МЕДИЦИНАНЫҢ МҮМКІНДІГІ АРТЫП, ЖҰМЫСЫ ЖЕТІЛДІРІЛЕДІ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылдың қыркүйек айында Қазақстан халқына арнаған Жолдауында медицина саласының маңызына айрықша тоқталған болатын. Өз сөзінде ел Президенті «Еліміздің басты құндылығы – адам. Бұл – айқын нәрсе. Сондықтан ұлттық байлықты тең бөлу және баршаға бірдей мүмкіндік беру – реформаның басты мақсаты. Ұлт саулығы жақсы болса ғана, қоғам орнықты дамиды» дей келе, нақты тапсырмалар да жүктеген. Аталған тапсырма аясында еліміздің барлық өңірінде тиісті жұмыстар атқарылып келеді. Оның ішінде Шымкент қаласында жүзеге асатын жұмыс көп.
Үшінші мегаполистің әрбір шағынаудан мен тұрғын алабының өз емханасы болуы тиіс. Бұл дәрігерлердің жүктемесін азайтуға және медициналық қызметтің сапасын арттыруға мүмкіндік береді. Еңбекші ауданы тұрғындарымен кездесіп, атқарылған жұмыстар жөнінде есеп берген Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов осылай деді. Нақтырағы «Адамдар қан талдамасын тапсыру үшін қаланың орталығына барады. Ал МРТ аппаратына түсу үшін қаланың басқа шетіндегі клиникаға барып, әуре-сарсаңға түседі. Сондықтан біз әрбір тұрғын алап пен шағын ауданның өзінде емхана болуы тиіс деп есептейміз. Сол мақсатта жүйелі түрде жұмыс жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, биыл жеке инвесторлардың есебінен 6 емхана салынады» деді шаһар басшысы.
Қала әкімінің айтуынша, 2021 жылға дейін Шымкенттегі әрбір емханада орта есеппен 61 мың адам тіркелген. Бұл дәрігерлердің жүктемесінің шамадан тыс көп болуына, емханада ұзын-сонар кезектің қалыптасуына, сәйкесінше, қызмет көрсету сапасының да нашарлауына әкеп соқтырған. Осы орайда, Мұрат Дүйсенбекұлы жеке инвесторларды тартып, емханаларды көптеп ашу арқылы 2027 жылға дейін әрбір емханада орта есеппен 21 мың тұрғын тіркелетінін де жеткізді. Өз сөзін «Қазір қала тұрғындарының кез келген емханаға тіркелуге құқығы бар. Егер біреуіндегі қызмет көрсету сапасы, дәрігерлердің біліктілігі көңіліңізден шықпаса, өзге емханаға ауысып кете аласыз. Болашақта мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бойынша жұмыс істейтін емханалар көбейе түскен кезде олар әрбір пациент үшін күреседі. Себебі бір пациент тіркеуден шығып кетсе, онымен бірге қаншама қаржы да кетеді. Бәсекелестіктің артуы сапаның жақсаруына әсер ететіні халықаралық тәжірибеде дәлелденген» деп түйіндеді шаһар басшысы. Алдағы уақытта үшінші мегаполисте, Президенттің тапсырмасына сәйкес, 200 орындық перенаталды орталық салынады. Нысанның жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп жатыр. Құрылыс жұмыстары жыл соңына дейін басталып, 2024 жылдың соңына қарай аяқталады.