ШЫМКЕНТТІК ЖАС КӘСІПКЕР 10 АДАМДЫ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУДА

68
0

Бүгінде кәсіп бастап, нәсібін көрем деушілерге арналған мемлекеттік бағдарламалар көп. Сәйкесінше, оның игілігін көріп, кәсіп бастағандардың да қатары қалыңдап келе жатыр. Бұдан мемлекеттің ұтары көп. Өйткені белгілі бір кәсіпті меңгерген жандар өзімен қатар өзгені де жұмыспен қамтып, әлеуметтің әлеуетінің көтерілуіне өлшеусіз үлес қосуда. Бүгінгі материалымызда солардың бірі турасында тарқата жазуды жөн санап отырмыз.

Шымкенттік жас кәсіпкер Дінмұхаммед Күмісбек небәрі 22 жасында 10 адамды  жұмыспен қамтып отыр. Мемлекеттік қолдауға ие болған кәсіпкер есік, тапсырыспен баспалдақ және жиһаз дайындайтын шеберхана ашқан. Жұмысшылардың жалақылары істеген жұмыс көлеміне қарай орташа есеппен айына 250 мың теңгеден асады. Кәсіпкердің айлық табысы 2 миллион теңгеге жуық. Іскер жігітке жаңа мүмкіндіктерді ашуда жастарға арналған жеңілдетілген несиенің көмегі тиген. Дінмұхаммед Күмісбек 2,5 пайызбен алған 5 миллион теңгеге қосымша құрал-жабдықтар сатып алып, кәсібін кеңейтіп отыр. Тауарларын әлеуметтік желі парақшасы мен дүкен арқылы сатылымға шығаруда. Қазірдің өзінде тұрақты сатып алушылары бар.

Айта кету керек, жастарға арналған 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие алуға өтінім қабылдау әлі де жалғасуда. Мемлекетік қолдау 21 мен 35 жас аралығындағы азаматтарды қамтиды. Жас кәсіпкерлер 5 миллион теңгеге дейінгі несиені мал шаруашылығы жобалары үшін – 7 жылға дейін, кәсіптің басқа түрлері үшін – 5 жылға дейінгі мерзіммен ала алады. Кепілзат ретінде арнайы техника, жылжымайтын мүлік және жер учаскелері қабылданады. Кепілге қоятын мүлік болмаса, кепіл берушіні тартуға болады. Өтінім беру үшін құжаттарды «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Шымкент қаласындағы филиалына тапсыру қажет. Мекен-жайы: Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданы, Қонаев даңғылы, 3/3