Жұмағұловтың жарапазаны немесе қазақ білімінің жеті сырқаты
ҚАЗАҚ БІЛІМІНІҢ ХАЛІ МҮШКІЛ…
Қазақтың орта білімі дейсің бе, жоғарғы оқуы дейсің бе, бітірген-бітірмегеннің түп-тұқияны көше кезіп, кеңсе торып, 20 жылдан бері сандалып, екі қолға бір күрек таппай жүргендігін еңкейген қарттан, еңбектеген балаға дейін біледі.
Жыл сайын жоғарғы оқу орындары (ЖОО), колледждер, орта мектептер қаншама жастарды түлетіп-ұшырады, солардың, құдай біледі, басым көпшілігі, шамамен, 80-90 пайызы көше кезіп кетеді…
Ал, жақында Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов жерден жеті қоян тапқандай: «Алаңдаушылық туғызатын бірқатар мәселелер де бар» – деп, көсемсіді.
Бұл – алаңдататын емес, әлдеқашан қазақ қоғамының әлем-тапырағын шығарған аса өзекті, оттай өртенген мәселе емес пе?.. Жұмағұлов жаңалық ашқандай: «Бірінші, жұмыссыз жастардың арасында жоғары және кәсіптік-техникалық білімі бар жастар көп. Екінші, өз бетімен жұмыс істейтіндердің саны азаймай отыр. Ол 2 млнл.-нан астам адамды құрайды. Үшінші, техникалық және жоғары оқу орнын бітірушілердің едәуір пайызы жұмысқа орналаса алмауда» – деп көлгірсиді…
Мен айтар едім: қазақ қоғамының ең іріп-шіріген саласы – білім беру мен жастардың мәселесі…
Жастар қараусыз қалды, қамқорлықтан ада болды, тәрбиесін тәрк еттік, армандарын тыңдамадық, мақсаттарына құлақ аспадық, тіпті, адамға, отанға деген сезімдерін де табанға таптадық…
Шолақ белсенділер «әлеуметтік маңызы бар» деп санаған «Жасыл ел», «Дипломмен – ауылға», «Жастар саясаты» секілді жартыкеш жобалар жастардың жігерін қайрап, рухын тұтата алмады. Маңызы кем, мәні тар бұл науқандық жобалар, керісінше, жастардың әзер сығырайған үміт-шырақтарын баянсыздығымен, берекесіздігімен сөндіріп-жаныштады…
Бірақ, біздің космостан түскендей шенеуніктеріміз «Қожанасырдың қоймалжыңын» қоймайды. Б.Жұмағұлов: «Елімізде 2001 жылмен салыстырғанда жастардың жұмыссыздық деңгейі 4 есеге азайып, 3,8 пайызды құрап отыр. Бұл көрсеткіш Еуропа мен ТМД елдерінде шамамен 18 пайыздан, ал кейбір елдерде 40 пайыздан асады екен» – дегенде, кірпік қақпай, кекірейе қарайды.
Бұл өтірікке кім сенеді? Біз «Еуропаға жетеміз» деп, ышқынып жүргенде, аңдамай асыра сілтеп, байқамай озып кеткенбіз бе, сонда? Елбасымыз «Өркениетті 50 елдің қатарына ілігуіміз керек» десе, Жұмағұловтың асығыс аттағаны қалай? Кімге сенеміз? Ертеңге емсіндірген Елбасына ма, әлде, кешеге қол бұлғаған Жұмағұловқа ма?..
…Сандуғаштың «әні» қаншама әуезді болса да, шындық қашанда жоғалып кетпейді. Қазақ білімінің кемшін-міні мен көпшілікке белгілі сырқаттары жетерлік. Екшелеп, ен тағып жетеуін ғана тілге тиектейік.
