ҚАРАТАУ АУДАНЫНЫҢ ҮЛГІЛІ ОТБАСЫЛАРЫ АРНАЙЫ МАРАПАТТАЛДЫ

69
0
Отбасы — тәрбиенің қайнар көзі. Отбасылық құндылықтарды дәріптеу — қоғам алдындағы басты міндеттердің бірі. Бүгін Қаратау ауданы әкімдігі ауданның қоғамдық-саяси өміріне белсене атсалысып жүрген отбасыларды арнайы құттықтады.
Оның ішінде, “Мерейлі отбасы” ұлттық байқауының 2023 жылғы аудандық кезеңі жеңімпаздары мен соңғы үш жыл көлемінде аталған байқауға белсенді қатысқан үлгілі 11 отбасы марапатталды. Олардың қатарында ұлттық спорт жанашыры Ахметбаевтар отбасы, ережесіз жекпе-жектен, самбодан әлем чемпионы Оспановтар отбасы, бокстан әлем чемпионы Жақыповтар отбасы, театр актерлары Кемелбековтер отбасы, паралимпиаданың бірнеше дүркін чемпионы Ешимовтар отбасы, ауған соғысы ардагері Қуатбековтер отбасы, әскери саладағы үздіктер Нарымбаевтар отбасы, көп балалы Оразовтар отбасы, үлгілі ұстаздар Есентаевтар отбасы мен белгілі қаламгерлер Орынбаевтар отбасы қала және аудан әкімі атынан арнайы марапатталды. Іс-шара барысында аудан әкімі Р.Мүлкеманов пен қалалық мәслихат депутаты А.Молдабек барша отбасыларды құттықтап, өз алғыстарын жеткізді. Сондай-ақ, аудан әкімі бұл іс-шара дәстүрге айналатынын жеткізді. Еске сала кетейік, Қаратау ауданының үлгілі отбасылары “Мерейлі отбасы” ұлттық байқауының қалалық деңгейінің 3 жыл қатарынан тұрақты жеңімпаздары атанып келеді. Айта кету керек, отбасы күні қарсаңында «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы лауреаттарын салтанатты түрде марапаттау рәсімі өтті. Жыл сайын өткізу игі дәстүрге айналған үлгілі отбасылар байқауы – елімізде жанұя құндылықтарының рөлін арттырып, отбасы мен некенің оң имиджін дәріптейтін ауқымды да маңызды оқиғалардың бірі. Конкурсқа 10 жыл ішінде Қазақстанның барлық өңірінен 20 мыңнан астам отбасы қатысты. Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрі, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрағасы Аида Балаева салтанатты шараның ашылу барысында байқау жеңімпаздарына Мемлекет басшысының құттықтауын оқыды. Онда «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпаздарын шын жүректен құттықтаймын! Бұл — төл құндылықтарымызды дәріптеп, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруға жол ашатын маңызды жоба. Әр аймақтары өнегелі отбасылардың байқауға белсене қатысуынан елімізде береке-бірлігі жарасқан құтты шаңырақ иелері аз емес екеніне көз жеткіздік. Олардың арасында белгілі бір мамандықты ата касіпке айналдырған азаматтардың көп болуы — қуантарлық жайт. Осындай үлгілі әулеттер қоғамда ұрпақтар сабақтастығын сақтауға ықпал етеді. Халқымызда «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген жақсы сөз бар. Отаншылдық, білімпаздық, еңбекқорлық, үнемшілдік, жанашырлық, әділдік сияқты «Адал азаматқа» тән қасиеттер, ең алдымен, отбасында қалыптасады. Әділетті Қазақстанды осындай жандар құрады. Мемлекет отбасы институтын дамытуға, ана мен баланы қорғау мәселесіне әрдайым айрықша назар аударады. Осы бағытта ауқымды істер атқарылып жатыр. Бұл жұмыс алдағы уақытта да жалғасын табады. Әр шаңырақтың ырысы артып, мерейі таси берсін! Баршаңызга зор денсаулық, бақ-береке тілеймін!» делінген.