1 452 КӘСІПОРЫНДА ЕҢБЕК ҚАУІПСІЗДІГІ БОЙЫНША ӨНДІРІСТІК КЕҢЕСТЕР ЖҰМЫС ЖҮРГІЗІЛУДЕ

47
0

Ақпараттық-коммуникациялық орталығы алаңында Шымкент қаласының мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Бауыржан Қалжанов аталған салада жүзеге асқан жұмыстар жайын тарқата баяндады. Тарқатайық…

Жалпы басқарма жұмысы еңбеккерлердің құқығын қорғаумен ғана шектелмейді. Сонымен қатар қоғамда еңбек адамының бейнесін кеңінен насихаттау бағытындағы шараларды да сәтті жүзеге асуда. Атап айтқанда, еңбек адамы туралы жақсы пікір қалыптастыру, жастардың еңбекке құрметпен қарауын, еңбек дәстүрлерін сақтау және көбейту рухында тәрбиелеу мақсатында жыл сайын «Еңбек жолы» конкурсы өткізіліп келеді. Конкурс «Үздiк еңбек әулетi», «Өндiрiстiң үздiк жас қызметкерi», «Жұмысшы жастардың үздiк тәлiмгерi» номинацияларынан тұрады. Конкурс 2 кезеңде өтедi – «Еңбек жолы» конкурсы жеңiмпаздарын өңірлік және республикалық деңгейде iрiктеу. Республикалық комиссия жеңiмпаздарды конкурстың әр номинациясы бойынша бiрiншi, екiншi, үшiншi орындарды анықтайды. Конкурсқа кез келген кәсiпорынның барлық қызметкерлерi қатыса алады.

Бауыржан Ахметәліұлының айтуынша, 2019 жылы 17 маусымда Халықаралық әлеуметтік қамсыздандыру қауымдастығы және Қазақстанның атқарушы органдары арасында «Vision Zero — Нөлдік жарақат» тұжырымдамасын ілгерілету бойынша өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандум жасалған. Атқарылған шаралар нәтижесінде тұжырымдамаға қаламыздағы 70 кәсіпорын қосылып отыр. Қалың оқырманның жадында болса, Мемлекет басшысының 2020 жылғы 22 қазандағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде жұмыскерлер еңбегінің қауіпсіздігін және қорғалуын бақылауды қамтамасыз етуге бағытталған «Халықтық бақылау» жобасын ірі кәсіпорындарда енгізу туралы тапсырмасы берілген болатын. Бүгінгі күнге қаламыздың 18 кәсіпорны аталған жобаны енгізіп отырғанын айрықша айта кеткен жөн. Қазіргі таңда қаламыздағы кәсіпорындар мен мекемелерде тұрақты түрде қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету мақсатында мониторинг жүргізіліп отырады. Жүргізілген мониторинг қорытындысы бойынша бүгінгі күнге қаламыздағы 1 452 кәсіпорында еңбек қауіпсіздігі бойынша өндірістік кеңестер жұмыс жүргізіп жатқан болса, 1009 жұмыс орындарына зиянды және қауіпті еңбек қауіпсіздігі бойынша аттестациялау жүргізілді. Сондай-ақ үшінші мегаполистегі 144 кәсіпорында еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша халықаралық және ұлттық стандарттар енгізілген. Бұдан бөлек, өңіріміздегі 4 кәсіпорынның қызметі декларацияланып, «Сенім сертификаты» тапсырылған. Қосымша атап өтетін жағдай, ҚР Еңбек кодексінің 23-бабының 2-тармағының 15-тармақшасы, Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 7 ақпандағы Заңының 8-бабына сәйкес, жұмыс беруші жұмыскер еңбек міндеттерін атқарған кезде оны жазатайым оқиғалардан сақтандыруға міндетті. Шымкент қаласының 7558 әрекеттегі компанияларының 2538 ғана сақтандыру келісім шарттарын жасаған (33,6%). Қазіргі таңда басқарма тарапынан компаниялардың заңда көзделген міндеттерді орындауы үшін тиісті шаралар қаралуда. Қорыта айтқанда, басқарма тарапынан жүзеге асып жатқан жұмыс көп. Мұның өзі қаладағы әрбір жұмысшының өз саласын жетік меңгеріп, нәтижелі іс көрсетуіне мұрындық болады деген үміттеміз.