ПРЕЗИДЕНТ ТАПСЫРМАЛАРЫН ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ ТЕТІКТЕРІ ҚАРАСТЫРЫЛДЫ

46
0
ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленген «Қолжетімді интернет» ұлттық пилоттық жобасын іске асыру және инфляцияны төмендету жөніндегі кешенді шаралар қаралды.
Отырыста халықты 100 Мбит/с деңгейіндегі интернет желісімен қамтуды көздейтін ұлттық жобаны іске асыру тетіктері пысықталды. Үкімет басшысы байланыс операторларының жауапкершілігін арттыра отырып, ел аумағында байланыс сапасы мен интернет жылдамдығының мониторингін күшейтуді тапсырды. «Smart city» тұжырымдамаларына сәйкес Шымкенттегі 10 базалық станция 5G технологиясымен қамтылды. Алдағы жоспар бойынша жыл соңына дейін қаладағы 100-ге жуық базалық станцияны 5G технологиясымен қамту қарастырылуда. Сондай-ақ биыл 20 елді мекен оптика желісімен қамтылып, 200 мыңға жуық қала тұрғыны сапалы интернет желісіне қосылуға мүмкіндік алады. Қала әкімі Мұрат Әйтенов жауаптыларға бір апта ішінде елдімекендердегі байланыс пен интернет жылдамдығынына жан-жақты талдау жұмыстарын жүргізу қажеттігін ескертті. Талдау қорытындысына сәйкес қаланың ерекшелігін ескере отырып, кешенді жоспарды бекітуді тапсырды.
Айта кету керек, шалғайдағы елді мекендерді сапалы интернетпен қамту жұмыстары жалғасып жатыр. Сондай жұмыстардың бірі Еңбекші ауданына қарасты Оңтүстік шағынауданында қолға алынды. Шағынауданда оптикалық интернетпен қамту жұмыстары жеке инвестор қаражаты есебінен жүргізілуде. Инвестор есебінен атқарылған жұмыс аяқталса, 30 мыңға жуық тұрғын интернетке қол жеткізеді. Дәл қазіргі уақытта «СпецавтоматикаСервис» ЖШС тарапынан шағынауданда қажетті құрылғылар орнатылып, 40 шақырымды қамтитын көшеге абоненттік кабель желісін жүргізу жұмыстары атқарылуда. Жалпы Оңтүстік шағын ауданында 6 300-ге жуық жеке сектордағы үйлерге оптикалық желіге қосылуға мүмкіндік жасалатын болады. Аталған жұмыстар аяқталуға таяу. Сосын жоғарғы жылдамдықты интернет желісіне қосылуға өтінім тастаған тұрғындарды интернетке қосу жұмыстары басталады.