ТҮРКІСТАНДА «ҚАЗАҚ ТІЛІ – ҒЫЛЫМ ТІЛІ: ДӘСТҮР ЖӘНЕ ИННОВАЦИЯ» СИМПОЗИУМЫ ӨТІП ЖАТЫР

883
0
Түркістанда «Қазақ тілі – ғылым тілі: дәстүр және инновация» симпозиумы өтіп жатыр. Пленарлық отырысқа ҚР Ғылым және Жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Ұлттық құрылтай мүшесі Дархан Қыдырәлі, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының басшысы Рауан Кенжеханұлы, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының вице-президенті Асқар Жұмаділдаев және өзге де зиялы қауым өкілдері, қоғам мен мәдениет қайраткерлері, жоғары оқу орындарының ректорлары, ғалымдар мен оқытушылар, білім беру жүйесінің басшылары, докторанттар, магистранттар және студенттер қатысты. Іс-шарада университет ректоры Жанар Темірбекова модераторлық етті.
Симпозиумда алғашқы құттықтау сөз сөйлеген ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек басқосудың мән-маңызына тоқталды.
– Қазіргі таңда кез келген тіл сақталып қалуы үшін цифрлық технологиялардың әлеуеті болуы керек. Осы тұста министрлік алдында үлкен міндет тұр. Сол себепті алғашқы симпозиумды «Дәстүр және инновация» деп атадық. Біріншіден, дәстүр жағынан қалыптасқан тарихи, орфографиялық, орфоэпиялық мәдени мұрамызды сақтап қалуымыз керек, екінші жағынан біз инновацияны дамытып, өз тілімізде алгоритимді қалыптастырмасақ, ұлттық лингвистикалық жүйеге келтірілген цифрлық форматтағы жүйелерімізді пысықтамасақ онда, шын мәнінде де тіліміздің болашағы мүшкіл. Біз қазіргі таңда күнделікті чат-боттар, SIRI арқылы адам емес, цифрлық тұлғалармен коммуникация құрып жатырмыз. Сондықтан лингвистика саласында жаңа көкжиектер, жаңа тақырыптар ашыла бастады. Осы мүмкіндіктерді қолдана білуіміз керек, – деді министр.
Ал ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Ұлттық құрылтай мүшесі Дархан Қыдырәлі ҚР Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаевтің арнайы құттықтау хатын оқып берді.
Симпозуимда сөз алған Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев облыс әкімінің атынан келген қонақтарға алғыс білдіріп, бүгінгі шараның Түркістан үшін үлкен мәртебе екен жеткізді.
– Ғылым – елдің барлық бағытта дамуының нақты кепілі. Қазақ тілі қазақтың ғана тілі емес, барша қазақстандықтардың басын біріктіретін ұйымдастырушы тіл, ғылым мен техниканың, мемлекетті басқару мен заң тіліне де айналып келеді. Бүгінгі жиынның маңыздылығын ескеріп, тарихы терең киелі өңірдің төрінде ұйымдастырған білім ордасына алғысымызды білдіреміз, – деді.
Пленарлық отырыста тіл мәселесін қоғам алдында көтеріп жүрген ғалымдар өзекті баяндамалар жасап, қазақ тілінің ғылым тіліне айналу мәселелерін талқылады.
Симпозиумның басты мақсаты – ғылым салаларындағы ұлттық мазмұнның сапасы мен деңгейін бағалау және келешекте даму жолдары туралы ұсыныстар тұжырымдау. Сонымен қатар ғылымның саяси-құқықтық мәселелерін, ұлттық мазмұнын нығайту тұрғысында қарастыру, ғалымдар, ғылыми кадрлар дайындаудағы ғылым мен білім беру аралығындағы арақатынас проблемаларын талқылап, ұсыныстар енгізу, ғылыми тәуелсіздік, ғылым және қазақ тілі мәселелерін жан-жақты талқылау болып саналады.
Айта кетейік, республикалық симпозиум ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі, Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университет,і ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясы ұйымдастыруымен өтіп жатыр. Екі күнге созылатын басқосуда ғалымдар 6 секция бойынша баяндамалар жасап, ой-пікір алмасады.