МАМАНДЫҚ ТАҢДАУ- МАҢЫЗДЫ ҚАДАМ
Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен Cаттар Ерубаев атындағы №24 IT мектеп-лицейінің «Болашаққа қадам» жобасы аясында жоғары сынып оқушыларымен кездесу өтті.
Мақсаты — жастарға кәсіби бағыт-бағдар беру, жас ұрпақты белгілі мамандықтың түрін меңгеруге бейімдеу, кәсіптік қызығушылығы мен бейімділігін және қабілеттілігін дамыту. Іс-шараға Alpha Academy Shymkent мектебінің директор орынбасары Зарина Қалиева мен профориентолог маманы Шерім Ұлдана қатысты. Спикерлер өзінің жеткен жетістіктерін баяндап, білікті және білімді сала маманы атану үшін мектепті жақсы бағаға аяқтап, өздеріңіз сүйген саланың маманы атану қажет екенін жеткізді. Сонымен қатар, ол балалар үшін арнайы әзірлеп келген, бағдарламалық слайдымен таныстырды. «Болашаққа қадам» жобасы жоғары сынып оқушыларына мамандық таңдауда бағыт-бағдар беруші жобалардың бірі болып табылады. Айта кету керек, бұған дейін М.Өтебаев атындағы жаңа технологиялар колледжінде ұлдар кеңесі өтіп, ұлдар арасында тәрбие, ерлерге тән мінез туралы еркін басқосу болды. Әр халықтың бала тәрбиесіндегі өзіндік ерекшеліктері арқылы мәдени құндылықтары қалыптасады. Ата-бабамыз ұл баланы ертеңгі абыройлы әке, қадірлі отағасы, елді қорғайтын ер, батыр, би, ақын, ұлттың намысты азаматы ретінде әділдікке, қайсарлыққа, кешірімді болуына, өнерге, білімге, салт-дәстүрімізді сақтауға тәрбиелеген. Ұл бала – қазақта шаңырақ иесі, ер-азамат – ата-ананың отын тұтатушы болып саналады. Ұлдар арасында өткен жиын да осы мәселелер айтылып, қазіргі таңдағы ер балалардың бейнесін талдау мақсатында жастар арасында отбасы құндылықтарын нығайтуға бағытталды. Іс шарада шекара басқармасының, уролог, психиатр-нарколог мамандары, қатысып, отбасы институты мәселесі талқыланды. Ұлдарымыз болашақ әке болатындықтан оларға зиянды әдеттерге жоламау, бойларына қазақ жігіттеріне тән тек жақсы қасиеттерді сіңіруді айтып өтті. Жігіт келбеті қандай болуы керек? деген сауалға ұлдар өз пікірлерін ортаға салды. Сондай ақ ұл балаларға салауатты өмір салтын қалыптастыруға көңіл бөлулеріне, ішімдік пен темекінің зияндығы жөнінде мәліметтер берілді, құқықбұзушылықты болдырмау және алдын алу жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Жиын соңында Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының студенттері алғашқы медициналық көмек көрсету бойынша шеберлік сабағын ұсынды.