Алғашқы алаң – ЖҰМЫССЫЗДЫҚ
Қазақ жастарының жұмыс таба алмауының зардабы – елімізді, сірә, 50 жылға артқа сүйреген шығар. Бір түсініксіздігі: жастардың ата-анасының қалтасын қағып, жоғарғы білім берген мемлекет неге жұмыспен қамтамасыз етпейді? Неге қажетті-қажетсіз мамандықтардың ел көлеміндегі мониторингі үздіксіз жүргізіліп, жыл сайын, керек болса, тоқсан сайын пысықталып-тиянақталмайды.
Білім мен ғылым министрлігі мен оның құрамындағы комитеттер, департаменттер мен басқармалар, облыстағы және аудандағы білім бөлімдері, академиялар мен университеттер, институттар мен колледждер (мемлекеттік және жекеменшік нысандағы) немен айналысып отыр? Лицейлер мен гимназиялар, мектептер мен басқа да білім беру құрылымдарының әрқайсысында өз жастарының толыққанды монйторингі үздіксіз жүргізілсе, қазіргідей бей-берекет көше кезу, сарылып жұмыс іздеу болмас еді…
Атамыз қазақ: «Кезеген аяқ нәжіс басар» дегенде, ал, данышпан Абай: «Жұмысы жоқтық, тамағы тоқтық – аздырар адам баласын» дейді. Жұмыссыздық – үмітсіздік пен сенімсіздікке, қылмыс пен суицидке алып келеді… Түптеп келгенде, қазақ баласына 21 жыл бойына жұмыс таба алмаған өкіметтің өкілеттілігі қандай дәрежеде?!.
Келесі кесел – САУАТСЫЗДЫҚ
Жастар жаппай сауатсыздық ұйығанда үйелеп жатыр. Қазіргі жас адам өзінің ішкі ой-пікірін анық әрі толық жеткізе алмайтын дәрежеде. Ғаламдану үрдістері: жалпы компьютерлендіру, ұялы байланыс, қаламсыз жазу, кітапсыз оқу жастардың санасын улап қана қоймай, сана-сезімін кідіртіп-кемітіп, ой-пайымын кедейлендіре түсуде.
Бұрынғылардың: «Кітап – білім бұлағы» дейтіні әдіре қалып, бұлақтың мөлдір суы – ащы уға айналғандай, бүгінде балаға кітап оқыта алмайсың, алда-жалда үгітіңді үдетсең, жыларманға келеді…
Жазушы Шерхан МҰРТАЗА: «Бүкіл ақпарат, жаңалықтардың неше түрі, ғылымда, білімде болып жатқан жетістіктер – компьютерде. Қазір бәрін аспаннан тартып отыр. Көп дүние аспанда жүр ғой, деп ойлаймын. Шарлап кеткен, торлап кеткен. Бірақ, түбі кітап керек болады. Тасқа басылғандар – түбі оқылады ғой. Кейбірін біз де енді оқып жатырмыз. Бізде мына Ақсу-Жабағылы деген жер бар. Сонда тасқа басылған неше түрлі дүниелер кездеседі. Сол біздің ата-бабаларымыздың жазулары болуы керек. Олар біздің қамымызды ойлап, тасқа қашап жазып кеткен…» – деген аталы сөз айтады…
Кітап көрмеген, тәлімге ермеген жеткіншектің ертеңі сұрғылт, келешегі күңгірт болмай ма? Сондықтан, балабақшадан бастап, сәбиді робот-ойыншықтармен алдарқатпай, кітапқа қызықтырумен мықтап айналысу қажет. Нанотехнология маңызды жетістік, бірақ, білімнің қайнар бұлағы – кітап! Сауатсыздық сырқатының да жалғыз емі – кітап болып қала береді…
Кезекті кемшілік – ҚАЗАҚ ТІЛІ, дәлірек айтсақ, мемлекеттік тілдің қиын қауқары
Ұлтымыздың өңменінен өтіп, жүрегіне жеткен қатерлі мәселе, бұл.
Жауы көп, жанашыры жоқ дүние…
Қазір дүниені билеп тұрған ағылшын тілі сөздігінде 1 миллионға жақын, ал, отаршыл орыс тілінде 250 мыңға жуық сөз бар екен. Әйткенмен, күн санап бұл екі тілдің де аясы тарылып бара жатқанға ұқсайды. Өйткені, бүгінгі өмірдің екпіні алапат, аса жылдам даму үстінде. Жаңа технологиямен қатар, жаңа сөздер мен тың ұғымдар күн сайын пайда болуда.
