ШЫМКЕНТ ЖИҺАЗДАРЫНА СҰРАНЫС ЖОҒАРЫ

70
0
Мемлекеттік қолдауға ие болған өндіріс орындарының бірі — “MEGA SMART” серіктестігі “Тассай” индустриялды аймағында орналасқан. 15 жылдан бері жиһаз шығаратын кәсіпорын нарықта бренд қалыптастырып отыр.
Шымкент жиһаздарына сұраныс артып отырғандықтан, былтыр өндіріс аумағы кеңейтіліп, «Mega Smart B2B» ЖШС іске қосылды. Шеберлер үйге, кеңсеге арналған корпусты және жұмсақ жиһаздарды тапсырыспен әзірлейді. Айына жүз жақты жиһаз жинағын шығаруға мүмкіндігі бар серіктестіктің бүгінде Астана, Алматы қалаларында да арнайы сауда нүктелері бар. Жалпы қаламызда мемлекеттік қолдау арқасында жаңа өндіріс орындарының саны жыл санап артып келеді. Қазіргі уақытта Шымкентте қолайлы инвестициялық климат қалыптастыру үшін қарқынды жұмыстар жүргізілуде. Осы мақсатта қала экономикасы өсімінің негізгі алаңдары болып табылатын арнайы экономикалық, индустриялық аймақтардың тиімді жұмыс жасауына ерекше көңіл бөлінуде. Бүгінде «Тассай» индустриялық аймағында іске асырылған жобалар саны жиырмадан асып отыр.
Көлемі 2 гектар аумақты құрайтын 750 млн теңгелік инвестициялық жоба нәтижесінде 120 адам жұмыспен қамтылды. Заманауи технологиялармен жабдықталған өндіріс ошағы жылына 120 мың жиһаз бұйымдарын шығаруға қауқарлы. Бұған дейін «Тассай» индустриялық аймағында қорғаныс киімдері мен медициналық мақсаттағы бұйымдар шығаратын «Экофарм» өндіріс орны ашылғанын жазған едік. 3,4 млрд теңгені құрайтын инвестициялық жоба «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Тассай» индустриалды аймағынан 1,25 гектар жер телімін ұзақ мерзімге жалға алып, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында «Даму» қоры арқылы субсидияланған. Жаңадан ашылған бұл өндірісте 150 адам жұмыспен қамтылды. Заманауи технологиялармен жабдықталған мекеменің жылына 600 мың дана қорғаныш киімінің 17 түрін, 500 мың дана медициналық киім, 20 миллион дана медициналық маска мен респиратор, 1 миллион дана медициналық көзілдірік шығаруға мүмкіндігі бар.