ТУРИСТІК НЫСАНДАРҒА КӨЛІКТЕР ТҰРАҚТЫ ҚАТЫНАЙДЫ

67
0
Шымкент қаласында қонақтар мен жергілікті тұрғындардың жиі баратын туристік орындарының саны отыздан асады. Олар «Шымқала» тарихи-мәдени кешені, А.Асқаров атындағы дендросаябақ, Шымкент хайуанаттар бағы, «Қазына» этносаябағы, Бәйдібек би ескерткіші, Жайлаукөл саябағы, «Арбат» жаяу жүргіншілер демалыс аймағы, Абай, Кеңбаба, Тәуелсіздік, Металлург саябақтары, Қошқарата өзенінің жағалауы, сонымен қатар, Сайрам тұрғын алабындағы орта ғасырлық сәулет ескерткіштері және тағы да басқа нысандар бар.
Қала аумағында орналасқан туристік нысандарға көліктің барлық түрлерімен жеткізу толығымен қамтамасыз етілген. Атап айтқанда, «Шымқала» тарихи-мәдени кешеніне № 1, 6, 12, 84, 27, 92, 6, 32 қоғамдық көліктер, Сайрам тұрғын алабында орналасқан Ибрагим ата, Қарашаш ана және тағы басқа нысандарға № 30, 71, 139, 148, «Қазына» этно-саябағы, Дендросаябақ, Зообақ, Жайлаукөл саябағына №126, 17, 52, 70 қоғамдық көліктер алып барады. Сонымен қатар, қалада бірқатар мобильді қосымшамен тасымалдайтын такси қызметі кеңінен тараған. Яндекс go такси қызметі қала аумағында тасымалдаса, InDrive Шымкент қаласынан басқа өңірлерге жеткізеді. Одан бөлек, Шымкент қаласында және Түркістан облысына топпен немесе жекеше саяхат ұйымдастыру жолға қойылған. Егер Шымкент қаласына келген қонақ әрі қарай басқа өңірлерге баратын жағдайда қала автовокзалдарынан көліктер тұрақты түрде барлық бағыттарға қатынайды. Айта кетейік, өткен жылы Шымкент қаласына 9 айдың ішінде 311 895 адам келген. Ал 2021 жылы бұл көрсеткіш 238 197 адамды құраған болатын. Алматы, Астана және Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркия, АҚШ, Корея және басқа да елдер мен қалалардан іскерлік, жеке және кәсіптік мақсатта Шымкентке келушілер саны басым. Аталған басқарма биыл туристер санын 400 мыңға жеткізуді жоспарлаған. Бұл ретте, сыртқы байланысты жандандырып, Шымкенттің туристік танымдылығын арттыру мақсатында биылға жоспарланған БАӘ-нің Бас консулдығының ашылуы, Литваның Каунас қаласымен бауырлас қарым-қатынас орнатуы да ықпал етпек. Еске сала кетейік, жазғы кезеңге Шымкенттен Қостанайға, Ақтөбеге, Семейге және Атырауға, сондай-ақ, грузиялық Кутаисиге дейінгі жазғы маусымдық маршруттар қалпына келтіріледі.