ЕР МІНЕЗДІ БОЛУ -ТӘРБИЕДЕН
Мирас Университетінде ұлдар кеңесі өтіп, ұлдар арасында тәрбие, ерлерге тән мінез туралы еркін басқосу болды.
Әр халықтың бала тәрбиесіндегі өзіндік ерекшеліктері арқылы мәдени құндылықтары қалыптасады. Ата-бабамыз ұл баланы ертеңгі абыройлы әке, қадірлі отағасы, елді қорғайтын ер, батыр, би, ақын, ұлттың намысты азаматы ретінде әділдікке, қайсарлыққа, кешірімді болуына, өнерге, білімге, салт-дәстүрімізді сақтауға тәрбиелеген. Ұл бала – қазақта шаңырақ иесі, ер-азамат – ата-ананың отын тұтатушы болып саналады. Ұлдар арасында өткен жиын да осы мәселелер айтылып, қазіргі таңдағы ер балалардың бейнесін талдау мақсатында жастар арасында отбасы құндылықтарын нығайтуға бағытталды. Іс шарада шекара басқармасының, уролог, психиатр-нарколог мамандары, қатысып, отбасы институты мәселесі талқыланды. Ұлдарымыз болашақ әке болатындықтан оларға зиянды әдеттерге жоламау, бойларына қазақ жігіттеріне тән тек жақсы қасиеттерді сіңіруді айтып өтті. Жігіт келбеті қандай болуы керек? деген сауалға ұлдар өз пікірлерін ортаға салды. Сондай ақ ұл балаларға салауатты өмір салтын қалыптастыруға көңіл бөлулеріне, ішімдік пен темекінің зияндығы жөнінде мәліметтер берілді, құқықбұзушылықты болдырмау және алдын алу жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Айта кету керек, жуырда «Авимед» көпсалалы колледжінің студенттері арасында отбасы құндылықтарын нығайтуға бағытталған «Қызым саған айтам» атты қыздар жиыны болды. Онда қыздар арасындағы ерте жүктілік, денсаулық, өмір қауіпсіздігі жайында маңызды ақпараттар берілді. Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының тапсыры аясында жиынға іскер әйелдер ассоциациясының төраймы, гинеколог, психолог маманы қатысып, студент қыздардың мазалаған сұрақтарына жауап берді. Қыз балалар бойында әдеп пен сыйластық, тазалық пен адамгершілік мәдениетін қалыптастыру, білімді де білікті қыз бала тәрбиелеуге бағытталған іс шарадан қатысушылар құнды тағылымды ақпараттар алды.