ЕУРОКЕҢЕС БАСШЫСЫ МЕРТ БОЛҒАН ГАЗА ТҰРҒЫНДАРЫНА ҚАТЫСТЫ МӘЛІМДЕМЕ ЖАСАДЫ

572
0

«Газа секторында гуманитарлық көмекті тағатсыздана күтіп отырған бейкүнә тұрғындардың кешегі өліміне қынжылдым». Еуропалық кеңес басшысы  Шарль Мишель осындай мәлімдеме жасады.

«Халықаралық құқық қос стандартқа жол бермейді. Дереу тәуелсіз тергеу жүргізіп, кінәлілерді жауапқа тарту керек», — деді еуропалық саясаткер.

Мишельдің айтуынша, БҰҰ БАПОР (UNRWA) сияқты мамандандырылған агенттіктер ұсынатын гуманитарлық көмекті жеткізуге мүмкіндік беру үшін атысты шұғыл тоқтату қажет.

Айта кетейік, бейсенбі күні Газа қаласында гуманитарлық көмек күтіп тұрған жүздеген палестиналыққа Израиль әскері оқ жаудырды. Салдарынан 100-ден астам адам қаза тауып, 700-ге жуық адам жарақат алды.