқа дейінгі балаларға міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарналарын төлеу қажет  пе?

– Елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап іске қосылғаны белгілі. Бүгінде әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына 15 түрлі жеңілдік санатына ие 11 миллион азаматқа мемлекет есебінен жарна төлейді.  Өз кезегінде 18 жасқа дейінгі балалар жеңілдік санатына ие топқа жатады. Сондықтан да олар үшін МӘМС пакеті аударымдарын мемлекет жасайды. МӘМС шеңберінде көрсетілетін медициналық қызметтің барлық түрі балалар үшін қолжетімді.

– Балалар арасында кең тараған аурудың бірі –  тіс жегі. Айтыңызшы, балаларға  арналған стоматологиялық қызметтер МӘМС пакетіне кіреді ме?  Балаларға қандай стоматологиялық қызметтер тегін көрсетіледі?

– МӘМС пакетіне келесідей стоматологиялық қызметтер кіреді. Атап айтқанда, тісті жансыздандыру және хирургиялық жолмен жұлу, пломба салу, абсцессті ашу, пульпит пен периодонтитті емдеу, гипоплазия, флюороз кезінде тістің анатомиялық пішінін толық функционалдық қалпына келтіру, еріндер мен тілдердің пластикасы, рентгенография, ортодонтиялық қызметтер: жақ-бет аймағының туа біткен патологиялары және таңдайдың бөлінуі аурулары. Әрбір ата-ана 18 жасқа дейінгі балаларға стоматологиялық көмек шұғыл және жоспарлы түрде тегін көрсетілетінін біле жүруі тиіс. Тегін стоматологиялық көмек алу үшін емханаға да, стоматологиялық клиникаға да жүгінуге болады. Бұл ретте, стоматологиялық қызметтер көрсететін клиника Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының  әлеуетті өнім берушісі болып табылатыны және әлеуетті өнім берушілердің тізілімінде болуы маңызды.

Стоматологиялық қызмет көрсетушілердің тізімін Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының  сайтынан (https://fms.kz/zakupki/postavshchiki-kdu-uslug/)  көруге болады.

– Бір жасқа дейінгі балалар қандай жағдайларда құрғақ сүт қоспаларымен тегін қамтамасыз етіледі?

– Бір жасқа дейінгі балалар үшін құрғақ сүт қоспалары тіркелген жері бойынша емханаларда беріледі. Өз кезегінде баланы асырап алған ана нәресте үшін емханадан құрғақ сүт қоспасы өнімін тегін алуына мүмкіндігі бар. Сонымен қатар анасында АИТВ-инфекциясының немесе туберкулездің белсенді түрінің, жіті психикалық аурулардың, туа біткен және жүре пайда болған жүрек ақауларының, жүрек-қантамыр жүйесінің декомпенсациясымен қатар жүретін аурулардың, эндокриндік және аллергиялық аурулардың ауыр түрлерінің болуы жағдайында сәбилер құрғақ сүт қоспалары өнімдерімен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар ананың цитостатикалық, радиоактивті, тиреоидты, психотроптық және есірткілік дәрілік препараттарды қабылдауы, бірнеше баланың дүниеге келуі және емшек сүтінің жетіспеушілігі, күндізгі оқу түрінде әйелдерді оқыту, әйелдің ауруханада емделуі сынды жағдайлар да баланы құрғақ сүт қоспалары өнімдерімен қамтамасыз етуге негіз болады. Одан өзге құрғақ сүт қоспасы өнімі  балада расталған туа біткен лактоза жеткіліксіздігінің, галактоземияның, фенилкетонурияның, «үйеңкі шарбаты» ауруының болуы кезінде де беріледі.

– МӘМС жүйесінде созылмалы аурулары бар балаларға қандай оңалту шаралары қарастырылған?

– Созылмалы аурулары бар балалар мен жасөспірімдер жылына екі-үш рет тұрақты медициналық оңалтудан өтуі мүмкін. Бұл асқынуларды болдырмау үшін емханаларда динамикалық бақылау кезінде жасалады.

