ЕРЕКШЕ ЖАНДАРҒА КӨРСЕТІЛЕТІН ҚЫЗМЕТ ТҮРІНІҢ КӨЛЕМІ ҰЛҒАЙДЫ
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауларында инклюзивті қоғамдық орта қалыптастыру мәселесіне ерекше назар аударып келеді. Расымен, мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жүйелі түрде қолдау дамыған және әлеуметтік жауапты мемлекеттерге тән. Қазақстан бұл бағыттағы жұмысты үнемі жақсартып отыруға тиіс. Себебі ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар саны өсуде. Өңірлердегі арнаулы мекемелерді ескере отырып, онда бала дүниеге келгеннен бастап мемлекет тарапынан көрсетілетін қызметтің барлық түрі ұсынылуы керек. Бұл тұрғыдан келгенде, Шымкент қаласында жүзеге асып жатқан жұмыстардың қатары қалың. Үшінші мегаполисте бүгінгі таңда әлеуметтік қолдау шаралары белсенді жүргізіліп келе жатыр. Атқарылып жатқан жұмыстар да басты бақылауда. Соңғы жылдары қалада саланы цифрландыру көрсеткіші артты. Бұл өз кезегінде тұрғындардың мемлекеттік қызметті қашықтан алуына септігін тигізіп жатыр. Осы орайда, бүгінгі материалымызда аталған тақырыпты кеңірек тарқатпақпыз…
Қалың оқырманның жадында болса, бұған дейін мемлекет басшысы «Келесі мәселе. Әлеуметтік тұрғыдан осал азаматтарға қолдау көрсету – өте маңызды міндет. Сондықтан мемлекет әлеуметтік шығыстарды біртіндеп ұлғайтып жатыр. Қазір бюджеттің жартысынан көбі әлеуметтік салаға жұмсалады. Зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін азаматтарға биылдан бастап арнайы төлемдер беріліп жатыр. «Ұлттық қор – балаларға» ауқымды жобасы іске қосылды. 7 миллион баланың есепшотына Ұлттық қордың табысынан жалпы сомасы 300 миллиардтан астам теңге аударылды. Дегенмен қазір мемлекет тарапынан қолдау көрсетілген кезде азаматтардың нақты табысы ескерілмей жатқанын мойындау қажет. Басқаша айтсақ, әлеуметтік қолдауға мүлде мұқтаж емес ауқатты отбасылар да мемлекеттен көмек алады. Мұндай жайттар аз емес. Осыны ескере отырып, халықты қолдау тәсілдерін жетілдіре түсу қажет. Сондықтан, Үкіметке алдағы жылдың басынан бастап «Әлеуметтік әмиян» жобасын жүзеге асыруды тапсырамын» деп тиісті сала басшыларына тапсырмаларды жүктеген болатын. Осы орайда, үшінші мегаполисте атқарылып жатқан жұмыстарды айналып өте алмасымыз анық. Соңғы статистикалық деректерге сүйенсек, Шымкент қаласында қазір 41 479 мүгедектігі бар азамат тіркелген. Биыл ерекше күтімді қажет ететін азаматтардың қажетті құрал жабдықтармен қамтылуы ұлғайды. Мүгедектігі бар азаматтарға қажетті құралдар мен қызметтерге тапсырыс беру әлеуметтік қызметтер порталы арқылы жүзеге асырылады. Яғни, ерекше жандар өзінің электрондық қолтаңбасын (ЭЦҚ) пайдалана отырып, жеке оңалту парағында бекітілген қызметтерді қолдана алады. Жыл басынан бері 4 739 мүгедектігі бар адамға протездік-ортопедиялық құрал берілді. Мұндай құралдар 2023 жылы 1 176 адамға берілген болатын. Өткен жылы сурдо-техникалық, тифлотехникалық, гигиеналық құралдармен 5 190 мүгедектігі бар адам қамтылса, биыл 15 700 адамға жетті. Тірек-қимыл апаратында бұзылысы бар ерекше жандарға жыл басынан бері 1 017 қол арба берілді. 2023 жылы мұндай қол арба 445 адамға үлестірілген болатын. Сонымен қатар, жеке көмекші, ымдау тілі маманы қызметін осы жылы 2 785 адам пайдаланып отыр. Ал, өткен жылы мұндай қызмет түрі 1 963 адамға көрсетілген еді. Мүгедектігі бар азамттарды сауықтыру-шипажайымен қамту бағытында да өсім бар. Өткен жылы 2 150 мүгедектігі бар азамат сауықтыруға жолданса, биыл 7 166 ерекше жанға шипажай жолдамасы берілді. Сондай-ақ арнайы жабдықталған «Инватакси» қызметіндегі 28 көлік 453 мүгедектігі бар жанға қызмет көрсетуде. Ал, 2023 жылы 350 адам арнаулы көліктің қызметін қолданған еді. Бұған дейін Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында «Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының 2024 жылдың I жартыжылдығында атқарылған жұмыс қорытындылары» тақырыбында баспасөз жиыны өткен болатын. Жиында Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Жанат Өмірсейітқызы қаладағы жұмыспен қамту шараларының нәтижелері мен болашақ жоспарлары туралы ақпарат берді. Басқарма басшысының сөзінше, Шымкент қаласында биылғы жылға жоспарланған жұмыспен қамту шараларының нәтижелері ашық түрде жарияланды. 