ҚҰРСАЙДА ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫ ДАМЫТУ ЖОСПАРЛЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛУДА
Шымкент қаласы Тұран ауданына қарасты Құрсай елді мекенінде бүгінде 20 мыңға жуық халық бар. Аталған елді мекенді сапалы инфрақұрылыммен қамту — басты міндеттердің бірі.
Осыған орай, қазіргі уақытта Құрсай елді мекенінде бірнеше нысанның құрылысы қарқын алған. Атап айқанда, Тұрбат, Шеңбертал, Таңбалы тас, Мәмешов тұйығы, Зайсан, Өскент көшелеріне асфальт салынды. Сонымен қатар, Сатқанбайұлы, Бекболатов, Құлантөбе, Құлантөбе өткелі, Әулиекөл, Егізтөбе көшелерінде құрылыс жалғасып жатыр. Сонымен қатар, Агрофирма Құрсай елдімекені Сарытау соңы, Ақбастөбе көшелеріне жол салу құрылысы жүруде. 2023 жылдың соңына дейін Құрсай елдімекені бойынша 40 көшеге 16,4 шақырым шағал тас төсеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған болатын. Бүгінде дейін 32 көшеге 15,2 шақырым шағал тас төсеу жұмысы аяқталды. Көшелерді жарықтандыру жұмыстары да назардан тыс қалмады. Бүгінгі күнге дейін Аққыстау және Қармақшы көшелері жарықтандырылса, Таңатар көшесін де жарықтандыру жоспарланған.
Сондай-ақ, ауыз су мәселесі жыл соңына дейін шешімін табатын болады. Шымкент қаласы әкімінің тапсырмасына сәйкес, бүгінде шағын аудандар мен елді мекендерді инфрақұрылыммен қамту жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асуда. Соның бірі Тұран ауданы аумағындағы Құрсай елді мекенінде тұрғындарды таза ауыз сумен қамтамасыз етуде 336,5 шақырым су құбыры жүргізілді. Құрылыс жұмыстарына жауапты – мердігер мекеме «Риголит» ЖШС. Дәл қазіргі уақытта жалпы ұзындығы 336,5 шақырым ауыз су құбырларының 99 пайызы жүргізіліп, халыққа су беру үшін жуып-шаю, залалсыздандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Құрылысы 2021 жылы басталған су жүйесін тарту жұмысы ІІ кезең бойынша жүзеге асырылған. Бірінші кезең – 185,5 шақырымды болса, екінші кезеңдегі су жүйелерінің ұзындығы 151 шақырымды құрайды. Аталған жұмыстармен қатар, елді мекенде жаңа құрылыс аумағына табиғи газ және электр жүйесімен қамтамасыз ету үшін ЖСҚ әзірленуде. Жобасы осы жылдың наурыз-сәуір айында аяқтап, құрылыс жұмыстарын 2023-2024 жылдары жүргізу жоспарланған.