Мұның қасында, қазақ тілінің ахуалы адам аярлық. Қазақстан – федеральды ел емес, унитарлы мемлекет, яғни, таза ұлттық құрылым, қазақ бір тілде сөйлейтін, біртұтас халық. Бірақ, біз өз елімізде жүріп, туған жұртымызда отырып, не қалада, не қазағы қалың қонған ауылда кинотеатрлардан қазақ тіліндегі фильмдерді көре алмаймыз.
Президенттің әкімшілігі мен Үкіметте, министрліктер мен облыс әкімшіліктерінің басымында жауапты қызметте орыстілділер отыр. «Кеңестен құтылған арадағы 20 жылда қазақ тіліне басымдық берілер» деген үмітіміз мүлдем өшіп қалды.
Қазір ағылшын тілін меңгергендер алға шықты. Сонда, мәселен, шалғайдағы Сәрсенбай шалдың ахуалы жақсаруы үшін Астанада ағылшын тілін білгеннің не пайдасы бар?..
Белгілі бір лауазымдар мен мемлекеттік құрылымдар, айталық, Сыртқы істер министрлігіндегі қызметкерлер, сыртқы барлаудың адамдарына ағылшын тілі ауадай қажет шығар, дегенмен, елшіге қажет ағылшын тілінің – кеншіге керегі қанша?..
Министр Б.Жұмағұлов: «2013 жылдан бастап балалардың білім деңгейін жақсарту мақсатында ағылшын тілі 1 сыныптан бастап үйретіле бастайды» – деп, телпегін аспанға атты. Меніңше, бұл – аса асығыс шешім. Үштілділік тұжырымдамасы, политілділікті ұсыну – бүлдіршіннің табиғатынан алыс, елдің болашағына басын ауыртудан гөрі – құр айқай, науқаншылығы басым шаруа, деп ойлаймын. Әйтпесе, Жұмағұлов қазақтың қиянындағы алыс ауылдан үштілді, политілді мұғалім таба ала ма?…
Бүгінде медицинасы қарыштап дамыған Израиль 2000 жыл бұрын жоғалып кеткен тілін жаңғыртқан мемлекет. Мұны біз үлгілі үрдіс деп қабылдасақ ұтамыз. Англия, Израиль, Чехия сияқты өркениетке жеткен елдерде балабақшаның барлығы ана тілінде. Сәбиді тәрбиелеудегі бұл тұңғыш қадам – ертеңгі жасты мемлекетшіл етіп өсіреді.
Техника жетістіктерімен әлемді басып озған Жапония 5 сыныпқа дейін балаларды тек ана тілінде тәрбиелейді. Неге десеңіз, балғын-сәби ана тілінің бар құнары мен уызын болмысымен татпаса, жатбауыр, жайдақ, кісікиік болып жетіледі.
Қазақ Елінде қазақ тілін ұлты мен ұлысына қарамай, балабақшадағы бірінші күннен бастап терең де үздіксіз үйрету керек. Артта қалған 21 жылда біз осынау маңызды мәселені жүзеге асыра алмадық. Сосын, ержеткен жеткіншекке әркімнің ынтасы мен қабілетіне қарай, бірнеше тілдер мен пәндерді үйретуге кірісу қажет.
Тағы бір өзекті шаруа: математика, астрофизика, химия, технология, экономика секілді пәндерді қазақ тілінде терең дамытуға шұғыл бетбұрыс жасауға тиіспіз, яғни, қазақ тілін модернизациялап, қарқынды дамыту – күн тәртібіндегі міндет.
