«ТАШКЕНТ–АЛМАТЫ» МАГИСТРАЛЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ 65%-ҒА ДАЙЫН БОЛДЫ

71
0
Шымкент қаласында жүргізіліп жатқан алып жол құрылыстарының бірі «Ташкент – Алматы» бағытындағы магистралды А-2 автомобиль жолы. Қаланы айналып өтетін А-2 магистралы қазір қайта жаңартылу үстінде.
Осыған орай бүгін қала әкімі Мұрат Әйтенов құрылыс басына барып, атқарылып жатқан жұмыстарды бақылады. Яғни, аталған жолдың құрылысы 31 шақырымнан тұратын 8 кезең бойынша жүргізілуде. Нысанның 8-ші кезеңі Бәйдібек би даңғылынан «Шымсити» шағын ауданына дейінгі аралықты қамтиды. Бекітілген жоспарға сәйкес, жалпы ұзындығы 1,8 шақырым автомобиль жолының ені 40 метр, 6 жолақты. Құрылыс нысанында бригадалар қазір инженерлік желілердің орнын ауыстыру, жол негіздерін салу, суағар құбырларын тарту және асфальт жабындысын салу сатысында қызу жұмыс жүргізіп жатыр. Мұрат Дүйсенбекұлы мұндағы жол құрылыс жұмыстарының бүгінде 65% пайызға орындалғанын ескере келе, әрі қарай да істі соңына дейін сапалы орындауды тапсырды. Сондай-ақ, жол құрылысы барысында заңсыздықтарға бой алдырмауды, қажетті жер аумағы мемлекет қарамағына қайтарылуын міндеттеді. А-2 магистралы пайдалануға берілсе, қаланың экономикалық, әлеуметтік даму көрсеткішіне оң әсерін тигізбек. Айта кету керек, бүгінде Қаратау ауданындағы Бозарық саяжайының бірқатар көшесіне асфальт төселуде. Қала әкімі Мұрат Әйтенов Қалқаман, Мамыр, Құдірет көшелеріндегі асфальттеу жұмыстарын пысықтады. Асфальтбетон жабындысы төселетін жолдың ұзындығы 3 шақырымды құрайды. Жыл соңына дейін жалпы ұзындығы 11,4 шақырымды құрайтын 17 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Асфальттеу жұмыстары Егемен Қазақстан, ПК Асар, Наркеткен, Саяжай, Алмасқылыш, Балқадиша, Айқаракөз, Өскен өнір, Ерлік тау, Көрімдік, Сұлутау, Буғынай. Шидерті, Арғанаты, Бурма көшелерінде атқарылады. Мұрат Дүйсенбекұлы жауаптыларға құрылысты өндірістік кестеге сай жүргізіп, сапасыздықты алдын алу бойынша бірқатар тапсырма жүктеді. Көшелерді жол қозғалысына қолайлы етіп, қауіпсізді қамтамасыз етуді ескертті. Биыл жалпы қаладағы жол жабындысы жағдайын жақсарту мақсатында 243 нысан яғни, 297 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Бұдан бөлек, қазіргі таңда Абай ауданына қарасты Алтынтөбе тұрғын алабының даму жоспарына сәйкес Сатқанбаев және Ырсымбетов көшелерінде оршата жөндеу жұмыстары басталды. Қала әкімі Мұрат Әйтенов нысандарда болып, құрылыс қарқынын тексерді. Жобаға сәйкес асфальтбетон жабындысы төселетін жолдың ұзындығы 1,4 шақырымды құрайды. Мұрат Дүйсенбекұлы жұмыстарды сапалы жүргізіп, өндірістік кестеге сай шілде айының соңына дейін аяқтауды тапсырды.