КӘСІПТІК ОҚЫТУ ҚАШАН БАСТАЛАДЫ?

93
0

Биылғы жылдың мамыр айында кәсіптік оқытуға азаматтарды жолдау жоспарланып отыр. Оқыту курстары тігінші, кондитер, пішуші, автомобиль жөндеу слесарі, аспазшы, бухгалтер кассир, ағаш және жиһаз өндірісінің шебері, шаштараз шебері сынды мамандықтар бойынша оқытылады.

Қатысушыларға ай сайын 20 984 теңге көлемінде  шәкіртақы төленеді. Оқуға 18 жастан зейнет жасына дейінгі жұмыссыз азаматтар қатыса алады. Мүгедектік болған жағдайда, мүгедектікті оңалтудың жеке бағдарламасында (ИПР) кәсіби бөлім бөлінісінде жұмысқа қабілетті немесе оқуға қабілеттілігіне дәрігердің рұқсаты болуы қажет. Дәріс беру аптасына 6 күн, 6 сағаттан жүргізіледі (1 ай-теория,2 ай-практика). Оқу аяқталған соң арнайы куәлік беріледі. Қажетті құжаттар тізімі — жеке куәлігінің көшірмесі, білімін растайтын құжаттың көшірмесі (диплом, сертификат, куәлік, аттестат), медициналық анықтама 075-нысандағы үлгі көшірмесі, 20 сандық шот Jusan Bank (шәкіртақы алу үшін), еңбек кітапшасының көшірмесі (бар болған жағдайда).

Қосымша ақпаратты Шымкент қаласы, «Нұрсат» м/а, С.Бәйтереков көшесі, 89 мекен-жайынан «Кәсіптік оқыту бөлімі» немесе +7(775) 053 39 41 байланыс нөмірінен біле аласыздар. Айта кету керек, биыл ҚР Үкіметінің 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобасы аясында кәсіптік оқытудан өтіп, куәлік алған азаматтар қайтарымсыз мемлекеттік грантқа өтінім бере алмайды. Оқытудың нақты басталу мерзімі қосымша әлеуметтік желі парақшасында жарияланады.

Жалпы Шымкент қаласы әкімдігінің «Халықты жұмыспен қамту» орталығы еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарды оқытуды 3 бағыт бойынша жүргізіп келеді. Бірінші – жұмыс берушілердің сұранысы бойынша оқу ұйымдарында жұмыссыздарға кәсіптік білім беру. Ол бойынша өткен жылы 74 жұмыс берушіден, 29 мамандық бойынша өтінімдер қабылданып, 1632 адам дизайнер, автоэлектрик, кондитер, тігінші, визажист, аспаз және т.б. мамандықтар бойынша кәсіптік дағдыларды игеріп жолдама алса, оның 1553-і оқуын аяқтап, жұмысқа орналасқан. Екінші — жұмыссыз топты жұмыс берушілердің жұмыс базасында кәсіптік оқыту. Бұл бойынша былтыр қысқа мерзімді кәсіптік оқыту 32 мамандық бойынша жүргізілді. Оқудың ұзақтығы біліктілік пен дағдылардың ерекшеліктеріне қарай 3 (үш) ай мерзімге жалғасып, 760 азамат жолдама алды. Жалпы 774 азамат білім алып, тиісті куәлікке ие болды. Үшінші – skills.enbek.kz онлайн кәсіби оқыту платформасы арқылы кәсіби білім беру. Ол бойынша өткен жылы 1976 азамат оқуын аяқтады. Айта кетейік, мұнда талапкерлер 70% шекті деңгеймен тестілеу тапсырады, онлайн курсты сәтті аяқтап, дағдыларды игеру туралы сертификат алады.  Жалпы аталған мүмкіндіктер арқылы жұмыссыз азаматтар, жаңа мамандық игеріп, кәсіпорындар мен мекемелерге жұмысқа орналасуға зор мүмкіндік алады.