Біздің Ата Заңымызда әр азаматтың құқығы тең екендігі баса айтылған, ендеше, үштілділікті зорлықпен енгізу, мәжбүрлікпен үйрету – ел азаматтары мен қазақ халқының конституциялық құқығын таптау болып табылады…
Қазақтың баласы және қазақ топырағындағы өзге ұлыстардың жеткіншектері қазақ тілін үйреніп қана қоймай, ұлтымыздың тілдік сөздігінің дамуына сүбелі үлесін қосуы керек. Қазақ тілінің таусылмас қайнары – түркі тілдері. Түркі кеңесі мен Түркі академиясы туған топырағында таршылық көріп, қыспаққа түскен қазақ тіліне қарасса, құба-құп болар еді…
Тағы бір «тажал» – МАМАНДЫҚ АЛАЛАУ
Гуманитарлық мамандықтардың құнын түсіруге тырысып, техникалық бағытты асыра мақтау, қарапайым тілде мұны: «Ала қойды бөле қырқу» дейді. Қазіргі Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов өзі «механик» болғандықтан ба, бұл жаралы тақырыптың бетін қайта-қайта тырнап, ушықтырып жіберді…
Сала шенеуніктерінің: «Бұрын көптеген жылдар бойы гуманитарлық мамандықтар басым болып келген. Ал қазір, жұмыс берушілер техникалық және кәсіптік білім жүйесінде белсенді жұмыс жүргізуде» – деген уәждерінің негізі жоқ, шылғи өтірік әңгіме.
…Қазақ тәуелсіздігінің бірінші күнінен бастап, гуманитарларға қарсы кескілескен күрес басталды. «Бізде дәнекерлеуші жоқ, инженер жетпейді, көлік жөндеуші кемшін» дегендейін заржақ сүрлеу 20 жылдың төңірегінде саябыр таппай, толассыз айтылды.
Нәтижесі не болды? Ата-бабасынын сыйламайтын, әке-шешесін тыңдамайтын, ана тілін қадірлемейтін, ұлтының тарихын елемейтін, қазақтың әдебиетінен мақұрым, мәдениетінен хабары жоқ, «Адамды» — «Чел», «Мақұлды» — «О,кэй» дегенді дәреже көретін кеудесі бос, жігері жасық, рухы уланған, болмысы жұлмаланған ұрпақ өсіріп шығардық…
«Гуманитар» Пушкин мен Абайдан – «механик» Жұмағұлов артық па?..
Саясаткер Айдос Сарымның: «Неліктен математика мұғалімі оқушының есепке шорқақтығы үшін жұмыстан қуылып, қазақ тілін оқытпаған, жағдай жасамаған директорлар жұмыста қалады?!.» – деген сөзінің жаны бар. Біз, алдымен, баладан – адам тәрбиелеп шығуымыз керек. «Гуманитария»-ның көкесі осы. Бізге анасының тілін, атасының дәстүрін тәрк еткен, ұлтын ұлықтамайтын, мемлекетін сатып кететін, зорлық-зомбылықшыл, қылмыскер мен баукеспе «технарлар» қажет емес…
Бесінші бас ауыруымыз – САПАСЫЗ ОҚУЛЫҚТАР
Бүгінгі басымдық – тез қимылдау мен жылдам жүзеге асыруға тірелді.
Бірақ, қазақтың білім саласы қалың ұйқыда. Мектеп оқулықтары мен оқу-әдістемелік құралдарының сапасыздығы мың-сан айтылды. Нақты нәтиже жоқ.
Білім мен тәрбие берудің кемшіндігінің бар түйткілі сапасыз оқулықтарда екендігін мойындаған министрлік: «Бұдан былай оқулықтардың барлығының түбегейлі жаңартудан өтіп, әр 4 оқу жылы сайын міндетті түрде ауысып тұратындығын» мәлімдеді. Олай болса, жаңа оқулықтардың өзінде ескіден қалған материалдардың кездесетіндігін қайтеміз?..
Тереңіне үңілсек: оқулық дегеніміз – бүгіннің білім жинау қоры ғана емес, ертеңгі ұрпақтың тәлімі, білімі, білігі, болашағы, яғни, ертең дамыған ел, жаңа жұртпен иықтас боламын десек, бүгіннің оқулығы аса сапалы болуы керек.