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында Шымкентте 56,9 мың адамды жұмыспен қамту бағдарламасына қатыстыру көзделген. Осы мерзім ішінде 27 168 адам бағдарламалардың артықшылықтарын пайдаланып үлгерді. Бұл ғана емес, Шымкент қаласында биыл әлеуметтік қолдау және жұмыспен қамту шаралары бойынша елеулі өзгерістер мен жетістіктер орын алды. Қалада жұмыспен қамту шараларын нақты көрсеткіштер мен мақсаттарға сай жүзеге асырылуда. Атап айтсақ, 2019 жылдан бері халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтарына бизнес-жобаларын іске асыру үшін 400 АЕК көлемінде қайтарымсыз гранттар беріледі. Биыл Шымкентте 426 адамға грант беру жоспарланған болатын, бірақ комиссияның шешімімен 428 адамға қаржылай қолдау көрсетілді. Бұл жоспардың артығымен орындалуының себебі – комиссия мүшелері қаржы бөлуді оңтайландырып, қосымша екі жобаны қаржыландырды. Гранттар мал шаруашылығынан қызмет көрсету саласына дейінгі түрлі бағыттарға бөлінді. Сондай ақ 2024 жылдың алғашқы жеті айында 7 797 отбасындағы 40 419 адамға атаулы әлеуметтік көмек көрсетілді. Бұл көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 29,7 пайызға төмендеген. Жыл басынан бері атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасылардың саны азайғанымен, 1-6 жас аралығындағы балаларға берілетін қосымша төлемдер жалғасуда. Қазіргі таңда, атаулы әлеуметтік көмек жан басына шаққандағы орташа табысы белгіленген кедейлік шегінен аспайтын азаматтарға беріледі. Бұдан бөлек, қалада 41 406 мүгедектігі бар азамат тіркелген. Оларға әлеуметтік қолдау көрсету мақсатында түрлі құралдар мен қызметтер беріліп отыр. Мысалы, протездік-ортопедиялық құралдарға 6 520 өтініш қабылданып, 4 111 құрал қамтылды. Сонымен қатар, мүгедектерге арналған қоларба, тифлотехникалық құралдар және жеке көмекші қызметтері де көрсетілуде. Шипажайларға жолдама алуға 11 607 өтініш қабылданып, 6 314 азамат қамтылды. Шымкенттің әлеуметтік бағдарламаларының тиімді жүзеге асырылуы қаланың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға бағытталған. Бұл шаралар халықтың әл-ауқатын арттыру мен қоғамның барлық мүшелерінің тең мүмкіндіктерге ие болуын қамтамасыз ету мақсатында атқарылып жатыр.
Жалпы елімізде әлеуметтік қолдау шаралары қарқынды түрде жалғасып келеді. Мәселен, жыл басынан бері Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы шамамен 517,7 мың мүгедектігі бар адам оңалтудың техникалық құралдарын, 8,2 мың ымдау тілі қызметін, 25,8 мың жеке көмекшінің, 44,5 мың санаторлық-курорттық емдеу қызметін алды. Портал мүгедектігі бар адамдарға оңалтудың техникалық құралдары мен қызметтерін өндірушіні және жеткізушіні өз бетінше таңдауға мүмкіндік береді. Көмек түріне тапсырыс беру көрсетілетін қызметті алушының электрондық цифрлық қолтаңбасымен растау арқылы жүзеге асырылады. Тапсырыс берілген оңалтудың техникалық құралдарын жеткізу немесе өз бетінше әкету арқылы алуға болады. «Мүгедектігі бар адамдарды оңалту құралдарымен қамтамасыз ету протездік-ортопедиялық, сурдотехникалық, тифлотехникалық және гигиеналық құралдар, сондай-ақ кресло-арбалар беруді қамтиды. Бүгінгі күні порталда 897 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін орталық, 796 ОТҚ жеткізуші, 30 мыңнан астам жеке көмекші, 744 ымдау тілі және 122 санаторлық-курорттық емдеу қызметтерін ұсынушы тіркелген» деп жазды Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінен.«Әлеуметтік қызметтер порталы» автоматтандырылған ақпараттық жүйесін енгізу Мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі ұлттық жоспар шеңберінде қарастырылған. Бұған дейін хабарланғандай, ҚР Әлеуметтік кодексін іске асыру шеңберінде жергілікті атқарушы органдар жанынан құрылған Портал жөніндегі комиссияларға жаңа өкілеттіктер берілген. Олар – мүгедектігі бар адамдардың сапасыз тауар немесе қызмет туралы өтінішін 5 күн ішінде қабылдау және қарау, өнім берушіге хат жолдау және оның орындалуын бақылау, өнім берушіні Порталдан шығару және жосықсыз өнім берушілер тізіміне енгізу туралы шешім қабылдау. Порталды пайдалану бойынша консультацияларды қолдау байланыс орталығынан, яғни 1414 бірыңғай нөмірі арқылы хабарласуға болады.