ТЕХНИКАЛЫҚ РЕТТЕУ МӘСЕЛЕСІ ТАЛҚЫЛАНДЫ
Атамекен Өңірлік кәсіпкерлер палатасының алаңында РМК «Қазақстан стандарттау және метрология институты Техникалық реттеу жөніндегі үйлестіру орталығы, Шымкент қаласының әкімдігі, Техникалық реттеу метрология комитеті департамент өкілдерінің қатысуымен техникалық реттеу мәселелері бойынша көшпелі кеңес ұйымдастырылды.
Кеңесте Еуразиялық экономикалық одақтың техникалық регламенттері және техникалық реттеу саласындағы инновациялар бойынша қазіргі ахуал талқыланды. Сондай-ақ ғимараттар мен құрылыстардың, құрылыс материалдары мен бұйымдарының қауіпсіздігі туралы өзгерістер мен жоспарлар айтылды. Жиын барысында РМК «Қазақстан стандарттау және метрология институтының Түркістан облысы мен Шымкент қаласы бойынша директоры Сәкен Бейсеев өз баяндамасында жаңа регламенттерді айтып өтті. «Бүгінгі таңда техникалық реттеу ішкі нарықты реттеудің заңды механизмдерінің бірі, яғни экономиканы реттеу құралы болып табылады. Техникалық реттеу қауіпсіздікті қамтамасыз ету міндетін шеше отырып, нарыққа, жекелеген кәсіпорындар мен салалардың бәсекеге қабілеттілігіне, сондай-ақ халықаралық саудаға айтарлықтай әсерін тигізеді. Заманауи бизнесті жүргізу заманауи тәсілді талап етеді. Әсіресе бұл өзекті болған құрылыс саласына қатысты. Балалар алаңдарының қауіпсіздігі мен талапқа сәйкестілігіне байланысты регламенттер аталып өтті. Тұрғын үйдің қауіпсіздігі мен оның беріктігі құрылыс материалдарының сапасына байланысты. Кәсіпкерлерге мұнан басқа, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі бекіткен «Ғимараттар мен құрылыстардың, құрылыс материалдары мен бұйымдарының қауіпсіздігі туралы» Техникалық регламенттің талаптары түсіндірілді» – деді С.Бейсеев. Кеңес барысында құрылыс компанияларының өкілдері, құрылыс өнімдерін сатушылар үшін техникалық реттеу, өнімді айналымға шығару кезінде өлшем бірлігін қамтамасыз ету, сәйкестікті бағалау, стандарттау саласындағы аккредиттеу, бағалы металдар мен асыл тастарды сату кезіндегі заңнама талаптары туралы айтылды. Сондай-ақ кәсіпкерлік субъектілерін қызықтыратын мәселелер де талқыланып, сауалдарға жауап алынды.