Оқулықтардағы әрбір сөз еленіп, әрбір сөз екшеленуге тиіс. Соның ішінде, ана тілімізде сөйлеп-тәлімденетіндердің деңгейіне басым көңіл бөлінуі тиіс. Орыстың танымал жазушысы Ф.Достоевский бірде: «Мен бақытты адаммын. Орыс тілін бір сөзге байыттым…» деп жазыпты.
Әрбір қазақ тілі мұғалімінің осындай жауапкершілікпен, осындай мақтаныш сезімімен талмай ізденіп, жалықпай жұмыстануы ләзім. Қазақ тілін дамытатын жалғыз ғана ұлт бар, ол – қазақтар.
Шынтуайтына келгенде, қазақ топырағындағы кірме ұлыстардың қазақ тіліне пайдасынан гөрі, зияны басым. Мың жерден үгіттеп, жүз жерден мәжбүрлесең де, кірмелер қазақ тіліне титтей де ықпал ете алмайды. Мысалы, таяуда теледидардан арасында бір қазақ жоқ өнер ұжымы қазақтың халық әнін орындады. Бұл – қазаққа құрмет емес, керісінше, мазақ болып шықты. Әлгі жастары 40 пен 50-дің арасындағы ерлер мен әйелдерден құралған әншілердің біреуінің де тілі қазақшаға икем емес. Қазақтың әнін бұлайша бұрмалап, масқара қылғанша, мүлдем шырқамағандары абырой болар еді…
Мұның өзі біздегі орта мектепте де, жоғарғы оқу орынында да «Қазақ тілі» пәнінің түбегейлі теріс оқытылатындығын дәлелдейді. Мемлекеттің тілі жүйелі оқытылмаса, басқасының қауқары да кісі қызығарлық емес.
Табиғатында мектеп оқулықтарының нағыз авторлары ерекше еңбекшіл, айрықша сезімтал, тіпті, керемет кінәмшіл келеді. Бұл «еркеліктерін» көтеруге тиіспіз, өйткені, олардың қиямет еңбектерінің арқасында бірнеше буын ұрпақтарымыз тәрбиеленеді. Оқулықтардың авторларын қаржыландыру да асқан әділеттілікпен, жоғарғы дәрежеде жүзеге асуға тиіс. Егер біз бүгін оқулықтардан қаржы үнемдесек, күні ертең қылмыскері қаптаған түрмелерді қаржыландыруға мәжбүр болып, он-жүз есе шығындаламыз…
Алтыншы алынбаған асу – ОҚУ АҚЫСЫНЫҢ ҚЫМБАТТЫҒЫ
Қазақ қоғамы қара алтыны судай аққан мемлекетте жоғарғы оқудың тегін болуы қажеттігін көксеп жүргенде, Бақытжан Жұмағұлов тағы бір ақылға көнбейтін, санаға сыймайтын «Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі» бастамасын бұрқ еткізді.
Жұмағұлов ауылда 20 жылдан астам уақыттан бері, екі қолға бір күрек таппай, қарияларының 15 мың теңге зейнетақысын талғажау еткен қазаққа болашақта баласын жоғарғы оқу орынында оқытқысы келсе, ай сайын 15 мың теңгені банктің есеп-шотына салып-жинауға «кеңес берді».
Ақшасы бар адамға Жұмағұловтың рұқсаты керек пе?..
Өзін «майталман математикпін» деп жар салғанымен, шын мәнісінде, мамандығы «механик» Жұмағұловтың естіні есінен тандырған есеп-қисабы мынадай: Үш бөліктен тұратын жинақталған қаржының бірінші бөлігі – салымшы немесе басқа адам салған ақша. Екінші – банктің ай сайын ақшаны капиталға айналдырып, сыйақы беруі. Бұл банктегі кәдімгі депозиттер сияқты жүзеге асады. Үшінші бөлігі – мемлекеттің сыйақысы. Сыйақы мөлшері, жинақталған ақшаның көлеміне қарай – жылына 5 пайыз болса, кейбір басымдық берілген адамдар топтары үшін (жетім балалар, мүгедектер, көп балалы және табысы аз отбасылар) – 7 пайызды құрамақшы екен.
