ҚЫЗЫЛША АУРУЫ ҚАЛАЙ ЖҰҒАДЫ?
Соңғы кезде қызылша аурушаңдығының эпидемиологиялық жағдайы күрделенуіне байланысты қырағылық танытып, халық арасында қызылшаның алдын алған жөн. Бұл туралы ақпараттық коммуникациялық орталығы алаңында өткен баспасөз брифингінде Шымкент қаласының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің инвекциялық және паразиттік ауруларды эпидемиологиялық бақылау бөлімінің басшысы Жанаргүл Жақсылықова айтты.
2021-2022 жылдары Шымкент қаласында қызылша ауруы тіркелмеген еді, ал ағымдағы жылдың басынан қызылшаның 12 жағдайы тіркелді, оның ішінде 9 жағдайы зертханалық расталды, 3 науқастың сынамалары тексерілуде. Ауырғандардың ішінде 14 жасқа дейінгі балаларда 8 жағдай, оның ішінде қызылшаға қарсы егуін алмаған балалар 85,7% құрап отыр.
Қызылша – ауа жолы арқылы өте жылдам таралатын вирусты жұқпалы аурулардың бірі. Бұрын қызылшамен ауырмаған немесе егілмеген адам қызылшамен ауырған адаммен байланыста болса, жұқтыру мүмкіндігі өте жоғары. Ауру байланыс және ауа арқылы ауа-тамшы жолымен таралады. Вирус сыртқы ортаға ауырған адам сөйлегенде, жөтелгенде, түшкіргенде бөлінеді. Вирустың тез тарайтыны соншалықты, сыртқы ортада тұрақсыздығына қарамастан, ауа толқынымен ғимараттың вентиляциялық жүйесі арқылы таралған жағдайлар да белгілі. Бұл аурумен ауырып жазылған адам өмір бойы иммунитетін сақтайды.
Қызылшамен ауырған аналардан туылған балалар 3 айға дейін бұл ауруға шалдықпайды. Өйткені осы аралықта олардың қанында анасынан берілген антиденелері сақталады. Бұл аурумен ауырмаған және егілмеген адамдар қызылшаны жұқтыруға бейім болады және өзінің өмірінде кез-келген жаста ауру жұқтыруы мүмкін. Науқаспен байланыста болғандар 21 күн медициналық бақылауда болады және 72 сағат ішінде егуге жататындар егіледі. Инкубациялық кезеңі жұқтырғаннан кейін бірінші белгілері пайда болғанға дейін, яғни 7 күннен 14 күнге дейін созылады.