ЖАҢА САЯБАҚТЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРІП ЖАТЫР

134
0
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы Жолдауында қалалардың көркін арттыру мақсатында абаттандыру жұмыстарына айрықша көңіл бөлу керегін айтқан еді. Бұл тұрғыдан келгенде Шымкенттің жетістігі мол. «Жасыл қала» атанып кеткен шаһарда соңғы жылдары бірнеше саябақтардың құрылысы жүргізілді. Жұмыстар мұнымен тоқтап қалмақ емес.
Тарқатар болсақ, Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов бүгін «Шымкент Сити» шағын ауданында болып, құрылысы қарқынды жүріп жатқан саябақ жұмыстарын аралап көрді. Қазір саябақтың құрылыс жұмыстары 20%-ға дейін жүргізілген. Нысан 2025 жылы пайдалануға беріледі деп күтілуде. Жалпы жаңа қалашықтың аумағы 20,4 гектар жерді алып жатыр. Бүгінде шағынауданды инфрақұрылыммен қамту жұмыстары толық жүргізілуде.  Бұған дейін Shymkenт City аумағының даму жоспарына 15 инвестор тартылып, тұрғын үй құрылыстары қарқын алған болатын. Сондай-ақ заманауи ғимараттар, бизнес кеңселер, әкімшілік-іскерлік орталықтар салуға сырттан да инвестициялық жобалар тартылған. Сонымен қатар мұнда жеке инвесторлардың қаржыландыруымен жаңадан 300-ге жуық көп қабатты тұрғын үй, әрқайсысы 1200 орындық 3 мектеп, балабақшалар, емхана, саябақ және конгресс-холл құрылыстары жүргізілуде.  Саябақ құрылысына келсек, нысанда көгалдандыру алаңы 164 000 шаршы метрді құрайды. Мұнда 53 балалар ойын алаңшасы, 19 спорттық алаң орналасатын болады.  Сондай-ақ 2,8 шақырымдық веложол, жасанды көл салынып, 5 мыңнан аса ағаш көшеті, 7 мыңнан аса гүл, 6 мың бұта егу жоспарланған. Айта кету керек, жуырда Шымкент қаласында жастардың сұранысымен скейт парк ашылды. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі мәлімдеді. Қаламыздағы скейт элементтері бар алғашқы алаңда скейтбординг, BMX сияқты спорт түрлерімен шұғылдана алады. Бұл жаңа кеңістік бұрынғы Дельфин аквапаркінің аумағында орналасқан, онда скейтпен сырғанау алаңынан өзге воркаут аймағы, көше тренажерлары, роллердром, баскетбол алаңы, және әткеншектері бар тыныш аймақ та бар. Заманауи талапқа сай жабдықталған скейт парк мегаполис жастарының бос уақытын тиімді өткізуге мүмкіндік беретін орталыққа айналады.