Яғни, салымшының салған қаражаты – 60 пайыз, банкінің сыйақасы – 23 пайыз, мемлекеттің үлесі – 17 пайыз болып, мемлекеттің көмегі жалпы қордың 15-20 пайызын ғана құрайды.
Меніңше, бұл жүйенің пайдасынан – зияны басым. Біріншіден, 10 жыл бойына жинаған қаржысын ата-ана басқа бір салаға салса, бұдан бірнеше есе көбейте алады. Екіншіден, жүйенің жобасын әзірлеу барысында қарапайым инфляцияның құбылмалылығы да ескерілмеген. Үшіншіден, қазақ банкілеріне деген сенімнің аздығы былай тұрсын, жыл өткен сайын оның депозиттік пайызы төмен тартып барады…
Расында, білім берудің жинақтау жүйесінің Малайзия, Ұлыбритания, АҚШ, Нидерланды, Сингапур, Испания, Бельгия, Канада, Швеция тәрізді елдерде бар екендігі белгілі, бірақ, біздің мемлекеттік жүйеміз де, заңдарымыз да, менталитетіміз де басқаша. Заң жобасын ұсынушылар осындай ерекшеліктерімізді ескермеген…
Бір-ақ мысал: неміс қызметкері жылына 1400 сағат жұмыс істеп, жылына 2300 сағаттан асыра еңбектенетін кәріс жұмыскерінен өнімді артық береді екен. Мұның себебі – жетілген, озық инфрақұрылым. Осы жерде қазақ пен ағылшын қызметкерін салыстыру дұрыс па?!.
Біздің құзырлы әлеует өз тілімізде ғаламторда, технологияда жұмыс істеу үшін латын әліпбиіне көшудің аса маңыздылығы мен қажеттігін түсініп, мұның өзі уақыт күтпейтін қат мәселе екендігін білсе де, әлі күнге дейін шешім қабылдай алмай отырған жоқ па?..
Соңғы 10 жылда Қазақ Елінде арнаулы орта білімі бар азаматтардың саны 40 пайызға, жоғары білімі бар тұрғындар қатары 3 есеге өскенімен, Ұлттық Біріңғай тестілеу – жасөспірімдердің өз-өздеріне қол жұмсайтын ажал ордасына айналды. 15-пен 19 жас арасындағы 100 жастың 12-сі өз-өзіне қол жұмсап, өмірімен қоштасып жатыр. Жалғыз Оңтүстік Қазақстан облысында орта мектептің 50-ден аса оқушысы осындай жолмен о дүниелік болған… Ұлттық Біріңғай тестілеуге тікелей қатысты 2009 жылы 209 жасөспірім өз-өзіне қол жұмсаса, оның саны 2010 жылы 237 жетіп, күрт өсіп кеткен.
Ұлттық Біріңғай тестілеу әдісі жойылып, оның орынына 2015 жылдан бастап, екі мемлекеттік емтихан енгізу – жалғыз дұрыс шешім, деп ойлаймын. Бірақ, бұл үрдісті тездетіп, 2014 жылдан бастау керек, өйткені, жасөспірімдердің өз-өзіне қол жұмсауының жыл өткен сайын артып бара жатқандығын ескермеу – қылмыс болып табылады. Және біріншісі – орта мектепті бітіргенде, екіншісі – ЖОО түсу кезінде өткізілетін жаңа емтихандар таза қазақ тілінде өтуі керек.
Биыл 31 мың 210 білім беру гранты (күндізгі оқыту нысаны бойынша – 30 мың 710 білім беру гранты, сырттай оқыту нысаны бойынша – 500 грант) тағайындалған. Бұл – теңіздегі тамшыдай ғана өте аз. Ал, ақылы оқудың мөлшері жылда қымбаттап, аспандап барады. Мемлекет барлық меншік нысанындағы білім ошақтарының оқу ақыларының белгіленуі мен бекітілуін, мөлшері мен мезгілін, заңдылығы мен жұмсалуын кешенді түрде тексеруі керек.
