ҚАЛАДА ОҚУШЫ САНЫ ЕКІ ЖЫЛДА 23 МЫҢҒА АРТҚАН

54
0
Соңғы жылдары мегаполис аумағы кеңейіп, миграциялық және демографиялық өсім артып келеді. Бұл өз кезегінде білім ошақтарына деген сұранысты көбейтіп отыр. Қалада жалпы орта білім беру ұйымдарындағы оқушы саны соңғы екі жылда 23 мыңға артқан.
Қажеттіліктер ескеріліп, «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасы аясында қалада 2025 жылға дейін 37 700 орындық 25 мектептің құрылысы қарастырылған. Жобаға сәйкес жыл соңына дейін 17 300 орындық 12 мектептің құрылысы бекітілген. Алдағы жылы 20 400 орындық 13 мектептің құрылысын салу жоспарлануда. Бүгін қала әкімі Мұрат Әйтенов ұлттық жоба аясында Нұршуақ елдімекенінде салынып жатқан 2 мың орындық мектептің жобасымен танысып, жұмыс барысын тексерді. Қазір білім ғимаратын салуға елдімекен аумағынан 4, 2 гектар жер телімі бөлініп, құрылысқа дайындық жұмыстары жүргізілуде. Жобаға сәйкес заманауи талапқа сай бой көтеретін білім нысаны 2024 жылы пайдалануға беріледі. Құрылысы 2024 жылы аяқталатын 11 жайлы мектептің инженерлік инфрақұрылым жүйелеріне жобалаушы мекеме тарапынан жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде. Сараптама қорытындысы қараша айына дейін әзірленеді. Мұрат Дүйсенбекұлы жауаптыларға ұлттық жоба аясында салынатын мектептердің инженерлік-коммуникациялық желілерін талапқа сай жүргізіп, ғимараттардың кескін-келбетін мегаполистің сәулеттік ерекшелігіне сай жабдықтау бойынша бірқатар тапсырмалар жүктеді. Айта кетейік, үшінші мегаполисте оқушылардың ең өзекті мәселелерінің бірі – орын тапшылығын шешу бойынша да қыруар іс атқарылып жатыр. Мәселен, 2023-2025 жылдар аралығында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 25 мектептің құрылысы жүргізілмек. Аталған пилоттық білім нысандары жалпы 37 700 орынға арналады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, ұлттық жобаның алғашқы кезеңі биыл жүзеге асырылады. Яғни Шымкентте 2023 жылы 17 300 орынға арналған 12 мектептің, ал келесі жылы 20 400 орындық 13 мектептің құрылысы басталады. «Жайлы мектеп» аясында бой көтеретін білім нысандарының басты ерекшелігі — оның жабдықталуында. Мамандардың айтуынша, бастауыш және жоғары сыныптарға арналған бөлек блоктар, трансформер-мобильді парталар, трансформациялау мүмкіндігі бар әмбебап акт залы, балаларға арналған жеке шкафтар, оқу-зертханалық құрылғылар, ауыз су бұрқақтары орнатылып, Wi-Fi және жоғары жылдамдықты интернетпен қамтылмақ. Сонымен қатар, компьютермен жабдықталған физика, химия, биология дәрісханалары мен оқу зертханалары, робототехника кабинеттері, STEM-зертханалар болады.