«ХАЛЫҚ ҚАТЫСАТЫН БЮДЖЕТ» — БИЛІКТІ БҰҚАРАҒА ЖАҚЫНДАТУДЫҢ ТИІМДІ ҚҰРАЛЫ
Елімізде халықтың мемлекеттік қаржыны басқару мен бақылауға қатысуына бағытталған бастамалар қолға алынған. Соның бірі – «Халық қатысатын бюджет» жобасы.
Шымкентте аталған жоба аясында ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Бұл орайда тұрғындар өз ұсыныстарын жасау арқылы жергілікті бюджеттің қалыптасуына да өз үлестерін қосып жатыр. «Халық қатысатын бюджет» жобасымен 2021 жылдан бері аудан әкімдіктерінде халықтың қатысуымен жаңадан балалардың ойын, спорт алаңшалары, демалыс аймақтары ашылды. 2022 жылдың өзінде қала аумағында 158 жобаға 3 901,8 млн. теңге қаралған. Бұл өз кезегінде Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық функционалдық тобы қаржысының 7,3 пайызын құрайды. Мемлекет Басшысының 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында «Халық қатысатын бюджет» жобасы тиімді іске асырылып жатыр. Оның ауқымын кеңейтіп, жобаға аудандық маңызы бар қалалар мен ауылдарды тарту керек. Тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы қаржысының кемінде 10 пайызы қайда жұмсалатынын қоғамның өзі айқындауға тиіс» деген болатын. Осыған орай, 2023 жылы «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында 154 жобаға 4 773,5 млн. теңге қарастырылып отыр. Бүгінде тұрғындар тарапынан көшелерді жарықтандыру, балалар алаңшасын жөндеу, қоқыс урналарын орналастыру бойынша ұсыныстар келіп түскен. Айта кету керек, өткен жылы Қаратау ауданында осы бағдарлама шеңберінде 26 жоба бойынша аулалар абаттандырылып, ойын алаңшалары орнатылған. Биылғы жылы «Халық қатысатын бюджет» жобасы негізінде 34 аулаға жаңадан балалар ойын және спорт алаңшасы орнатылады. Бұл жөнінде Қаратау ауданы әкімдігі хабарлады. Биыл аудан аумағында бұқаралық спортты дамытуға басымдық берілген. Осы мақсатта 2023 жылы 7 ашық спорт алаңшасын орнату көзделіп отыр. Оның ішінде, Тұран шағынауданында — 2, Нұртаста — 2, Таскен тұрғын алабында -2, Өтеміс тұрғын алабында – 2 және Шапырашты тұрғын алабына — 1 спорт алаңы салынады. Спорт алаңдарында жаттығуға арналған Workout элементтерімен бірге, демалушыларға арналған беседка, қоқыс жәшіктері және орындықтар қойылады. Мұндай бастама тұрғындардың салауатты өмір салтын ұстануға, спортпен белсенді айналысуға мүмкіндік береді. Айта кетсек, орнатылатын ойын және спорт элементтерінің басым бөлігі Шымкенттегі кәсіпорындарда өндірілген отандық өнімдер.