ҚАЛА ҮЙЛЕРІНІҢ ҚАБЫРҒАЛАРЫ ӘДЕМІ СУРЕТТЕРМЕН ӘРЛЕНІП ЖАТЫР

71
0

Үшінші мегаполиске келетін туристердің қатарың өткен сайын қалыңдап барады. Өз кезегінде, туристер табан тірейтін қаланың сәулеті айрықша болуы керегі айтпаса да белгілі. Жасыратыны жоқ, Шымкентте күрделі жөндеуді қажет ететін ғимараттар баршылық. Бұл – Шымкентке ғана емес жалпы еліміздің өзге қалаларына да тән құбылыс.

Бұл жөнінде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылдың қыркүйегінде жариялаған Қазақстан халқына арнаған Жолдауында да тоқталған еді. Нақтырағы «Тұрғын-үйлер мен қала инфрақұрылымын абаттандыру мәселесін қолға алу керек. Ғимараттардың сыртқы көрінісі және ішкі инфрақұрылымының қызметі азаматтардың көңілінен шықпайды, елімізді шетелдіктердің алдында ыңғайсыз жағдайға қалдырады» деген болатын. Бүгінде аталған олқылықтың орнын толтыру үшін Шымкентте біраз шаруа атқарылып жатыр. Атап айтқанда, шаһарда тұрғын үйлердің қабырғасын әдемі суретпен әрлеу сәнге айналып келеді. Осыған дейін қаладағы бірқатар тұрғын үйдің сыртында ерекше муралдар көрініс тапқан болатын. Бүгін қалалық туризм, сыртқы байланыстар және креативті индустрия басқармасы мен Kazakh Tourism ұлттық компаниясы креативті индустриялар салаларын белсенді дамыту мақсатында street art стилінде тағы бір жаңа муралдың таныстырылымы өтті.

Түркістан көшесіндегі тұрғын үйге муралды салуға JUSAN  банк демеушілік көрсеткен. «Шымкенттің басқа аймақтардан айырмашылығы – қаламыз жасыл, адамдары ашық-жарқын әрі қонақжай. Сондықтан Repas стрит-арт өнерімен айналысатын командамен бірлесіп, осындай түрлі-түсті мурал сыйлауды шештік. Республикалық жобаны Шымкент қаласынан бастадық. Бұл жобаны еліміздің басқа да қалаларында іске асыру жоспарда бар. Мақсатымыз – елеусіз қалған ескі үйлердің аулаларына халықтың көңілін бөлу, тазалыққа шақыру» дейді JUSAN банк Шымкент филиалының директоры Қуаныш Ұласбеков. Банк басшысы өзге де кәсіпкерлерді осындай игі іске ұйытқы болуға шақырды. Жылқы бейнеленген муралға үйдің тұрғындары да риза. Олар мурал маңында суретке түсушілер көбейіп, ауламыз көңілді әрі сәнді бола түсті дейді.