ШЫМКЕНТТЕ 100-ГЕ КЕЛГЕН КЕЙУАНА ДАУЫС БЕРДІ

74
0

Шымкент қаласы Қатынкөпір шағынауданының тұрғыны 100 жастағы кейуана Айымкул Орынбаева кезектен тыс ҚР Парламент Мәжілісі мен қала мәслихаттары сайлауында өз үйінде дауыс берді. Ғасыр жасаған әжей қаладағы №52 мектеп ғимаратында орналасқан №283 сайлау уческесі арқылы өз таңдауын жасады.

–Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын, елдің қамын ойлаған азаматтарға Алла жар болсын! Әз-Наурыз мерекесі құтты болсын!,- деп батасын берді кейуана.

Әжеміз өз ғұмырында елімізде өткен барлық сайлауға қатысып, белсенділік танытқан жан екен. Бұл жолы да өз үрдісінен танбай саяси науқанның ардагері атанды.

Айта кетсек, №283 сайлау учаскесіне 2 829 сайлаушы тіркелген. Мұнда тұрғындардың сайлауға деген белсенділігі өте жоғары. Таңнан бері 112 адам өз таңдауын жасаған.

Ал жүріп-тұруы қиын жандарға комиссия мүшелері өздері барады. Олар үшін барлық жағдай жасалған.