276-ОРАМНЫҢ МЫҢНАН АСТАМ ТҰРҒЫНДАРЫ КӨГІЛДІР ОТЫНМЕН ҚАМТЫЛАТЫН БОЛДЫ
Шымкент қаласына қарасты Сәуле шағынауданындағы 276-орамда газдандыру құрылысы аяқталуға жақын. Қала әкімі Мұрат Әйтенов елдімекенді аралап, табиғи газбен қамтамасыз ету жұмыстарының барысын қадағалады. Мердігерлер аталған орамға 28 шақырымдық газ құбырын тартуда. Қазіргі таңда атқарылған жұмыстың көлемі 98% құрайды.
Алдағы күндері «ҚазТрансГаз» мекемесі техникалық шарттары дайын тұрғын үйлерді абоненттеу жұмыстарын бастайды. Өндірістік кестеге сай газдандыру жұмыстары ағымдағы жылы тамыз айында аяқталады. Нәтижесінде 1263 абонент көгілдір газбен қамтылады. Мұрат Дүйсенбекұлы жауаптыларға құрылысты мерзімінде аяқтап, тұрғын үйлерді табиғи газға қосу жұмыстарын тездетуді тапсырды. Жалпы, қала елдімекендерін табиғи газбен қамту бойынша жасалған кешенді жоба аясында биыл Тассай, Тұран 3 кезек, Асар-2, Сауле, Солтүстік саяжай, Бозарық 74 га елдімекендерін газдандыру жоспарланған. Алдағы жылы Ынтымақ-2 елдімекеніне газ құбырын тарту жұмыстары аяқталады. Жоспарға сәйкес 2023 жылы көгілдір газбен қамту көрсеткішін 94%-дан 96%-ға жеткізу көзделуде. Айта кету керек, биыл үшінші мегаполисте табиғи газбен қамтамасыз ету құрылысы 6 нысанда жүргізілуде. Газдандыру жұмыстары Тассай, Тұран 3 кезек, Асар-2, Сауле, Солтүстік саяжай, Бозарық шағынаударында атқарылуда. Бүгінде Солтүстік Саяжай елдімекеніне көгілдір газ берілді. Шағынауданда құрылыс жұмыстары былтыр сәуір айында басталған болатын. Жалпы абонент саны 6 мыңға жуықтайтын елдімекенде құрылыс толық аяқталып, абоненттеу жұмыстары басталды. Мегаполис тұрғындарының қолайлы өмір сүруін қамтамасыз ету мақсатында биыл Нұртас шағынауданын толық газдандырып, Ынтымақ-2 елдімекенінде газ жүйесінің құрылыс жұмыстарын 2024 жылы аяқтау жоспарлануда. Жыл соңына дейін елдімекендердің табиғи газбен қамтылу көрсеткіші 94%-дан 96%-ға жететін болады.