ШЫМКЕНТТЕ КОНГРЕСС-ХОЛЛ ҚҰРЫЛЫСЫ КЕСТЕГЕ САЙ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

78
0
Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов «Шымкент сити» жаңа шағын ауданында бой көтерген Конгрес-холл құрылыс жұмыстарына кезекті рет шолу жасап қайтты. Нысан құрылысы қазір кестеге сай жүргізілуде, сондықтан 75%-ға дейін дайын. Аяқталу мерзімі биылғы жылдың үшінші тоқсаны деп күтілуде.
Айта кетейік, үшінші мегаполистің келбетін ашатын Конгресс-холл көп функциялы мәдени және ойын-сауық сарайы ретінде ашылмақ. Мұнда халықаралық конгресстерді, форумдарды, мәжілістерді, симпозиумдарды, ресми іс-шараларды және пленарлық отырыстарды өткізуге мүмкіндік мол. Конгресс-холл екі блокқа бөлінген, үш қабаттан тұрады. Бірінші блокта мәдени көпшілік іс шараларға, спектакльдерге арналған кәсіби мультимедиялық жабдықтар орнатылған 2066 орындық көрермендер залы орналасқан.
Сондай-ақ, 190 орындық конференц-зал, 80 орындық салтанат залы, 40 орындық пресс кабинет бар. Екінші және үшінші қабаттарда көркемдік және киім-кешек бөлмелері, сахнаға қызмет көрсету үшін техникалық бөлмелерді де осы бірінші блоктан көруге болады. Ал екінші блокта қолөнершілер орталығы жоспарланған. Сонымен қатар, қолөнершілер дайын бұйымдарын қоя алатын көрме алаңы, қолөнер тарихымен танысу үшін бірінші қабаттағы мультимедиялық кабинет, қазақ ұлттық билеріне арналған үлкен би залы, музыкалық зал, қазақтың дәстүрлі үстел ойындарына арналған кабинет те осы әсем ғимараттың еншісінде. Айта кету керек, жуырда Шымкент қаласына қарасты Тұран шағынауданында Оқушылар сарайының құрылысы басталды. Заманауи талапқа сай бой көтеретін ғимаратта оқушылардың сабақтан тыс уақытта әр түрлі үйірмелерде шығармашылық, спорттық, ғылыми, мәдени бағытта дамуына барлық жағдай жасалады. 3 блоктан тұратын 3 қабатты ғимараттың жалпы сыйымдылығы 500 орындық. Жобада 35 орынға арналған асхана, 80 көлікке арналған автотұрағы қарастырылған. Құрылысы мамыр айында басталған ғимарат жоспарға сай келесі жылы қолданысқа беріледі. Құрылыс жұмыстарына әзірге 50 адам 4 техника жұмылдырылып отыр. Осыған дейін мұнда жер қазылып, іргетасының жартысынан астамы құйылған. Қазір қабырғалар тұрғызылып, бағаналар орнатыла бастады.