120 мың мұғалімнің арнайы даярлаудан қайта өткізілуі дұрыс-ақ, бірақ, бiлiм беру ошақтарының (университеттер) бiрсыпырасын жабумен білімнің сапасын көтеріп, ұрпақтың тәрбиесін түзеу мүмкін емес…
Жетінші жемір – ЖЕМҚОРЛЫҚ
Өз-өзімізді танып, жоғалтқанымызды табуға да, өркениеттің өр белестеріне шығуға да бірден-бір тұсау – жемқорлық. Мұның тереңінде туыстық, таныстық, рушылдық, жүзшілдік, жікшілдік, жершілдік жатыр.
Әрбір қазақ өзінің шыққан тегін білуге тиіс. Тегін білмеу дегеніміз – қазақшылықтан айырылу деген сөз. Әйтсе де, тегін танушылықты – саясатпен, ұлттық мүддемен, табиғи қоғамдық қарым-қатынастармен, мемлекеттің қауіпсіздігімен шатастырмау керек.
…Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті Өмірбек Жолдасбековтің басшылығы кезінде тоқырау жылдарының тұспа-тұс келгеніне қарамастан, аты дүркіреп, ең сапалы білім берген аса беделді оқу орыны болды. Кейбір факультеттерге түсу үшін бір орынға 12-15 талапкер таласты. Қаншама аттарынан ат үркетін атақты академиктер, марқасқа ғылым докторлары, парасатты профессорлар жұмыс істеді. Кейінірек Көпжасар Нәрікбаев ағамыз да ҚазМУ-дің абыройлы атағы мен таза беделін мұнтаздай сақтай алды…
…Бірақ, кейін түсініксіз «реформалар» етек алып, профессорлық-оқытушылық құрамның бұрынғы дәстүрлі сабақтастығы күрт бұзылды. Жалаң мақтангершілік, есепсіз есеп берушілік, «имидждік» икемденушілік, «пысықтық» психология етек алды. Сірә, базбіреулер білім мен ғылым ордасын «Нұр Отан» партиялық ұйымымен шатастырып алған болуы керек?!.
Кез келген партияның жұмысы уақыт талабынан қалыс қалмай, әрдайым өзгерістерге ұшырап отырса, ғасырлық тарихы бар алып білім ордасының қалыптасуына бірнеше ондаған жылдар қажет. Және ҚазҰУ-ті секілді үлкен ұжымның ондаған жылдар бойына түзілген тәртібі мен сақталған салт-дәстүрін қиратудың мүлдем қажеті жоқ. Өйткені, қирату – қаншалықты оңай көрінгенімен, қалыптастыру – соншалықты қиын…
«Қорлар мен ректордың гранты» дегеніміз нағыз жемқорлықтың ұйығы. «Студент грантқа ауысамын десе, оқуы да озат болуы тиіс, университеттің қоғамдық өміріне қызу араласуы керек» деген ертегіге есі бар ешбір адам сенбейді.
Менің бір танысымның білімпаз баласы жалғыз балы ғана жетпей, ҚазҰУ-не мемлекеттік грантқа ілікпей қалды. Талапкер жас күндіз-түні кітаптардан басын алмай, үздік студент атанды. Кіл «бестік» бағасы бар баланың ата-анасы сол кездегі ректор Бақытжан Жұмағұловқа өтініш-арызбен кірді. Жұмағұлов уәдесін беріп, сылап-сипап шығарып салғанымен, саусағын да қимылдатпады…
Сосын, жаңа ректор Ғалымқайыр Мұтанов та атақты бір ағамыздың араласуымен, салмақты сертін береді. Бірақ, Мұтановтың да «ауылы» Жұмағұловтан алыс қонбапты. Екі ректордың де уәдесінің құны көк тиын болғанын көрген жас жеткіншек қазақ қоғамында әділдіктің бар екендігінен күдерін үзді…
Қыстың көзі қырауда ыстығының 40 градустан көтеріліп тұрғандығын елемей, бір күн сабақтан қалмай, тек «бестіктерге» ғана оқыған жас бүгінде ҚазҰУ-ді тәмамдады…
Қоғамдағы әділетсіздіктің әңгүдік таяғын аямай татқан осы жеткіншек күндердің-күнінде Жұмағұловпен немесе Мұтановпен жолы түйіссе, әділдіктің ақ жолын таңдай ала ма?!. Сонда біздің оқу орындары кімдерді тәрбиелеп жатыр?..
