СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚ ТАҚЫРЫБЫН ӘКІМДІК МАМАНДАРЫ ТАЛҚЫЛАДЫ

873
0

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес – мемлекетіміздің бірден-бір қолға алған басты жұмыстарының бірі. Оның алдын алу үшін көптеген іс-шаралар қолданылып келеді. Бүгінде, жасыратыны жоқ, мемлекеттік қызметте қазына қаржысына өз меншігіндей қарайтын азаматтар шығып жатады. Әйткенмен қылмыстың өтеуі жаза екенін талай шенді көрді, білді. Бұл ғана емес, бұрындары пара беру қалыпты құбылыс секілді көрінсе, қазір қоғамның құқықтық сауаты артып келеді. Мемлекеттік қызметті тегін, сапалы алу үшін әр азамат өз құқықтарын айна-қатесіз білуі тиіс.

Бұл ғана емес, мемлекеттік қызметкер де өзінің құқықтары мен міндеттерінен хабардар болуы қажет. Жалпы жемқорлық сынды қоғамдық індеттің мемлекетке тигізер зияны орасан. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде «Өкінішке қарай, сыбайлас жемқорлық әлі де біздің қоғамның ауыр дерті болып отыр. Сыбайлас жемқорлық мемлекеттердің көпшілігінде бар. Қазақстан да одан сырт қалған жоқ. Онымен қалай күресіп жатыр немесе қалай әшкерелеп отыр – ол басқа мәселе» деген болатын. Тиісінше, ел Президенті тарапынан тиісті тапсырмалар беріліп, қажет шаралар қолға алынып келе жатыр. Жер-жерде түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Заң талаптары түсіндіріліп жатыр. Мәселен, өткен аптада Түркістан қаласы әкімдігінің Әдеп жөніндегі уәкілі Талғат Алпысбайұлы қала әкімі аппаратының Заң бөлімінің басшысы Сабыржан Абылайханұлы Садуақаспен бірге «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы заңнаманың және Әдеп кодексінің талаптарын сақтау мәселелері бойынша» консультациялық көмек көрсету мақсатында Қала әкімдігінің қызметкерлерімен бірге кездесу өткізді.

Кездесуде сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулер туралы және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасағаны үшін қылмыстық және әкімшілік жауаптылық тартылған қызметшілер туралы сөз қозғалды. Келелі жиын мереке күндері алдында болғандықтан, жалпыға бірдей қабылданған моральдық-әдептілік нормаларын ұстану және қызметтік әдеп нормаларын бұзуға жол бермеу туралы түсіндіру жұмыстары да  жүргізілді. Айта кету керек, сыбайлас жемқорлықпен пәрменді күресу үшін халықтың құқықтық сауатсыздығын жоятын, құқықты түсіндіру жұмысының деңгейі мен сапасын арттыру керектігінің маңызы зор. Халық өз құқығын, өздеріне қарсы қандай да бір құқыққа қайшы іс-әрекет жасалған жағдайда қандай іс-қимыл қолдану керектігінің нақты жолдарын толық білулері қажет. Конституциялық тәртіпті қорғау, сыбайлас жемқорлықпен күрес аясында тиімді, бірыңғай жалпы мемлекеттік саясат жүргізу, мемлекет пен азаматтардың өмір сүруінің барлық салаларында сыбайлас жемқорлық пен оның көріністері деңгейін төмендету, қоғамның мемлекетке және оның институттарына сенімін нығайту бүгінгі күндегі басты мақсат болып отыр. Сәйкесінше, осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстардың ауқымы кең. Заң талаптары әуелі мемдекеттік қызметкерлерге, сонымен қатар қарапайым халыққа кеңінен түсіндіріліп жатыр. Мұндай кеселді түйінмен күрестің ұзақ уақытта созылары белгілі. Өйткені қоғамдық санаға шырмалған түсініктердің ыдырап, жаңа, адам құқығы ескерілетін, басты орынға қойылатын қоғамға жетуге жылдар қажет болуы бек мүмкін.