ӨТЕГЕНОВ КӨШЕСІНІҢ 1-КЕЗЕҢІ АЯҚТАЛУҒА ЖАҚЫН
Шымкентте жол құрылысы жұмыстары қарқын алған. Жаңа асфальт төселіп, кеңейіп жатқан көше көп. Бүгінге дейін бірқатар айналма жол, көпірлер ел игілігіне беріліп те қойды. Құрылыс жұмыстарының сапасы, дер кезінде бітуі – жергілікті биліктің басты назарында.
Осы орайда Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Өтегенов көшесінің 1-кезеңі Шымкент Сити шағын ауданынан Сырым батыр көшесі аралығында атқарылып жатқан құрылыс жұмыстарын тексерді. Бүгінде жол құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. Кезеңнің жалпы ұзындығы 970 метр, ені – 28 метр. Жолдың жүріс бөлігі 4 жолақты. Нысанда алдымен автомобиль жолына жер негізін салу және тығыздау жұмыстары жүргізілді. Сапаға басты назар аударған шаһар басшысы нысанның мерзімінен кешіктірілмей тапсырылуын тиісті басқарма мен мердігер мекеме басшыларына ескертті. Қазіргі таңда асфальт жабындысының 2-ші қабатын төсеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, шағал тас төсеу, ирригациялық жүйелер, тротуар орналастыру жұмыстары толығымен аяқталды. Үшінші мегаполис көшелерінде көлік кептелісін азайту бағытында айналма жолдарды дамыту жұмыстарының маңыздылығы да арта түсуде. Бұл бағыттағы жобалардан Ленгір тасжолынан бастау алып, А-2 Шымкент–Ташкент автожолына дейінгі аралықты қамтиды. Ал жалпы, 2-кезеңде Өтегенов көшесі жалғасының құрылысы Сырым батыр көшесі мен Төлеметов көшелері аралығы қамтылған. Жалпы ұзындығы – 1,2 шақырым, ені – 28 метр. Автомобиль жолында 4 жолақты жүріс бөлігі қарастырылған. Қазіргі таңда жол негізін салу, асфальт жабындысын төсеу жұмыстары, жаяу жүргіншілер жолын салу және суағарлар орнату жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мұрат Дүйсенбекұлы жауаптыларға жұмыс барысын ширатып, нысанды мерзімге сай жыл соңына дейін аяқтауды тапсырды. Сонымен қатар жолайрық аумағында көшелерді кеңейту барысында қаладағы әбден ескіріп, тозығы жеткен байланыс, электр қуаты, табиғи газ, сыртқы сумен қамту жүйелері орындарын қайта ауыстыру шаралары қатар жүргізілуде. Ал Шымкентте қаласындағы көшелерге келер болсақ, жалпы ұзындығы 201,7 шақырым болатын 253 көше орташа жөндеуден өтеді. Олардың 21-і – магистралды көшелер. Сонымен қатар жыл соңына дейін 140,6 шақырым жолда құрылыс және қайта құру жұмыстары жүргізіледі. Осылайша, қаладағы жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесін 71,2 пайызға жеткізу жоспарланып отыр.