ТЕАТРДЫҢ КЕЗЕКТІ МАУСЫМЫ ҚОРЫТЫНДЫЛАНДЫ
Шымкент қалалық қуыршақ және жасөспірімдер театры мерейтойлық 40-шы маусымын жапты. Өнерпаздар жергілікті режиссер Қ.Исаевтың «Саяхатшы тасбақа» қойылымымен маусымның нүктесін қойды. Мейірімділік, бауырмалдық, жанашырлық, қайсарлық пен табандылық қасиеттерінің маңызын дәріптейтін көңілді де тәрбиелік мәні зор қойылым Алматы қаласында өткен Халықаралық «Ортеке» қуыршақ театрлар фестиваліне қатысып, жоғары бағасын алды. Шығарма кішкентай көрермендерді күлдіре де, мұңайта да алды.
40 жылдық тарихы бар, тамыры терең, тағылымы ұштасқан театр ұжымы қуыршақтар әлемі тек балдырғандарға ғана емес, жасөспірімдер мен ересектерге де арналған театр екендігін дәлелдеп келеді. Соның бір дәлелі театр биыл 17 760 көрерменге 200-ден аса қойылым ұсынған. Соның алтауы жаңа премьера. Түрлі елдердің қуыршақ өнерінің арасындағы мәдени көпірге айналған биылғы фестивальде Перу, Эстония, Болгария, Сербия, Румыния, Ресей, Татарстан, Түркия, Тәжікстан, Италия, Тунис, Бельгия, Босния және Герцеговина сияқты елдермен қатар отандық қуыршақ театрлары үздік туындыларын ұсынған. «Бұл фестивальдің өзіндік ерекшелігі де болды. Мұнда арнайы номинация жеңімпаздарын Астана қаласы әкімдігінің «Қуыршақ театры» жанынан құрылған театр студиясының алғашқы түлектері, яғни балалар анықтады. Олар – 7 мен 14 жас аралығындағы өнерпаздар. Нәтижесінде Қазақстанның қуыршақ театры әлемдік ұжымдармен достық қарым-қатынас орнатып, өнер кеңістігінде тәжірибе алмасты. Жалпы қуыршақ театрының басты көрермені – балалар. Театрға келген баланың болашағы баянды, келешегі кемел болады. Өйткені қойылымдар оларды отансүйгіштікке, бір-бірін құрметтеуге, адамдарды жақсы көруге, табиғатты аялауға үйретеді», – дейді театр басшысы. Театрдың келесі маусымға жоспары көп. Түрлі фестивальдерден шабыт пен серпіліс алған тетар ұжымы алдағы маусымда классикалық шығармалар қоюды жөн көріпті. Андерсеннің «Ұсқынсыз үйрек» және Гауфтың «Карлик носына» дайындық басталып та кеткен.