Үшінші кезеңді оңалту емханаларда, күндізгі және тәулік бойғы стационарларда, оңалту орталықтарында және үйдегі стационарларда науқастың ауруына байланысты емхананың медицина қызметкерлерінің жолдамасы бойынша жүргізіледі.

– Балаларды спорт үйірмелеріне жаттығуға апармас  бұрын МӘМС шеңберінде электрокардиограмма, жүректің ультрадыбыстық зерттеуінен тегін өтуге және балаға кардиологтың қорытындысын алуға бола ма?

– Әрине. Ол үшін тіркелген жері бойынша учаскелік дәрігерге немесе педиатрға қаралу қажет. Дәрігер кардиологқа жолдама береді. Тиісінше кардиолог спортқа қарсы көрсетілімдерді болдырмау үшін қажетті кеңестерін ұсынады.

– Балаға туа біткен жүрек ақауы диагнозы қойылса, МӘМС жүйесі бойынша оған қандай көмектер көрсетіледі?

– Туа біткен жүрек ақауы бар балаларға медициналық көмек диагностика мен емдеудің барлық кезеңдерінде тегін көрсетіледі.

– Қандай жағдайларда балалар дәрігерін үйге шақыруға болады?

– Біле жүріңіз, 5 жасқа дейінгі балалардың денсаулық жағдайы нашарлаған жағдайда ата-ана учаскелік дәрігерді үйге шақыруына болады. Ал 5 жастан асқан балаларды шақыруға алғашқы медициналық-санитарлық көмек маманы, орта медициналық қызметкер ем-дом жасайды.

– Жекеменшік клиникаларда түрлі жұқпалы ауруларға қарсы салынатын жоспарлы егуді тегін алуға болады ма?

– Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 24 қыркүйектегі №612 Қаулысына сәйкес жұқпалы ауруларға (туберкулез, гепатит, полиомиелит, көкжөтел, дифтерия және сіреспе, В типті гемофильді инфекция, пневмококкты инфекция, қызылша, қызамық және паротит) қарсы жоспарлы профилактикалық егулер балаларға тіркелген жеріне қарамастан медициналық ұйымда тегін жүргізіледі.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда вакцинация жүргізу мерзімі жасына сәйкес Ұлттық егу күнтізбесінде белгіленген.

– Балаларды балабақшаға немесе мектепке тіркеу кезінде медициналық анықтаманы қалай алуға болады?

– Балаларды балабақшаға немесе мектепке тіркеу кезінде медициналық анықтаманы тіркелген жері бойынша емханадан алады. Анықтамаға баланың физиологиялық параметрлері, аллергиялық реакциялары (бар болса), созылмалы және өткен жұқпалы аурулар, алынған екпелер, профилактикалық тексерулер мен зертханалық талдаулардың нәтижелері және т. б. критерийлер жазылады. Бала балабақшаға түскеннен кейін картаны толтыруды балабақшаның медицина қызметкері жалғастырады. Әрбір ата-ана медициналық карта сатылмайтынын білуі тиіс.

–  Балаларға профилактикалық тексерулер қаншалықты жиі жүргізілуі керек?

– Балаларды жыл сайын профилактикалық тексеруден өткізу қажет.  Кәмелет жасына толғанға дейін баланың денсаулығына осылай бақылау жасауды әрбір ата-ана жауапкершілікпен орындағаны абзал. Өз кезегінде  мектепке дейінгі мекемелердің тәрбиеленушілерін, оқушыларды, орта арнаулы оқу орындарының оқушыларын және 18 жасқа дейінгі студенттерді білім беру ұйымдарындағы көшпелі бригада тексереді. Мектепке дейінгі мекемелерге бармайтын балаларды тексеру емханада немесе отбасылық денсаулық орталығында жүргізіледі.

А. ДОНБАЙ,

Шымкенттегі №1 клиникалық ауруханасының бас дәрігері.

С. ҚҰРАЛБЕК,

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Шымкент қаласы бойынша филиалының директоры.