БОЗАРЫҚ ШАҒЫНАУДАНЫНДА 107 КӨПҚАБАТТЫ ТҰРҒЫН ҮЙ САЛЫНУДА

75
0
Бозарық шағынауданында құрылыс қарқынды жүргізілуде. Қазір мұнда мемлекет бюджеті есебінен 49, жеке инвесторлар тарапынан 58 көпқабатты тұрғын үй салынуда.
Бүгін қала әкімі Мұрат Әйтенов елдімекеннің даму жоспарына сәйкес атқарылып жатқан жұмыстарды тексерді. Биыл шағынауданында 9 инженерлік инфрақұрылым нысанының құрылысы жоспарланған. Жыл соңына дейін олардың 5-еуінің құрылысы аяқталады. Былтырғы жылы осы аумаққа газ, су, электр, кәріз жүйелері жүргізілген, қазір мұнда ішкі орам жолдары салынуда. Жоспарға сәйкес алдағы уақытта шағынауданда мектеп, емхана, спорт кешені бой көтереді. Құрылыс қарқынымен танысқан қала әкімі жауаптыларға ең алдымен, жұмыстарды өндірістік кестеге сай жылдамдатуды ескертті. Сондай-ақ жеке инвесторлар тарапынан салынып жатқан көпқабатты үйлердің эскизін бекітіп, барлық нысандардың сапасын, сәулеттік ерекшеліктерін қадағалауды тапсырды.
Жалпы қаланың егжей-тегжейлі жобалау жоспарында аталған шағынауданнан 183 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы қаралған. Олардың 65-і мемлекеттік бюджет есебінен салынады. Қазір шағынауданда 16 тұрғын үй бой көтерген, бұл нысандар жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Қалған 49 үйдің құрылысы келесі жылы басталады. Сонымен қатар шағынауданда алдағы уақытта мектеп, емхана салынады.
Жуырда Мұрат Дүйсенбекұлы Бозарық-3 шағын ауданында бой көтеріп келе жатқан спорт кешенінің ғимаратын қарап шыққан болатын. Спорт мектебі ауыр атлетикадан олимпиадалық резервін дайындайтын балалармен жасөспірімдердің мамандандырылған спорт мектебінің теңгеріміндегі бос жерде салынуда. 100 оқушыға лайықталған ғимаратта ауыр атлетикаға арналған платформалар қарастырылған. Нысан келесі жылы мамыр айында қолданысқа беріледі. Қала басшысы жауаптыларға шағынауданда салынып жатқан барлық құрылыс нысандарының сапасын қатаң бақылап, жұмыстардың өндірістік кестеге сай орындалуын қадағалауды тапсырды. Бұл ретте техникалық қадағалаушылардың жауапкершілігін арттырып, сапасыздықты алдын алу бойынша бірқатар тапсырмалар берді.