ШЫМКЕНТТЕ 4 ЖЕКЕМЕНШІК МЕКТЕП БИЫЛ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛЕДІ

60
0
Биыл Шымкентте бірқатар жекеменшік мектептердің құрылысы жүргізілуде. Жаңа білім ошақтары Сайрам, Базарқапқа тұрғын алаптары мен Нұрсат шағынауданында бой көтеруде. Бүгін қала әкімі Мұрат Әйтенов Сайрам тұғын алабындағы «Астана» және Ахмет Байтұрсынов атындағы жалпы орта мектептерінің құрылысын тексерді.
«Астана» мектебінің 2 мың орындық білім ғимараты 3 қабаттан тұрады. Мұнда құрылыс наурыз айында басталған. Ал, Ахмет Байтұрсынов атындағы жалпы орта мектебі 3 мың орынға лайықталған. 3 қабатты ғимарат заманауи үлгіде бой көтеруде. Екі нысанда да қазір ішкі, сыртқы әрлеу жұмыстары атқарылып, аулалары абаттандырылуда. Орындалған жұмыстардың көлемі 90- 95%. Озық үлгіде салынған білім ошақтары қыркүйекте оқушыларға есіктерін айқара ашатын болады. Жеке мектептер бала саны жыл санап артып келе жатқан елдімекендердегі мектептердің жүктемесін азайтып, білім сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Мұрат Дүйсенбекұлы жауаптыларға құрылыс барысында ең алдымен оқушылар қауіпсіздігін қамтып, өскелең ұрпақтың жайлы жағдайда білім алуына қажетті шаралардың барлығын ескеру бойынша бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді. Айта кету керек, Шымкент қаласына қарасты Тұран шағынауданында Оқушылар сарайының құрылысы басталды. Қала әкімі Мұрат Әйтенов жауаптылармен бірге құрылыс алаңында болып, жұмыс қарқынын қадағалады. Заманауи талапқа сай бой көтеретін ғимаратта оқушылардың сабақтан тыс уақытта әр түрлі үйірмелерде шығармашылық, спорттық, ғылыми, мәдени бағытта дамуына барлық жағдай жасалады. 3 блоктан тұратын 3 қабатты ғимараттың жалпы сыйымдылығы 500 орындық. Жобада 35 орынға арналған асхана, 80 көлікке арналған автотұрағы қарастырылған. Құрылысы мамыр айында басталған ғимарат жоспарға сай келесі жылы қолданысқа беріледі. Құрылыс жұмыстарына әзірге 50 адам 4 техника жұмылдырылып отыр. Осыған дейін мұнда жер қазылып, іргетасының жартысынан астамы құйылған. Қазір қабырғалар тұрғызылып, бағаналар орнатыла бастады. Мұрат Дүйсенбекұлы жауаптыларға құрылыстың өндірістік кестеге сай жүргізілуін бақылауға алып, сапасыздыққа жол бермес үшін жұмыс барысында тиісті талаптарды назарға алу қажеттігін ескертті.