№189 ОРАМ ТҰРҒЫНДАРЫНЫҢ ТАЛАП-ТІЛЕГІ ОРЫНДАЛДЫ

78
0
Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің азаматтарды бірыңғай қабылдауына келген №189 орамдағы көпқабатты үйлердің тұрғындары коммуналдық мәселелерге қатысты талап-тілектерін жеткізген болатын. Су, газ, электр қуатының үздіксіз берілуін қамтамасыз етуді сұраған азаматтардың өтініші ескеріліп, шұғыл түрде ақауларға зерделеу жұмыстары жүргізілген.
Жуырда аталған тұрғын үйлерге арнайы барған Мұрат Дүйсенбекұлы жергілікті тұрғындармен кездесіп, халықты сапалы коммуналдық қызметтермен қамту мақсатында атқарылған жұмыстарды тексерді. Бүгінгі таңда жедел қабылданған шаралардың нәтижесінде бұл үйлерде ауыз су, жылы су, электр энергиясы тұрақты берілуде. Сондай-ақ «ҚазТрансГаз» АҚ-ы тарапынан табиғи газды қосу үшін абоненттердің жеке есеп шоттарын ашу жұмыстары жүргізілуде. “Пәтерлерге газ беру мәселесін бір апта көлемінде шешіңіздер. Сондай-ақ тез арада мүгедектігі бар азаматтардың үйлерге кіріп-шығуына ыңғайлы болуы үшін пандустарды және құрылыстағы кейбір кемшіліктерді талапқа сай қалпына келтіру қажет” – деді қала әкімі.
Айта кету керек, Шымкент қаласында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы сәтті жүзеге асырылуда. Шымкенттің республикадағы үшінші мегаполис деген атына лайық, экономикасы мен инфрақұрылымы дамыған, халықтың өмір сүруіне қолайлы заманауи шаһарға айналуы үшін бұл тұжырымдаманың қосар үлесі мол. Қала әкімдігі ай сайын азаматтарды бірыңғай қабылдау күнін өткізу тәжірибесін енгізді. Сонымен қатар, шаһар басшысы тұрғын алаптар мен шағынаудандарды да тұрақты түрде аралап, азаматтардың мұң-мұқтажын тыңдап, өзекті мәселелерді дер кезінде шешіп келеді. Мұның жарқын мысалын жоғарыда жаздық. Шаһар басшысы алдағы уақытта да қала азаматтарын қабылдап, мәселелерін тыңдайтынын ескерте кетейік.