ҚАЛА ӘКІМІ АБАЙ АУДАНЫНДА БОЛЫП, АТҚАРЫЛЫП ЖАТҚАН ЖҰМЫСТАРМЕН ТАНЫСТЫ

66
0
Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Абай ауданы тұрғындарымен кездесіп, елдімекендерде атқарылған жұмыстармен танысты. Аудан әкімі Бұхарбай Парманов ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткішін баяндап, алдағы жоспарларды жеткізді.
27 елдімекенде 257,7 мың халық тұрып жатыр. Сондай-ақ аудан аумағында 205 көпқабатты тұрғын үй, 230 әлеуметтік нысан орналасқан. Қазіргі таңда елдімекендердің біреуіне ғана ауызсу жеткізілмеген, ал сапалы жарықпен 92,5, табиғи газбен 85,2 пайыз қамтылған. Жыл соңына дейін ауданда су мәселесі толығымен шешіліп, келесі жылы шағынаудандардың электр қуаты және көгілдір газбен қамтылу көрсеткіші 100 пайызға жетеді. Ауданда жылу маусымына дайындық жұмыстары да кезең-кезеңімен атқарылған. Жоспарға сәйкес биыл елдімекендердегі 33 көше жарықтандырылған. Алдағы екі жылда қалған 60 көше жарық жүйелеріне толық қосылады. Биыл ауданда 3 750 орындық 5 мектеп пайдалануға беріледі. Ал 2024 жылы 2 900 орындық 5 мектептің, 2025 жылы 3 800 орындық 6 мектептің құрылысы жоспарланған. Есептік кездесуде тұрғындар инфрақұрылымды жақсарту, бейнебақылау қондырғыларын орнату, көшелерді жарықтандыруға қатысты сұрақтары мен ұсыныстарын айтты. “Барлық мәселелер кезең-кезеңімен ауданның даму жоспары аясында шешіледі. Халықтың өмір сапасын жақсарту бағытында шешімін күткен мәселе баршылық. Аудан тұрғындарынан заңсыз жер телімдеріне қатысты сұрақтар да жиі түсуде. Бұл шағымдар менің тікелей назарымда. Маған уақыт берсеңіздер, өздеріңізбен бірлесе отырып, туындап отырған проблемаларға қатысты оңтайлы шешім қабылдаймыз”, — деді қала әкімі. Сондай-ақ аудан және басқарма басшыларына халықтың талап-тілектерін назарға алып, көтерілген мәселелерді шешу бойынша нақты тапсырмалар жүктеді.