Әрине, біздің шенеуніктердің «ақталу» технологиясы бізге белгілі. Алдымен, студенттің аты-жөнін анықтайды, сосын, 20 жыл бойына «доценттіктен» құтыла алмай жүрген ортанқол оқытушыға «профессорлық» атақ беруге уәде етіп, әлгі студентті күстәналаған «Түсініктеме» жаздырып алады; одан әрі баласы, қызы немесе келіні, күйеу баласы ҚазҰУ-де оқып жатқан судьяға немесе журналистке хабарласып, «адал атын ақтап алу» жөнінде өтініш айтады…
Біздің «бармақ басты, көз қысты» жемқорлық қоғам шырмалған шырмауық тәрізді: мысалы, жалған сөйлеп, жалпымен бірге болсаң; өтірік өзеуреп, басшыға жағымпаздансаң, ең дұрысы, «күлшелі баланың» қылығымен басшыңның қалтасын қалыңдатып, мұртын майлып қойсаң – сенен артық талант, сенен асқан оқымысты жоқ…
Мұндай мәнсіз «мәміле», тексіз тәсіл мәңгілікке жойылуға тиіс…
***
Балабақша, мектеп, колледж, ЖОО – тәрбиенің нағыз кіндігі. Қазір тәрбиенің түп-тамырлы табиғатынан айырылап қалдық. Әрине, заман да, технологияда қарыштап барады, асығыс, жеткізер емес.
Бала мен жастар тәрбиесі жүйесіз, әлсіз, тапшы, нашар…
Сақалды жас жігітті «лаңкестік мүңкиді» деп күстаналаймыз, орамал тартқан бойжеткенді «бағыныштылық құрбаны» деп бағалаймыз, ал, Б.Жұмағұлов: «Сколько молодых людей с бородами и короткими штанами! Вы их видите в Астане, но, в последнее время их нет. Вопрос: может их вывезли куда-то? Ничего подобного! Эти молодые люди ушли в подполье: сбрили бороды, удлинили штаны, теперь их еще сложнее найти…» – деп, ентелеп, қоламсаға шоқ тастайды…
Жұмағұлов иманға бет бұрған әрбір жастың қасында бірге жүріп-бірге тұра ма екен? «Діни экстремизм» исламға ғана қатысты ма? Христиан тақырбастары мен будданың жалтырбастары, саны беймәлім сектанттар саябақта серуендеген бейбіт адамдар ма, сонда?!. Әсіресе, аса нәзік дін мен тәрбие мәселелерінде білмес белеске аттап баспаған абзал…
Сөз жоқ, адамдық арды, азаматтық адалдықты аттап өтпейтін текті тұлғалар да бар, арамызда… Қатары аз болса да, осынау тұрлаулы тұлғалардың арқасында қоғамымыз қирап қалмай, адамымыз айуанға айналмай, әзірге әупірімдеп сақталып тұр…
***
…Күні кеше Есеп комитеті Білім және ғылым министрлігін «18 млрд. теңгенің қаржысын түгімен жұтып, із-түзсіз талан-таражға салған…» деп айыптады. Ал, биылғы жылдың тоғыз айында, былтырмен салыстырғанда, жастардың арасындағы тіркелген қылмыстар саны 52,5 пайызға өскен…
Ұрпағымызды қайда бастап бара жатырмыз?!.
Қажымұқан ҒАБДОЛЛА